9.07.2026, 16:00
Оқылды: 20

Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтады

Бүгін Алматы қаласында белгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісін ресми түрде бастау рәсімі өтті.

_gluster_2026_7_9_8075ce97a23e5a3c1860f16026fb2286_1280x720

Салтанатты іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.

Үкімет басшысының орынбасары Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді Аида Балаева.

Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелесті. Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерді тарту етті.

_gluster_2026_7_9_fa9ca7687372a7231be4f3a8c57d7dce_1280x720

Іс-шара соңында қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсті. Осылайша фильм өндірісінің ресми басталғаны айшықталды.

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы және гонконгтық Billion Target компаниясы айналысады.

Фильм түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.

_gluster_2026_7_9_44ebefad43cb49f393942262e30eadc9_1280x720

Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік тұрғыдан маңызды. Оның жүзеге асырылуы еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға ықпал етеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале