27.05.2024, 16:00
Оқылды: 115

Айгүл Түркина: «Бірлігі күшті ел үшін алынбайтын қамал жоқ»

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық  әпсанасы. Ежелден бірлікті тірлігінің арқауы еткен қазақ берекенің бастауын ынтымақтан іздеген. Тарихи шегініс жасап, өткенге көз жіберсек, егеменді еліміздің қарышты дамуы, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезе теңестіруі бірліктің, сол бірлік арқылы келген тұрақтылықтың арқасы екенін ұғамыз. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы туралы сөз болса, ең әуелі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ойға оралуы да заңдылық. Республикада тұратын барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтау мақсатында құрылған бұл орган қазір дамудың жаңаша бағытына түсіп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде нақты айтып берді. Кешегі ел басына түскен табиғаи апат кезінде де БҚО түрлі этнос өкілдері бір ксідей жұмылып еңбек етті. Біз қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің жетекшісі Айгүл Түркинаны әңгімеге тарттық.

туркина

Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады.

Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Ассамблея жұмысына ерекше баға берді. Айгүл Серікқызы, Біздің өңірдегі Ассамблеяның қазіргі мақсаты, миссиясы қандай? Өңірде қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!

Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады.

Ассамблеяның жалпы мақсаты, әдетте, белгілі бір мәселелер бойынша маңызды шешімдерді талқылауға және қабылдауға, сондай-ақ мәселелерді бірлесіп шешуге және әртүрлі тараптар мен топтар арасында платформаны қамтамасыз ету болып табылады. Ассамблеяның миссиясы көбінесе нақты мақсаттарға жетуді немесе белгілі бір мәселелерді шешуді қамтиды.

Мысалы, Ассамблеяның миссиясы заңдарды әзірлеуге және қабылдауға, жаһандық мәселелерді талқылауға, басқару жүйесін реформалауға немесе белгілі бір құндылықтар мен идеалдарды ілгерілетуге бағытталуы мүмкін.

Жалпы, Ассамблеяның миссиясы ортақ мақсаттарға жету және маңызды мәселелерді шешу үшін диалог, ынтымақтастық алаңын қамтамасыз.

Бүгінде Ассамблея жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бәрі барша халқымызға ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға арналған. Ассамблея волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуда. Соның арқасында қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы орныға түсті. Жастармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметі орасан зор. Кешегі елімізде болған су тасқыны кезінде Достық үйінде «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пункті Ассамблея жастарының бастамасымен ашылып, бүгінгі күнге дейін тоқтаусыз жұмыс жасап келеді.

Айгүл Серікқызы, Президент Ассамблея алдына жаңа бағыт қойып отыр. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Мемлекет басшысы:

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.

Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», - деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында көптеген жаңа бағыт қойды.

Бірінішіден,  Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.

Екіншіден,  Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде.

Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр.

Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады.

Үшіншіден,  Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек.

Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды.

Президент «Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі» деп су тасқыны кезіндегі Ассамблея атқарған жұмыстарға жоғары баға берді. БҚО-да көп этносты өңір. Су тасқыны кезінде қандай жұмыстар атқарылды.

- Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пункті 2024 жылдың 28 наурызы күні Орал қаласындағы Достық үйінде Ассамблея жастарының бастамасымен ашылды. Өздеріңіз көріп отырғандай біз Достық үйі ғимаратының бірінші қабатынан қабылдау пункті үшін арнайы кабинет бөлдік. Сонымен қатар, Ассамблея жастарының ұсынысымен Қабылдау пунктіне келген гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін жауапты тұлғалар белгіленді. Сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін толассыз жұмыс жасап келеміз.

Қабылдау пунктіне келген гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін жауапты: «Respublica» партиясының БҚОФ ресми өкілі - Дулат Мақатов, БҚО ҚХА «Бірлік» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі - Элгун Джаналиев пен ҚХА «Ассамблея жастары» БҚОӨ төраға орынбасары – Саясат Жарасов.

Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысын ұтымды ұйымдастыру үшін біз облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен, облыстық төтенше жағдайлар департаментімен және барлық мемлекеттік ұйымдармен өзара бірігіп, тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз.

Сонымен қатар біз күн сайын республикалық ҚХА штабымен күнделікті байланыстамыз. Барлық облыстық штабтардың координаторларымен өте тығыз байланыстамыз. Соның арқасында біз қандай тауар қайда жол жүреді, бізге қашан келеді деген сияқты сұрақтардың нақты жауабын біліп отырамыз. Бұл бізге өте жақсы көмектесіп отыр, өйткені қандай да бір тауарға қажеттілік болған кезде біз оларға тікелей шыға аламыз.

Бірінші күннен бастап су басқан аудандармен тікелей байланыс орнаттық. Осылайша біз оларға не қажет екенін нақты біліп отырдық. Аудандарға гуманитарлық жүк әкеле жатқан кезде де үнемі байланыстамыз, жүкті қарсылау, орналастыру, тарату үшін күні түні сөйлесіп отырмыз. Кейде аудандардан қалаға көлік келеді, ол кезде де жүк машинасын толтырғанша күтпей, шұғыл қажет тауарларды келген машинамен де жеткізе береміз. Осы өзара байланыс бізге су тасқынынан зардап шеккен адамдарға нақты және қажетті көмекті беруге мүмкіндік жасап отыр.

Біздің қатарымызда, бізбен бірге жұмыс жасап жүрген өңіріміздегі «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымы, «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры, «Аманат» партиясы, «Respublica» партиясы БҚОФ, Жастар ресурстық орталығы, Азаматтық альянс сияқты ұйымдардың жастары, еріктілері бар.

Су тасқынына байланысты қиын жағдайға душар болған жерлестерімізге алғашқы гуманитарлық көмек көрсету бастамасын, Ассамблея жастары көтерген бастаманы Этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар және Аналар кеңестері өкілдері, Ассамблея жастары сияқты БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қоғамдық ұйымдар және қала тұрғындары да қолдады.

Ел басына күн туған кезде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осы игі істен тыс қалмай, ел болып жұмылып көмек көрсетіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш.

Қай өңірлерден қандай көмек келді? Гуманитарлық көмекті қай өңірлер жіберді?

- Осы кезге дейін бізге тек облыс аумағынан емес, қала ішінен емес, тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, көмек көрсеткісі келетіндердің саны артты. 2024 жылдың 28 наурызы мен 29 сәуірі аралығында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қабылдау пункті мен қоймасына 12 үлкен жүк көлігі келді. Осы күнге дейін Шымкенттен 3 фура, Алматыдан 4 фура, Түркістаннан 5 фура, барлығы 12 фура гуманитарлық жүк келді. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 255 тонна 812 кг құраса, жалпы сомасы - 286 740 160 млн теңгені құрады. Мұның ішінде азық-түлік, жеміс пен көкөніс, дәрі-дәрмек, санитарлық-гигиеналық құралдар, алғашқы керек-жарақ, киім-кешек, тұрмыстық заттар, шаруашылық, құрылыс және басқа да тауарлар бар.

Қала тұрғындарының көмек көрсетудегі белсенділігі туралы бөлек атап өту керек. Қабылдау пункті ашылған күннен бастап естіп, білген қала тұрғындары толассыз келіп жатыр. Күн сайын су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек қажет екенін сұрап көптеген қалалықтар хабарласып жатыр. Қала тұрғындарына жерлестеріміздің қиындығына немқұрайлы болмағаны үшін алғыс айтқымыз келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен-жүрекке» арнайы жобасы аясында БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы, Ассамблея Жастары, Достық үйінің қызметкерлері де өз көмегін көрсетті. БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұжымының қызметкерлері де бір күндік жалақыларын аударды.

Бұл жастардың бастамасы болғанмен біздің ұжым бұл істен тыс қалып жатқан жоқ, жастармен бірге кіші қызметкерлерге дейін осы гуманитарлық жүкті жинау, бөлу, тиеу, түсіру сияқты жұмыстардың басы қасында жүр. Тағы бір команда осы жасалып жатқан істің уақтылы және тез әлеуметтік желілерде жариялануын қамтамасыз етіп отыр. Ұжымның әрбір мүшесіне, бастама көтерген жастарға алғысымды білдіремін.

Айгүл Серікқызы, су тасқыны кезінде облыстық Ассамблея ғимараты құдды бір көмек блеру орталығына айналып кеткендей болды. Көмекке мұқтаж жанның бәрі сіздерге қарай ағылды. Азық-түлік, киім-кешек дегендердерді қалай бөлдіңіздер, алмай қалып дау шығарғандар болған жоқ па?

- Жиналған көмекті зардап шеккен азаматтардан алдын ала қажеттіліктерін сұрап біліп, осыған сәйкес аудандарға жолдап отырмыз. Ол елдің бәріне тең бөлінетін көмек. Алмай қалдым деген жоқ.

Бүгінгі күнге дейін жиналған гуманитарлық көмек Сырым ауданына 5 рет, Қаратөбе ауданына 6 рет, Бөрлі ауданына 6 рет, Теректі ауданына 1 рет және Бәйтерек ауданына 4 рет, Ақжайық ауданына, «Мейірім» облыстық мамандандырылған бөбектер үйіне, «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» ММ-не, Орал қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен эвакопункттерде уақытша орналасқан тұрғындарға жөнелтілді. Одан бөлек өз өтініштері бойынша су тасқынынан зардап шеккен 350-ден астам отбасыға гумнитарлық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар Н.А. Кулешов «Энергетик»,  Е.В.Корицкая «Ромашка», И.В.Бычинына «Урожайный», Л.Г.Максимова «Коммунальник», «Мелиоратор»,  «Урожайный 206 участок», Исмурзина 2,3-саяжай, А.Н.Сабыр 1-саяжай «Ёлочка» бау-бақша қоғамы, А.Р.Джулумов 2-саяжай «Энергетик ТЭЦ» саяжай бңрлестіктеріне, З. Шканова «АНА ҮЙІ»,  Д.Д.Калякина «Мейірім» балалар үйі, М.Сатангалиев «Орал Сервис» техникалық колледжіндегі эвакуациялық пункті, Гүлфайруз Уалиахмет «Еріктілер-07», Н.Е.Есказиев Назарбаев 218/2, А.Өкшебаев №2 Жәңгір хан, 49  мекенжайында орналасқан эвакуациялық пункттеріне жеткізілді.

Ораза айында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды эвакопункттерге орналастыруға  көмектесіп, алдыңғы шепте жүрген жастарға және қиын жағдайға душар болған эвакопункттерге уақытша орналасқан жерлестерімізге көмек пен қолдау көрсету мақсатында ауызашар дастарханы жайылды.

Ассамблея құрамында қанша кәсіпкер бар? Олар кешегі су тасқынында қандай көмек көрсетті?

- Кәсіпкерлерді Ассамблея құрамында деуге келмейтін шығар, алайда Ассамблея жастарының белсенді мүшелері, гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін жауаптылардың бірі «Respublica» партиясының БҚОФ ресми өкілі Дулат Мақатов тек облысымыздағы ғана емес, еліміз бойынша «Respublica» партиясының құрамындағы кәсіпкерлерді осы игі іске жұмылдырды. БҚО ҚХА «Бірлік» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі Элгун Джаналиев қаладағы ірі, шағын және орта кәсіп иелерінің басын біріктірді. Яғни, облысымыздың аумағында тұратын барлық кәсіпкерлер түрі, түсі, ұлты мен дініне қарамастан өз қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, қабылдау пунктіне гуманитарлық көмек жеткізді. Нақты атап айтар болсақ, «Sun City» құрылыс компаниясы, «Respublica» партиясы БҚОФ, «Белес» ЖШС, «Іскер әйелдер» қоғамы, «СКФ Отделстрой» ЖШС, «Элион» клиника стомотологиясы, «New tex», Белорус орталығы, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ, «ART STROY SERVİS 07», Яндекс. Жеткізу, «ИнвестПроджект» ЖШС, «Фаберлик» компаниясы, «Орал сүт зауыты», «Сулейменова» ЖК, «UR7» дүкені, «Медет Орал» ҚҚ, «AVC Group» компаниясының Атырау қаласындағы филиалы, «Балаган» ШҚ, «БатысДостау» ЖШС, «Мир Инструментов» дүкені, «MSC Mangystau Service Company» ЖШС, «MetroCompany» ЖШС, «МедИнвестГрупп Казахстан» ЖШС, «Арман құрылыс» ЖК, SBS GRUP» ЖК дүкен, «Petro-Unit» ЖШС, «Salut Orto KZ» ЖШС.

Айгүл Серікқызы, әңгімеңізге рақмет!

Айта кету керек, кеше ғана 14 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында «БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі өңір меценаттарын, Ассамблея өкілдерін, облыс еріктілерін, азаматтық белсенділерді және су тасқынына қарсы күресте белсене атсалысқандарды салтанатты түрде марапаттады. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысқан, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға гуманитарлық көмекті жинап, жеткізуге атсалысқандардың барлығына – еріктілерге, Батыс Қазақстан облысының коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлеріне алғысын білдірді.

- Бүгін біз қиын сәтте отандастарымызға көмек қолын созған нағыз батырларды құрметтейміз, - деді «Қоғамдық келісім» басшысы Айгүл Түркина.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету тарихы қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымақтастығының жарқын мысалы ретінде ел шежіресіне енеді.

 

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале