29.11.2024, 22:00
Оқылды: 31

«Айналайынның» айналайындары марапатталды

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде Тәуелсіздік күні қарсаңында «Айналайын» шығармашылық байқауының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. «Айналайын» шығармашылық байқауы және «Темір бүркіт» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен салтанатты шараға балғын тілшілер мен олардың ұстаздары, ата-аналары қатысты.

IMG-20241129-WA0056Суреттер авторы: Мәди Салық

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Аманкелді Шахин, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолда бастаған шақырулы қонақтар кішкентай қаламгерлерді құттықтап, сәттілік тіледі.

IMG-20241129-WA0057

– «Орал өңірі» газеті қаламға құштар балғындармен 2002 жылдан бері шығармашылық байланыс жасап келеді. Ең алғаш «Шымыр жаңғақ» деген атпен шыққан арнайы бет оқырмандар қатары көбейгелі «Айналайын» болып өзгерді. Бүгіндері облыстық газетпен тығыз байланыс орнатып, шығармашылығымен көзге түскен «Айналайынның» айналайындарының алды ата-ана атанып үлгерді. Біз жыл сайын «Айналайын» арнайы бетіне шығармашылық жұмысын жолдаған өрендердің арасынан үздіктерді анықтайтынбыз. Биыл ауыл жанындағы көлшіктен тұншығып жатқан мыңдаған шабақты құтқарған батыр балалар туралы жазылған мақаладағы екі кейіпкер оқушыны да үздіктер қатарына қостық. Айналасына мейіріммен қарап, елгезектік танытқан балалар – бүгінгі күннің батырлары, – деп атап өтті Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

IMG-20241129-WA0060

Тәрбиелік мәні зор тағылымды шарада алыс-жақын аудан-қаладан келген он жас қаламгер марапатталды. Олардың қатарында Оралдық Ақылжан Каздуков, Кәусар Әмір, Елдана Халық, бәйтеректік Әйгерім Ибатова, Аяжан Болат, теректілік Санжар Русланұлы, Нұрқанат Сырым, оралдық бөрлілік Айсезім Насиполла, казталовтық Нұрәлі, Нұрәділ Тілекештер бар. Бұл күні кішкентай қаламгерлерге 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық, кітап, спорт құралдары және тәттілер сыйға берілді.

5

Әдемі кеш соңында қауырсын қалам иелері танымал тұлғалармен естелік суретке түсіп, өздеріне арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татты.

IMG-20241129-WA0052

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале