Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың «Айналған мәңгі жалынға» атты естеліктер жинағының таныстырылымы өтті.
Аталған кітапта Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова жайлы естеліктер және 1944-2020 жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар топтастырылған.
Іс-шара барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев қажырлы еңбекпен кітапты құрастырып шыққан кеш иесіне алғысын айтты.
– Бұл кітаптан қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы біраз тың деректі оқып отырмыз. Жалпы қазіргі кезде әскери-патриоттық тақырыптарды кеңінен қозғап, сол бағытта ізденіп жүрген жазушыларымыз сирек. Осы уақытқа дейін ел білмейтін деректерді архивтен алып шығып, дер кезінде көтеріп, көзі қарақты оқырманның назарына ұсынып жүрген Ахмедияр Қуанұлының еңбегі зор. Бір кітапқа жүк болған еңбектерді саралау, көз майын тауысып қарау, зерделеудің оңай жұмыс емес екені белгілі. Тіпті бұл мақалаларды жылдар бойы жинап, шаң басқан архивтердегі мәліметтерді қайта сөйлетудің өзі автордың табандылығын танытып тұрғандай. Кітаптың тұсаукесері құтты болсын, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.
Ардагер ұстаз Қарлыға Мақсотова мен Оралдағы М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің директоры Шынар Сағынғалиева жаңа кітаптың тұсауын кесті. Қадірлі қонақтар авторға ізгі тілектерін айтып, осынша еңбек атқарғанына ризашылықтарын білдірді. Әрі қарай Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған өлеңдерді мәнерлеп оқып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Кеш барысында кітаптың қазіргі уақыттағы маңызы, кейінгі буынға берер тәрбиелік мазмұны және құрастырылуы турасында алуан пікірлер айтылды. Мәселен, еңбек ардагері, журналист Тихон Әліпқали бұл жинақпен мақсатты түрде айналысып, үлкен еңбек етіп шығарған авторға алғысын айтып, кітаптың техникалық жағдайында қателіктері барын ашық айтты.
Кеште халықаралық «Junior Eurovision» ән байқауының қатысушысы (Париж), «Қазақстан дауысы балалар – 2022» тележобасының финалисі, халықаралық «Славянский базар» байқауының лауреаты Әлинұр Хамзин және дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Әлижан Тұрғали ән шырқап, қатысушыларға көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ҚР Мәдениет саласының ардагері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Сара Танабаева, «Дана» ғылыми орталығының жетекшісі, өлкетанушы Жантас Сафуллин және ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, ақын Нұрлан Сәдір жинақ жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, автордың ізденісіне, шығармашылығына сәттілік тіледі. Іс-шарада ҚР Ішкі істер министрлігі М. Есболатов атындағы академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, запастағы полиция полковнигі Талғатбек Құлтаевтың Алматы қаласынан жолдаған бейнеқұттықтауы көрсетілді.
Кеш соңында Орал қаласындағы М. Мәметова музей-үйінің директоры мен кітаптың авторы Ахмедияр Батырханов жинақты құрастыру барысындағы жұмыстарға тоқталып, іс-шараға жиналған азаматтарға алғысын айтты.
Аманжол Исламғали,
Фото: Мәди Салық
«Орал өңірі»