22.01.2024, 17:15
Оқылды: 35

Айшықты істердің ордасы – «Атамекен»

Осыдан екі жыл бұрын Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде айрықша архитектуралық үлгідегі «Атамекен» өнер ордасы қолданысқа берілді. Тұңғыш Президент алаңында бой көтерген үш қабатты сәулетті ғимарат «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялары есебінен салынды. Жобалық құны – 9,5 миллиардқа жуық теңге. Құрылысты - «Альтаир» ЖШС жүргізген.

atameken1

Сәні мен салтанаты келіскен жаңа «Атамекен» өнер ордасының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкімет мүшелері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев және Астана, Алматы қалаларының, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының делегациялары қатысты.

Сонымен қатар өткен жылы өңірімізге іссапармен келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» өнер ордасында болып, аймаққа еңбегі сіңген азаматтармен кездескен еді.

Жалпы ауданы 20 мыңға жуық шаршы метр болатын ақшаңқан сарайдың акт залы 926 адамға есептелген. Ал сахнасы неміс және француз акустикалық һәм жарық-техникалық жабдықтарымен жарақталған. Қажет кезінде автономды электр қуатын қосып, қызмет көрсете беретін, сурет галереясы, түрлі үйірмелер шоғырланған сәнді сарайдың ауа алмастыратын құбырының ғана ұзындығы 20 шақырымға жетеді. Рим стиліндегі алып колонналар, тра­вертин, гранит, мәрмәр сынды қымбат тастармен өңделген еден мен қабырғалар ерекше әсерге бөлейді. Жылы автотұрағы, көрерменге және өнерпаздарға арналған кафесі, 50 және 25 адам сиятын мәжіліс залдары, 36 адамдық конференц-залы, толып жатқан қызметтік бөлмелері бар алып ғимаратты күрделі кешен десе жарасады.

 

Жастар шығармашылығы орталығының жаңа дәуірі

 

Көз сүйсініп, көңіл тоятын «Атамекен» өнер ордасы Ақ Жайық өңірінің мәдениеті мен өнеріне үлкен серпіліс әкелді. Әсіресе, жаңа ғимаратқа қоныс аударған облыстық Жастар шығармашылығы орталығының жаңа дәуірі басталып кетті. Екі мекеменің ендігі тарихы егіз өрілмек.

Айта кетсек, Жастар шығармашылығы орталығы 2002 жылдың желтоқсан айында құрылған болатын. Орталықтың ашылуына өңіріміздің сол кездегі бірқатар зиялы қауым өкілі мұрындық болды. Олардың ішінде Мақсот Омарғалиев, Айдар Батырханов, Светлана Анищенколар бар еді.

Жылдар жылжып, күндер сырғып аққанмен Жастар шығармашылық орталығы, тынымсыз еңбек, тың ізденістердің арқасында шығармашылық әлеуеті жоғары ұжым болып қалыптасты. Жастарға жаңа серпін беріп, талаптарын шыңдады, қанаттарын қатайтты. Жайық өңірінің жарық жұлдыздары Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, Дәуренбек Мерғалиев, Дәурен Сейітжанов, Ербол Ақбасов және тағы басқа әншілердің маңдайын жарқыратты.

 Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Жастар шығармашылығы орталығының жұмысын алға бастырып, ұжымды бірлікке жұмылдыра білген басшылардың еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, әр жылдары директор болған Роза Давлетова, Мақсот Омарғалиев, Сырым Аманғалиев, Бауыржан Халиолла, Медет Қуанышев, Марат Қалиев секілді тұлғалар осынау орталықтың беделін көтеруге арналған іс-шаралардың бел ортасында жүріп, өз қолтаңбасын қалдырды.

бауыржан

2023 жылдың 12 қазан күні облыстық Жастар шығармашылығы орталығының, яғни «Атамекен» өнер ордасының директоры лауазымына Бауыржан Халиолла тағайындалды. Бұған дейін Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығын абыройлы басқарған Бауыржан Ергенұлы «Атамекенде» де тынымсыз еңбек, жүйелі жұмыс істейтінін әп дегеннен байқатып, белді бекем буды. Еңбекқор әрі талапшыл басшы еңселі өнер ордасының жұмысын жандандырып, жан-жақты жолға қойып, тынысын кеңейтуге бар қажыр-қайратын жұмсамақ. Ол енді бөлек әңгіме...

Сапа және бірізділік

«Атамекен» өнер ордасында облысымыздағы ең ірі концерт залы орналасқан. Концерттік зал заманауи цифрлық дыбыс және жарық аппаратурасымен жабдықталған. Өнер көрсетуге сахнаның талапқа сай сан қырлы мүмкіндіктері қарастырылған. Әртістерге сахнаның сыртында да жан-жақты жағдай жасаулы. Мекеменің негізгі сипатына орай әмбебап дайындық залы, бет әрлеу бөлмелері, әртістер бөлмелері, киім бөлмесі, киім қоймасы, декорациялар шеберханасы және тағы басқасы қосалқы бөлмелері бар. Сондай-ақ іс-шаралар арасындағы үзілістерде көрерменнің тамақтануына лайықталған асхана орналасқан. Асханада бір мезетте 72 адам тамақтана алады.

 «Театр – киім ілгіштен басталады…» демекші, мекемеде өтетін мәдени-көпшілік іс-шараларға келген меймандарды кіре берістен қарсылайтын мамандар, конференция, концерт залдың ішіне жауапты мамандар мен гардеробқа жауапты қызметкерлер бірыңғай киім үлгісіне көшіп, қызмет көрсетуде. Бірыңғай киім үлгісі — мекемеге келген қонақтарға қаптаған халықтың арасынан жөн сілтеп, жол көрсететін «Атамекен» өнер ордасының қызметкерлерін оңай табуға мүмкіндік тудырады. Бұған қоса, қонақтарды Жайық өңірінің бейресми әнұранына айналған «Ақжайық» әнімен қарсы алып, бүкіл қазақтын бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әнімен шығарып саламыз. Яғни, іс-шара басталарда қонақтар киімдерін гардеробқа тапсырып, концерт залға енгенше мекеменің кіреберіс холлында және екінші қабаттағы фоеда ақын Закария Сисенғалиевтің сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың «Ақжайық» әнінің әуені ойнап тұрады. Ал іс-шара аяқталғанда қонақтар кезекте тұрып, гардеробтан киімдерін алып жатқан кезде Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні ойнап тұрады.

Республикалық айтыс, 25 желтоқсан 2023 жыл

Екінші қабатта әр түрлі тақырыптағы көрмелер мен вернисаждарды ұйымдастыруға арналған көрме залы бар. Көрме ұйымдастыру бөлімінің бастамасымен ай сайын облыстық, республикалық деңгейдегі көрмелер мен суретшілер симпозиумдарын өткізу жолға қойылған.

Арнайы жасақталған 36 орындық конференция залы да мекемеге бұйырған артықшылықтардың бірі. Облысымыздағы бәсі жоғары салтанатты жиындар мен конференцияларда құрметті қонақтар осы жерде бас қосып, келелі кеңес құрады.

Тоқ етерін айтқанда, мекеменің барлық жұмыс барысы екінші қабаттан басталады. Өйткені, мекеменің әкімшілігі мен есеп бөлімі, музыкалық бөлімі, көрме ұйымдастыру бөлімі, шығармашылық бөлім, ақпарат және жарнама бөлімі, мәжіліс залы екінші қабатқа жайғасқан.

Қазіргі таңда мекеме жанынан құрылған алты шығармашылық ұжым бар. Бұған дейін әр түрлі атаумен жұмыс істеп келген бұл ұжымдардың барлығы бірыңғай «Атамекен» боп аталып, бірізділікке салынды.

Орны бөлек оркестр

Жастар шығармашылығы орталығы жанынан құрылған шығармашылық ұжымдардың бірі – Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі. 2010 жылы құрылған оркестрде әр жылдары ҚР Композиторлар одағының мүшелері, танымал өнер иелері Есболат Абдулов, Александр Шевелев және дарынды кәсіби музыкант Мәдениет Меңдіғалиев, Асхат Хасановдирижерлік қызмет атқарды. Құрамы  40-қа жуық кәсіби  музыканттан тұратын оркестрдің Бас дирижері – Никита Говоров. Оркестр репертуары 200-ден астам Ресей және қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік классикалық шығармалармен толықтырылған. Оркестрдің кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында жыл сайын танымал тұлғалармен шеберлік сабақтары өткізіліп, он үш жыл уақыт аралығында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, әрі Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескендір Хасанғалиев секілді өнер майталмандарымен үлкен сахналарда өнер көрсетуге қол жеткізді. Ұжымның қазіргі атауы – Батыс Қазақстан облыстық «Атамекен» эстрадалық-симфониялық оркестрі.

Атамекен кәсіби би ансамблі

Би де бір әлем

Ал 2009 жылы «Қазіргі заман биі» шығармашылық шеберханасы өз жұмысын бастап, оның құрамына «Әдемі» би ансамблі және «Step up» би ансамблі кірді. Екі би ұжымы да қаламызда өтіп жататын түрлі мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, үлкен сұранысқа ие болды. Қазіргі таңда өнер ордасында Ақмарал Тасболатова жетекшілік ететін  «Атамекен» кәсіби би ұжымы, мамандығының шебері Сұлтан Даутов жетекшілік ететін «Атамекен» жігіттер би ансамблі бар.

«ARNAU» - биікке самғау

2018 жылы Жастар шығармашылығы орталығы жанынан өңірдің дарынды өнерпаздары жиналған жаңа шығармашылық ұжымның құрылғанына Жайық жұрты куә болды. Ол Тимур Меңдіғалиев жетекшілік ететін «ARNAU» этно-фольклорлық ансамблі болатын. Әлемдік деңгейде ұлттық музыканы, қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық саз аспаптарын насихаттау – ансамблдің басты мақсаты. Алға қойған мақсаттарына жету жолында «ARNAU» этно-фольклорлық ансамблі Еуропаның Австрия, Славакия, Венгрия, Түркия мемлекеттеріне өнер сапарымен барып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап келді. Ұжымның қазіргі атауы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі.

Театрда талапшыл басшы, тәжірибелі маман

 Жастар шығармашылығы орталығы үшін 2019 жыл да жемісті жыл болды. Жастар жылы аясында  Жастар музыкалық театры ашылды. Театрдың тұсаукесер іс-шарасы 2020 жылдың қаңтар айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Мюзиклдар және кинофильмдердің әуені мен әндері» атты концерттік бағдарламасымен өтті... Алайда қазіргі таңда театрдың құрамы түбегейлі өзгерді. Мекеме директоры Бауыржан Ергенұлының бастамасы әрі ұсынысымен елге танымал режиссер Гаухар Адай Астана қаласынан арнайы шақыртылды. Жас ұжымның жұмысын кәсіби тұрғыда қалыпқа келтіру үшін көркемдік жетекші, әрі қоюшы режиссер болып танымал театр режиссері Гаухар Адай қажырлы қызмет етуде. Өткен жылдың желтоқсан айында кастинг өтіп, театрға жаңадан әртістер қабылданды.

Гаухар Адайды тағайындау

Қазіргі таңда «Атамекен» жастар музыкалық театр ұжымы қазақтың біртуар тұлғасы Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» атты музыкалық спектакльдің дайындық жұмыстарына білек сыбана кірісті. Бір жағымды жаңалық, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілердің одағының мүшесі, Астана қалалық «Жас суретшілер одағынының» төрайымы Гүлдана Алинаны таныстырды. «Асыл арман» атты музыкалық спектакльдің қоюшы-суретші және киім суретшісі қызметін атқарады. Айта кетейік, театрдың өз киім тігетін бөлмесі мен декорациялар дайындайтын цехы бар. Қойылымға қажетті киім тігу мен сахна безендіру жұмыстары осы екі бөлмеде жүргізіледі.

Айтулы ансамбль

2021 жылдың ақпанында «Атамекен» камералық хорының негізі қаланып, хормейстері Күнсұлу Көптілеуова атанды. Ашылғанына көп болмаса да аталмыш өнер ұжымы өңірдің барлық ауқымды мәдени-көпшілік шараларына қатысып келеді. «Атамекен» камералық хоры 2022 жылдың қараша айында «Бір жан. Бір дем. Бір әуен» атты концерт беріп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Бұл ұжым негізгі миссиясын сақтай отырып, «Атамекен» вокалдық-эстрадалық ансамблі болып жұмысын жалғастыра береді.

 «Атамекен» өнер ордасында орналасқан барлық шығармашылық ұжымға жеке-жеке дайындық залы қарастырылған. Дайындық залдары акустикалық талаптарға лайықталып жөндеуден өтіп, музыкалық апараттармен қамтылған. Яғни, ешқандай кедергісіз жұмыс жасауға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Толық ұжым

Түрлі музыкалық аранжировкалар, дыбыс монтаждары талапқа сай техникалық құралдармен жабдықталған «Атамекен» дыбыс жазу студиясында дайындалады. Ал әрқилы подкасттар, қаламызға келген өнер адамдарымен сұхбаттар, тағы да басқа бейнекамераға таспалау жұмысы «Атамекен» түсірілім студиясында жасалып, көрерменге жол тартады.

«Атамекен» өнер ордасының алдағы күндерге артатын жоба-жоспарлары ауқымды, мақсат-мұраттары айқын. Ақ Жайық өңірінің мәдениеті мен өнеріне қызмет етуге әркез дайын.

Алтынбек Ермекқалиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале