Мен – қарапайым ауыл әйелімін, анамын, зейнеткер ұстазбын. Ауылда туып-өстім, қазір сонда тұрамын. Қаңтардың кешегі 4-5 күндеріндегі еліміздің көптеген аймақтарында болып өткен сұмдық оқиғаларды естіп, теледидардан көріп, жүрегім ауырды. Халықтың бейбіт митингісін қантөгіске айналдырған қаскөйлердің түпкі ниеті де барлық қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырғанын ауызбен айтып жеткізу қиын. Мұның арғы жағында талай опасыздар тұрғаны белгілі. Біз екі сөйлемейтін, анты мен сертіне берік халық екеніміз тарихта талай дәлелденген. Ал мынау дүрлігу митинг деген атты жамылып, «Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!» деген желеумен еліміздегі сүттей ұйыған тыныштық пен бейбітшілікті тас-талқан ете жаздады. Қираған ғимараттар, өртенген көліктер, бүлінген көшелер ертең-ақ қалпына келер. Бірақ бейбіт күнде қыршынынан қиылған біреудің ұлын, біреудің әкесін, бауырын кім қайтарады? Айтаққа еріп, қолына қару алған, сөйтіп, бейкүнә жандардың қанын мойнына жүктеген, басқа да қылмыстар жасаған кейбір жастардың тас-талқан болған тағдырына кім жауап береді? Бұл – енді ұзақ жылдарға кететін қайғы мен өкініш. Біздің халқымыз – ержүрек, бірақ өз бетімен ешкімге тиіспейтін, достық ниетке әу бастан құшағы айқара ашық ел. Ал қаңтардың кешегі 4-5 күндері не көрдік? Айтаққа ерген жастарымыздың санасының соншама уланғаны ма, осы уақытқа дейін көрсоқыр ұрпақ тәрбиелегеніміз бе, өз халқына қару кезеніп, қанын төгетін?..
Алтыншы қаңтар күні Нәзипа есімді жас келіншектің теледидардан былай деп сөйлегені құлағымда әлі жаңғырып тұр: «Ей аналар, біз өз баламыздың қайда екеніне, не істегеніне, қайда жүргеніне көңіл бөлейік, қарап тұрмайық, біздің аналық бейнеміз қайда, бізде президенттің маңына жақындайық, президентті қолдайық!» деді. Қатты риза болдым. Біз негізі пәтуаның еліміз, ал мына жағдайда президенттің пікірлерін біз де қолдаймыз, ол біреу, біз көппіз. Елдің бірлігін, ынтымағын сақтау өзіміздің қолымызда. Қазақ «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген. Мұқият болмасақ, ұйымшыл болмасақ, ел болғанымызды көре алмайтындар көп. Біз – көп нәрсеге төтеп беретін, ақылмен шешетін, жігерлі, рухы биік, күшті халықпыз. Біздің халқымыз үшін бүгінгі таңда ең қастерлісі – бейбіт өмір, егемендік тұғырының биік болуы, көк туымыздың құламайтындай мықты болуы. Біздің елімізде ойы озық, білімді, халық талабын орындауда жанын аямайтын азаматтар көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – жүрегі жұмсақ, адами құндылықты жоғары қоятын, кез келген елдің президенттерімен теңесе алатын, жігерлі президент. Ел азаматтары, барша халық болып осынау сындарлы күндерде президенттің төңірегіне топтаса түсуіміз керек.
Тыныштық, береке, бейбітшілік болса, дүние жүзіндегі қуатты елдердің қатарына қосылатынымызға мен кәміл сенемін. Қаңтардың сонау күндерінде елдің тыныштығы жолында қаза тапқан азаматтардың иманы жолдас болғай.
Нұрсұлу Ғалимоллақызы,
зейнеткер,
Жаңақазан ауылы, Жаңақала ауданы
– Соңғы аз ғана күнде бейбіт еліміздің тыныштығы бұзылып, берекесі қашты. Жоғары биліктен қолдау күтіп шыққан бейбіт шеру соңы кейбір арандатушылар кесірінен түрлі тәртіпсіздікке ұласты. Соның салдарынан қаскөйлердің қолынан кәсіби қызметін атқарып жүрген құқық қорғаушылар, әскерилер, жап-жас курсанттар ажал құшты. Еліміз орасан зор материалдық шығынға ұшырады.
Бұл, ең алдымен, мемлекетіміздің мәртебесіне нұқсан келтірген оқыс оқиға болды. Әрі терезесі теңдес елдермен бүкіл әлем алдында ыңғайсыз жағдай қалыптасты. Енді өткеннің бәрін ақыл таразысына салып, сабырмен ғана іс-әрекет ете білуіміз керек. Қайткенде де ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді қолдан шығарып алмау басты міндетіміз болуы шарт.
Ал Отанымызға ойран салғандармен ортақ мәмілеге келу мүмкін еместігін Президенттің өзі мәлімдеді. Біз мұны толық қолдаймыз, солай болуы ақылға да қонымды. Тек мұндай кезде бірауыздылық пен ұйымшылдық ауадай қажет екенін үлкен-кіші естен шығармағаны абзал.
Қысқасы, бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың сағасындай болып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдауымыз қажет. Турасын айтқанда, Тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдырғысы келетін қаскөйлермен күресте біз – Ақжайық өңірінің ардагерлері Мемлекет басшысымен бірге екенімізді және барша жерлестеріміз мұны қолдайтынын мәлімдейміз.
Ғиззат Құжатұлы,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері