10.10.2023, 12:00
Оқылды: 211

«Ғасыр жастары» театры жаңа драма қойды

Жуырда Жастар мәдениет сарайында «Ғасыр жастары» жастар театры Наталья Мошинаның «Дүние – ғапыл» метафизикалық драмасын назарға ұсынды. Аталмыш премьераны Ерназар Жаңатілек атты елордалық жас режиссер сахналады.

9a6176b0-9331-4b7c-924c-c4880eb89df8

Қойылымда жол апатынан мерт болған төрт жастың арғы дүниедегі өмірлері сипатталған. Өздерінің о дүниелік болғандарынан бейхабар кейіпкерлер жолдарынан адасып, алдарында кезіккен үлкен зәулім үйге келеді. Үй иесі бұларды аса салқынқандылықпен қабылдап, жағдайын жасайды. Өздерін соншалық жайлы сезінген кейіпкерлер тірі күндеріндегідей алдарына қойылған несібелеріне қол созып, аш өзектерін майлай бастайды. Маздақ атты кейіпкер ащы судан сілтеңкіреп, айналасына қырғидай тиіп, мазаларын қашырады. Артынша үй иесі өздерінің бұл үйден шыға алмайтындығын, себебі жол апатынан мерт болғандығын естіртеді. Дүние астан-кестен болып, әр кейіпкердің өзектерін өкініш өртеп, тірі күндерінде жасай алмаған жақсылығы үшін, айта алмаған сөздері үшін опынады.

35b10c1f-880b-4e8f-a77c-2c4cbfcb33e6

Қойылым бес күн жалғанда жақсылық, ізгілік жасап қалуға үндейді. Өмірдегі ең жаман дүние – өкініш. Сол өкініш сенімен бірге арғы дүниенің шекарасын аттап, ақыреттік жолдасыңа айналмауы қажеттігін түсіндіреді. Фойеге жол апатынан түгі қалмаған автокөлік қойылған. Бұл да көрерменге қойылымның аурасын сезінуге  сеп болды.

«Ғасыр жастары» театры Жастар мәдениет сарайы жанынан 2021 жылы құрылған.

44b93a49-ec20-4c22-8a1b-5c3c6d223c66

Жас театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері – Жасқайрат Валиуллиев. Алғаш рет Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымын сахналаған ұжым бұл күнде көп театр қоя бермейтін қойылымдарды көрермен назарына ұсынып келеді. Биылғы маусымды Наталья Мошинаның «Дүние – ғапыл» метафизикалық драмасын Асхат Маемировтың аудармасымен ашты.

– Жалпы театрымыздың жоспары көп. Біз бұл драманы алдағы уақытта фестивальдерге қатысу үшін арнайы дайындадық десек те болады. Жас театрдың атын да, жұмысын да республика көлемінде таныту, үлкен театрлармен тәжірибе алмасып, иық тірестіріп, қатар шабу – басты мақсат, – деді Жастар мәдениет сарайының директоры Медет Мерғалиев.

e8f184dd-1967-4468-b7bc-abc00cdaf2d2

Бір ай жарым уақыт ішінде дайындалған спектакль көрерменнің жоғары бағасын алды. Қойылым аяқталған соң актерлер мен актрисаларға, режиссерге деген дүркін-дүркін толассыз соғылған шапалақ – соның айғағы. Қойылымды тамашалауға келген көрермендер ерекше толқыныс пен әсерге бөленді.

– Адам өмірінің қысқа екендігін, сол қысқа ғұмырды мағыналы етіп сүру керектігін тағы бір рет ұғындырған қойылым болды.  Өткінші өмірді өкпе-ренішке толтырмай, қайта түсінісіп, кең жүргенге не жетсін. Осындай алабөтен әсерге бөлеген шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін, – деді Орал қаласының тұрғыны Нұрлан Саламатұлы.

Екі күнге созылған премьераны тамашалаған көрермендер санында есеп болмады. Қойылым соңында шығармашылық ұжымға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың атынан ықылас гүлі табысталды.

Әнуар Аманжол,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале