13.09.2025, 22:37
Оқылды: 531

«Ақ бидай – 2025» ойындарының алғашқы жарыс күні мәресіне жетті

«Ақ бидай» ауыл спорты ойындары құсбегілер сайысымен шымылдығын түрді. «Qyran» саятшылық орталығында өткен дүбірлі додада еліміздің 13 облысынан келген қыран иелері бақ сынасты.

Бүркіт ЖП

Бұл бәсекеде өңір намысын Арсен Мұқашев абыроймен қорғады. Арсен аламанға «Қарашолақ» атты қырағы бүркітін, «Ұшқыр» есімді шалымды қаршығасын және «Қаракөз» атты айбарлы ителгісін қосты. Қыран құстарымен шырға салып, шеберлігін паш еткен Арсен жарысты сәтті бастап, ақыры бесінші орыннан көрінді.

a65a935f-1a21-412b-9226-63dcfac861e9

Бірінші күннің екінші бөлігі командалық спорт түрлерімен жалғасты. Көкпаршылар, волейболшылар мен шағын футбол командалары топтық кезеңдегі алғашқы ойындарын өткізді. Алайда, оларға алғашқы кездесулерде сәттілік серік бола қойған жоқ. Футболшылар жамбылдық командамен кездесуде 3:4 есебімен жеңіліп қалса, волейболдан ерлер де, қыздар да Шығыс Қазақстан облысының спортшыларына есе жіберді. Көкпар тартысында да қызылордалық сайыпқырандар басым түсіп, жерлестерімізге жол бермеді. Әйтсе де, бұл әлі топтық кезең, сондықтан шешуші сәттер алда.

Ал асық ату шеберлері 13–16 орын үшін жарысқа түседі. Бес асық сайысындағы қыздар 5–8 орынның жүлдесін сарапқа салады.

Аударыспақшылар ерледі

Ат үстіндегі айқастар – аударыспақ бәсекесі екі күнге созылады. Бүгінгі тартыста 57, 62, 68 және 74 келі салмақтағы палуандар өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 57 келі салмақта Азат Қабылхайыр мен 68 келіде Асуан Құсайынов күміс жүлдені еншіледі. Ал 62 келі салмақтағы Бекзат Мұсаев қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, алтын медальға қол жеткізді. Аударыспақтың екінші күні 80, 87, 94, 100 және +100 келі салмақтағы балуандар белдесетін болады.

bf2fc62f-3e1a-4f61-be2b-6cbc31bf91cb

Бәйге түрлері бойынша да жерлестеріміз жүлдесіз қалмады. Аламан бәйгеде жетінші орын, ал топ бәйге мен жорға жарысында төртінші орын иеленіп, өңір намысын қорғаған шабандоздар жалпы командалық есепте облыс құрамасын үшінші орынға көтерді.

9c8559f9-9248-4977-9f4b-9ec76160acaa

Қол күресі сайысында команда ондықтың қатарына енді. Ал кикбоксингке   шыққан жігіттер алғашқы жекпе-жектерін өткізіп, тартысты бәсекенің бастамасын жасады.

«Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары қыза түспек. Алда әлі де шешуші кездесулер мен жарқын жеңістер күтіп тұр.

Түгелбай Бисен

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген: Мейірбек Тажкуранов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале