4.12.2025, 15:30
Оқылды: 24

«Ақ пен қара»: Жас жүректердің жарығы

Подстепный ауылындағы мәдениет үйде «Нұр» театр үйірмесінің «Ақ пен қара» қойылымы сахналанды.  Бұл – небары  екі  ай бұрын  ғана  ашылған  үйірменің премьерасы.  Қойылымның идея  ауторы  – 6-сынып  оқушысы  Жәңгірхан  Ақтан.  Жас  жеткіншектің  толғаныстан туған  тұңғыш идеясын  кәсіби деңгейде  сахналап, көрерменге  жолдаған  режиссер әрі  үйірме  жетекшісі – Римма Әубәкірова.  Қойылымның  көркемдік  жетекшісі – Айгерім  Жұмасейітқызы, дыбыс  режиссері – Айымбек  Айдарбекұлы, жарықпен  көркемдеушілер  –  Аңсар  Оразғалиұлы,  Елдар Ержанұлы.

WhatsApp Image 2025-11-28 at 11.46.26 (5)

Қойылымның негізгі өзегі – жасөспірімдерді жат әдеттен, теріс жолдан аулақ болуға үндеу. Жастарды ізгілікке, адамдыққа, дұрыс таңдау жасауға жетелейтін бұл сахналық туынды – болашаққа бағытталған үлкен ойдың көрінісі.

Қойылымда мектепке жаңадан келген оқушының орта ықпалымен дұрыс жолдан тайып кете жаздауы суреттеледі. Темекі тартып, ұрлық сияқты зиянды әрекеттерге әуес балалардың ертеңгі күні қандай қиындыққа тап болатыны да астарлы түрде көрсетілген. Мұндағы ақ түс – білімге құштарлық, мейірімділік және адамды ізгілікке бастайтын қасиеттерді білдірсе, қара түс – әлімжеттік, өтірік, құмар ойын секілді қоғамды жегідей жейтін жаман әдеттердің символы. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахна тілімен жеткізудің көркем тәсілі.

WhatsApp Image 2025-11-28 at 11.46.26 (3)

Ең қызығы – осының бәрін 6-сынып оқушысы ойлап тапқан. Осындай терең толғаныс пен алғыр идеяға қалайша риза болмайсың?!

Үйірме жетекшісі, қойылым режиссері Римма Аманжолқызы үйірме жұмысын ерекше шабытпен қолға алғанын  айтады:

– Подстепный мәдениет үйінде қызмет еткеніме бес жыл болды. Үйірме ашу – көптен бері көкейімде жүрген арманым еді. Қаңтар айында басшылық театр үйірмесін құру туралы ұсыныс айтқан болатын, сол бастаманың арада тоғыз ай өткенде сәті түсті. Баламен жұмыс оңай емес, әрқайсысы бір үйдің еркесі. Тамыз-қыркүйек айларында оқушы жинай бастадым. Алғашында бір-ақ бала келіп, көңілім су сепкендей басылған сәт те болды. Ал қазір, шүкір, «Нұр» театры құрылғанына екі ай толса да, қатысушылар қатары 30-дан асып отыр. Бүгінгі қойылым – жыл қорытындысы ғана емес, ата-аналардың «Біздің балалар не істеп жүр?» деген сауалына берілер нақты жауап. Әуелде «Сүйкімсіз үйрек» ертегісін сахналауды ойлаған едім. Бірақ қазіргі балалардың ойлау деңгейі мүлде басқа болып шықты. Өз идеясы, өз айтары бар. Олар маған да талай дүниені үйретті. Идея ауторы – Жәңгірхан Ақтан. Оның болашағынан үлкен үміт күтемін. Сол шәкіртімнің ойын тыңдап, күні-түні жұмыс істеп жүріп, жиырма күнде сценарийді аяқтадым. Балаларға жеңіл жатталатын, көрерменге бірден түсінікті болуын басты назарға алдым. Бүгінде жасөспірімдер арасында түрлі зорлық-зомбылық фактілері жиілеп кетті. Біз дәл сондай оқиғалардың алдын алу үшін, балаларды мәдениетке тарту, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мақсатымен осы қойылымды дайындадық. Үйірмеге ауылдағы жайлы мектеп пен қазақ мектебінің оқушылары қатысып жатыр. Ата-аналардың қолдауы да мол, – дейді Римма Аманжолқызы.

WhatsApp Image 2025-11-28 at 11.46.25

Қойылым соңында Подстепный мәдениет үйінің директоры Аңсар Оразғалиұлы режиссер Римма Әубәкірованы салтанатты түрде сахна төріне шақырып, алғысхат пен гүл шоқтарын табыстады. Сондай-ақ премьераға арнайы қонақ ретінде қатысқан Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин, қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Марат Төлеуұлы және қойылымның идея ауторы Жәңгірхан Ақтанның анасы сөз сөйлеп, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, жас өнерпаздарға гүл шоқтарын ұсынып, шығармашылық  табыс  тіледі.

Кәусар Болат, №2 Подстепный мектебінің 6 «ә» сынып оқушысы:

– Үйірмеге қатысып жүргеніме екі ай болды. Маған бұл жер қатты ұнайды, әр дайындыққа асығып келемін. Қойылымға іріктеу кезінде ұстазымыз рөлге лайық, образды аша алатын оқушыларды таңдады. Сол тізімге кіргеніме қатты қуандым. Маған мейірімді, балаларға дұрыс жол көрсететін ұстаздың рөлі бұйырды. Алғашында қатты уайымдадым, бірақ дайындық сайын сенімім арта бастады. Қазір сахнаға шыққанда өзімді еркін сезінемін. Бұл рөл мені жауапкершілікке, сабырлы болуға, әр сөзді ойланып айтуға үйретті. Театрға келгеніме еш өкінбеймін, керісінше, алда  тағы  да  рөлдер  сомдағым  келеді.

Төрехан Дүйсенбай, Подстепный қазақ  мектебінің 6 «ә»  сынып  оқушысы:

– Театр үйірмесіне өз қалауыммен жазылдым. Сахнаға шығуды бұрыннан армандайтынмын. Үйірмеде өте қызық. Әр дайындықта жаңа нәрсе үйренеміз, бір-бірімізбен жақын араласып кеттік. Аптасына үш рет жаттығамыз, кейде  шаршасам да, келгім келіп тұрады. Ұстазымыз бізге көп көмектеседі. Кей тұстарды дұрыс жеткізе алмай қалсақ, түсіндіріп, көрсетіп береді. Кейіпкерімді тереңірек түсіну үшін оның мінезін, көңіл күйін дәл  беру  үшін  көп  дайындалдым.

Ерке Мереке,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале