18.06.2025, 15:15
Оқылды: 192

Ақ Жайық ақын-жазушыларының ақсақалы

Жұбан  Молдағалиев  атындағы  облыстық  орталық  әмбебап-ғылыми  кітапханада  халықаралық  «Алаш»  әдеби  сыйлығының  иегері,  Орал  қаласы  мен  Тасқала  ауданының  құрметті  азаматы  Айтқали  Нәріковпен  кездесу  кеші  өтті.  «Тарлан  талант»  тақырыбындағы  жүздесу  Айтқали  Нұрышқалиұлының 85  жасқа  толуына  орай  «Әдеби  қонақжай»  жобасы  аясында  ұйымдастырылды.  Әуелі, ақын  салтанатты  жағдайда  ортаға  еніп,  төрге  жайғасты.  Содан  соң  облыстық  мәдениет,  тілдерді  дамыту  және  архив  ісі  басқармасы  басшысының  орынбасары  Жеңіс  Нығметуллин  сөз  алып,  қаламгердің  шығармашылығы  туралы  әңгімеледі. 

5b365f1b-b09d-43a8-ae2f-1d400e5f1798

– Айтқали ағамыздың бүгінге дейін біраз кітабы жарық көрді. Ағайдың жыр-жинақтары мен публицистикалық кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. Қаламгердің алдағы уақытта да қуатты жырларымен дүйім жұртты қуанта беретініне сенемін. Ақынды мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, Айтқали ағай, сізге амандық-саулық, сарқылмас шабыт, ұзақ ғұмыр тілеймін, – дей келе Жеңіс Махамбетұлы мерейгердің иығына  шапан  жапты.  Содан соң Аманкелді Шахин, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубаева сынды жергілікті қаламгерлер Айтқали Нәріковтің тұлғалық болмысына, ерекше қасиеттеріне тоқталды. Өз кезегінде Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ақын-жазушылардың шығармашылығын көпшілікке таныстыру бағытында осындай іс-шараларды жиірек ұйымдастырылу керек екенін жеткізді. Жайық журналистикасының қара нары Есенжол Қыстаубаев, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, тарихшы, өлкетанушы Зұлқожа Шарафутдинов ақынды мерейжасымен құттықтап, ізгі ниет-тілегін білдірді. Сатирик Аманғали Сарқұлов ақынға арналған өлеңін оқыды. Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы «Әдебиет әлемі» үйірмесінің шәкірттері Арнұр Жұмабай мен Жанарыс Шәки өлең оқып, көпшіліктің ілтипатына бөленді.

9556783e-71d7-447c-8876-79dc280ef59b

Жүздесу соңында Айтқали ақын шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, 20 маусым күні сағат 18.00-де облыстық халық шығармашылығы орталығында «Қаламгер ғұмыр» тақырыбында ауқымды шығармашылық шара өтетінін тілге тиек етті. Оған қоса, «Кітапхана» атты өлеңін оқып берді. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасы өлкетану бөлімінің библиографы Алмагүл Мусина «Желмая жылдар жемісі» атты ақын Айтқали Нәріковтің 85 жылдық мерей-тойына арналған биобиблиографиялық көрсеткішке  шолу  жасады.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале