7.11.2024, 12:15
Оқылды: 90

Ақ Жайық аспанында жыр қалықтады

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ақ Жайықтың аспаны» атты батысқазақстандық жас ақындардың ұжымдық жинағының таныстырылымы өтті. Осынау әдеби іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жас қаламгерлер және өлеңсүйер қауым қатысты.

1987a7b9-d3f7-48f1-8291-58ea1f5415e0

Бұл игі жобаны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Қадыр орталығы жа­нындағы «Темір бүркіт» жастар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі жүзеге асырды. Кітап жас ақындардың шығармашылығын жан-жақты насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында жарыққа шықты.

Бұл өлке – Ғұмар Қараш, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгереева, Сағат Әбдуғалиев, Жанғали Нәбиуллин, Қайрат Жұмағалиев сынды қадау тұлғалар дүниеге келген өлке. Бүгінде жас ақындар аға толқын салған жолды жалғап, Ақ Жайықтың асау толқындарын жырына арқау етіп, оқырман қауымды сыршыл жырларымен баурап келеді.

Әдеби кеш барысында жас ақындар жыр оқып, Ақ Жайық аспанында өлең қалықтады. Патриоттық һәм лири­калық әндер шырқалды. Әуелете ән шырқағандардың қатарында Әмина Едрес, Диас Бейісов секілді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің студенттері болды.

92c1c872-0a91-4d43-bc2c-205a34db25bb

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев сөз алып, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.

– Біз жастарды қолдауға қашанда дайынбыз. Осы жи­нақ соның дәлелі. Өлең өлке­сіне қанат қаққан жас ақындардың шығармашылығын шыңдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл игі жоба облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асты. Кітапқа өлеңдері енген ақындардың талай белесті бағындыратынына сенемін, – деді Дархан Қаныбекұлы.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Құрмет» ор­денінің иегері, Қазақстан Жа­зушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин әдеби жобаны жүзеге асыру мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды.             

– Бұл жинаққа негізі кіндік қаны Ақ Жайық атырабында тамған, осы өңірде жарық дүниеге көрінген ақындардың өлеңдерін енгіземіз деп ойлап едік. Алайда өлең-жырдың өрен жүйріктерінің ішінде басқа өңірде өмір есігін ашқанымен, біздің облыстың орталығы Орал қаласында білім алып, біздің өңірде қызмет­ке орналасып, өмірдегі орнын Ақ Жайық атырабынан тапқан жастар да жинаққа енсек деген ниет-тілегін білдірді. Ешкімнің тауын қайтармай, кеудесінен итермей, жинаққа 16-35 жас аралығындағы 32 жас ақынның өлең-жырын енгіздік. Мұндай жинақтың біздің облыста жарыққа шықпағанына 23 жылдың жүзі болған екен. Игі бастамаға қолдау білдірген өңір басшысы Нариман Төреғалиевке, облыстық қоғамдық даму басқармасы­на ризашылығымызды білдіреміз! Ақын рухани тұрғыдан асқақ болуы керек. Сөйте тұра, ақын халқымен бірге ғұмыр кешіп, ол ел-жұртының арман-тілегін, мұрат-мақсатын, мұң-мұқтажын білуі тиіс. Жастардың мемлекеттілікті нығайтуға, тәуелсіздікті баянды етуге әр кез дайын болғаны жөн. Жаңа жинақ жас ақындарға шабыт сыйласын, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

186f2172-7a33-4bdb-8923-4cbfebb8c414

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов алдағы уақытта жастардың шығармашылығын шыңдау бағытында біраз шаруа атқарылатынын жеткізді. Кітаптың «тұсауын» Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков пен Дархан Қадырәлиев кесті. Айтқали Нұрышқалиұлы жас­тарға шығармашылық табыс тілеп, бата берді.

Іс-шарада жаңа кітаптар облыс орталығындағы кітапханалардың басшыларына бе­рілді. Әдебиетсүйер қауым ен­дігі уақытта «Ақ Жайықтың аспанын» Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапханадан, Х. Есенжанов атында­ғы балалар және жасөспірімдер кітапханасынан, сондай-ақ Орал қаласындағы басқа да кітапханалардан оқи алады.

Әсерлі әдеби кеште Меңдібек Лұқпанов, Абылайхан Мақ­сұтов, Гүлзада Жауылбаева және Мейрамбек Сыдықов секілді жас ақындар

өлеңде­рін оқыды. Оларды Алтынбек Ермекқалиев, Бекболат Қале­нов және Жанерке Ғинаят жалғап әкетті. Содан кейін Нұрлан Едігенов, Арайлым Хабиболла, Дәурен Шамұратов және Ерқанат Бағдатұлы жырдан шашу шашты. Өз кезегінде Төрехан Нәсиев, Айзада Бақытжанова және Райымбек Саматов еркін көсілді. Бұл жас ақындардың бәрі де – жинаққа өлең-жыры енген шайырлар.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале