Мәншүк Мәметованың есімі көпшілікке жақсы таныс. Қаршадайында қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанған жас қыз ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толу мерейтойы облыста кең көлемде аталып өтілуде. Бүгін мерекелік шаралар легі батыр қыздың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
Мәншүк Мәметованың шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым деп атайтын болған. Моншағым деген сөзге тілі келмеген Мәнсия өзің Мәншүк деп атап кеткен. Мәншүк Мәметова - Бөкей ордасы ауданының тумасы. Тұңғыштар мекенінде дүниеге келген батыр қыз не бәрі 20 жасында соғысқа аттанған. Батыр қыздың ерлігі туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев былай деді:
-Биыл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдарында ерлермен бірдей ерлік көрсеткен батыр қыздардың есімдері ел есінде. Атап айтсақ, «Шығыстың қос шынары» атанған пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова. Мәншүк Мәметова өз еркімен соғысқа аттанып, Отанын жаудан азат етемін деп ерлік көрсетті, 21 жасында ерлікпен қаза тапты. Бұл жас біреуге зайырлы жар, балаға ана болар шағында өмірден өтіп кетті. Біз батыр қыздарымыздың алдында бас иеміз. Мәншүк апамызбен мақтанамыз, - деді аймақ басшысы.
Үш батыр қыздың ескерткіші маңына жиналған мектеп оқушылары мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері батыр қыздың ерлігі туралы естеліктер әңгімеледі.
Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойына орай сонау Алматыдан батыр қыздың ағайыны Мәметова Шолпан Қанатқызы арнайы шақырылыпты. Алыстан ат арылтып келген Мәншүк қыздың туысы елге, жерге деген сағынышын жасырмады.
- Қазақ халқы өзінің ардақты ерлерін, аяулы қыздарын әрқашанда құрметтей біледі. Тірі болса, Мәншүк 100-ге толар еді дейміз. Бірақ Мәншүкке сол 100 жылдың бестен бір бөлігінің ғана ғұмыры беріліпті. Сол аз ғана ғұмырында Отанын әлемге танытып, есімін тарихқа жазып кетті, - деді ол Мәншүкті ұлықтап жатқан ұрпағы туралы.
Құттықтау сөздерден кейін БҚО әкімі бастаған қонақтар Мәншүк Мәметованың басына гүл шоқтарын қойды.
Жанат Көшкінбай,
фото автордікі
zhaikpress.kz