23.08.2022, 9:30
Оқылды: 77

Ақ Жайықтың ардақтысына айналған аға

Ғазиз Усағалиұлы Хаймулдиннің есімі Ақ Жайық өңіріне етене таныс. Ұзақ жылғы қалтқысыз еңбегінің арқасында қадірменді қариялардың бірінен саналатын оны облыстың жасы, кәрісі жақсы біледі. Ол ондай құрметке алқаусыз еңбегі, жұмыс жасаған жерінде тындырған игі істері арқылы ие болған.

InShot_20220822_234205698

Ғазекең сонау 1936 жылы 13 қазанда Орда ауданының Талап ауылында дүние есігін ашыпты. Әкесі Усағали мен анасы Үлпеш колхоздың отымен кіріп, күлімен шыққан нағыз еңбекқор жандар екен. Ор­та мектепті жақсы тәмамдағаннан кейін Ғазиз Усағалиұлы Чапаев ауданындағы «Коммунизм» колхозында әуелі малшы болып еңбек жолын бастайды. Соңынан трактор айдап, ауылдағы жастардың арасында тыңғылықты істерімен, тапсырылған міндеттерді тиянақты тындыруымен көзге түседі. Көп ұзамай Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Бүкілодақтық еңбек көрігі қызады. Міне, жалындаған жастарды қатарынатартқан осынау еңбек шеруінен комсомолдың жас қайраты Ғазиз Хаймулдин де шет қалмайды. Өзінің темір тұлпарымен күндік нормасын асыра орындап, озат комсомол атанады. Талай мақтауларға ие болады. Ғазекеңнің ерен еңбектері үшін алған мемлекеттік марапаттары бүгінде бір басына жетерлік. Бірақ соның ішінде сонау жас күнінде тың және тыңайған жерлерді игергені үшін алған медалінің орны ерекше. Өйткені ол марапат Ғазекеңнің жалындап тұрған жас кезінде алған тұңғыш жоғары наградасы еді. Сосын да ыстық. Қатарынан озып еңбек етіп жүрген жас жігіттің кеудесінде бір арман бұғып жататын... Ол – жоғары оқу орнына оқуға түсіп, ауыл шаруашылығы саласының бір мамандығын игеру еді. Ақыры, 1957 жылы көптен көкейге ұялаған арманға жүрексіне жүріп, құлаш ұрды. Тыңғылықты әзірліктің арқасында Саратов мемлекеттік зоотехниктік-малдәрігерлік институтының сынақтарынан мүдірмей өтіп студент атанды. Сөйтіп, 1962 жылы ғалым-зоотехник деген мамандық алып, жұмысқа кірісті. Ол кезде жоғары білімді ауылшаруашылығы мамандарының тапшы кезі ғой. Сондықтан Ғазиз Усағалиұлының жұмысқа деген ынтасын, адамдармен тез тіл тапқыштығын байқаған алдыңғы толқын ағалар оны жауапты жұмысқа жұмсады. Ол – «Есенсай» совхозының бас зоотехнигі қызметіне тағайындалды. Бұл жұмысына совхоз комсомолдарының жетекшісі қызметі қоғамдық негізде қоса тапсырылды. Сөйтіп, Ғазекең үшін тынымсыз еңбекке толы қарбалас күндер басталды. Жалындап тұрған жас кезі ғой, шаршауды білмейтін, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын. Ауылдағы комсомолдардың «көсемі» бола жүріп, бір күні тың бастама көтерді. Ол сол жылдарда ауданды айтасыз, облыс бойынша тың үрдіс еді. Қилыбай деген елді мекен болатын, сол жерден «Қилыбай» атты комсомол-жастар бригадасын құрды. Оған өзі сияқты жалын жастар тартылып, қой малын бағатын комсомолдардың бригадасы  Есенсайда тұңғыш рет өмірге келіп, жұмысына кірісті.

Ғазиз Усағалиұлының сонау алыста қалған жас кезіндегі жоталы оқиғалардың қатарында тұңғыш косманавт Юрий Гагаринмен кездескені ешқашан ұмытылмайды. 1964 жылы 19 наурызда ВЛКСМ Орталық  Комитетінің арнайы шақырылған пленумы болды. Ол  Кеңес одағының комсомол-жастарын  ауыл шаруашылығын интенсивті дамытуға үндеген үлкен жиын еді. Міне, осы  пленумда атағы алысқа кеткен космонавтпен кездесті. Ашықжарқын азамат екен. Сенімен күнде кездесіп жүргендей, ескі танысыңдай еш жатырқамайды. Біраз әңгімедүкен құрды. Иық түйістіріп тұрып суретке түсті. Несін айтасыз, ол кездесу естен кетпес сәт болып қалды...

Көп ұзамай, Ғазиз Хаймулдин «Есенсай» совхозына директорлыққа  тағайындалды. Бұл 1966 жыл еді. Жас директор ауылдың тек шаруашылық жағына  ғана көңіл бөліп қойған жоқ, мәдени-тұрмыстық мәселелерін де естен шығармады. Ол кезде бұл совхоз мал шаруашылығымен қатар, егін егумен де айналысатын.

Совхоз қай-қай жағынан да өсіп, өркендеп, сол кездегі Тайпақ ауданының іргелі шаруашылығына айналды. Облыста да озаттардың қатарынан табылды. Есенсайдың атағы алысқа кеткен сол жылдарда оның директоры тағы бір тың бастаманы қолға алды. Енді ылғи қыз-келіншектерден тұратын механизаторлар бригадасын ұйымдастырды. Оған ауылдың бұған дейін тракторшылар курсында оқып, механизатор мамандығын алған қыз-келіншектері комсомолға тән жастық  жігермен жарқылдап кірісті. Көп ұзамай, бұл бригаданың аты әуелі ауданға, сосын облысқа белгілі бола бастады.

Олар өндірістік көрсеткіштерін асыра орындап, социалистік жарыстың алдыңғы шебінен көрінді. Арада бір-екі жыл өткенде осы бригададан тракторшы Райхан Мамаева Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің VІІІ шақырылымына депутат болып сайланды. Иә, ол есенсайлық қыз-келіншектер бригадасының аты дүркіреген жылдар еді. Тіпті тракторшы Райхан механизаторлардың бүкілодақтық жарысына қатысып, жер жыртушылардың конкурсында жеңімпаз болып оралды. Осыдан кейін оның атына арнайы су жаңа трактор берілді. Осындай жоталы істердің басында, әрине жас директор Ғазиз Хаймулдин жүріп еді.

Ол кезде жұмысымен жарқырап көзге түскен жас мамандарды бір орында көп отырғызбайтын, қызмет бабында жоғарылата беретін. Хаймулдинді де директорлығында ұзақ ұстамады. Арада 3-4 жыл өткенде Ғазекеңді Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Бұл жұмысын да жақсы атқарғаны ғой, арада екі жыл өтер-өтпесте Тайпақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Ауданның ауыл шаруашылығына тікелей жауапты қызмет-тұғын. Осы жұмысын алты жыл абыроймен атқарды. Тайпақ ауданы, әсіресе, «Тайпақ» қаракүл совхозы ол кезде қаракүл елтірісін өндіруден Қазақстан бойынша жалғыз совхоз, одаққа мәшһүр шаруашылыққа айналған еді. Тіпті бұл шаруашылықтың аты алтын және күлгін түсті елтірі өндіруден кеңестер одағының «Алтын кітабына» енгізілген еді. Сол кезде ғой, «Тайпақ» қаракүл совхозының директоры Жақия Исатаев екеуі 1975 жылы Самарқанд қаласында өткен ІІІ  Дүниежүзілік симпозиумға қатысатыны. Онда жержүзі елдерінде өндірілген өнімдердің көрмесі болды. Тайпақтың көрмеге қойылған елтірісі талайлардың таңдайын тақылдатып, таңғалдырды. Бұған дейін де  тайпақтық елтірінің атағы талай жерге белгілі болып қалған еді. Сондықтан Самарқандтағы көрмеге бұларды арнайы ұшақпен алып барғаны да біраз жәйттен  хабар берсе керек.

Тайпақ ауданы сол жылдарда тек қана елтірі ғана емес, ауыл шаруашылығы саласында талай жетістікке жеткен еді. Мал шаруашылығы қарыштап дамыды, егін шаруашылығы да одан қалыспады. Аудан республика бойынша социалистік жарыстарда дүркін-дүркін жеңімпаз атанып, ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып отырды.

Партия сол жылдарда Ғазиз Усағалиұлын ең қиын учаскелерге жұмсап отырыпты. Қайда жұмсаса да барған жерін түлетіп, жұмысын ілгерілетуден талмаған. Тайпақ аудандық атқару комитетінің төрағасы болып он жыл еңбек еткенін де ұмытпайды.  Тіпті артта қалған шаруашылықты қиындықтан шығару үшін директорлыққа да жұмсалыпты. Қайда қызметке барса да абыроймен атқарып, соңына із қалдырудан танбаған. Соның арқасы ғой, әр жылдарда аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланғаны. Сиездерге  делегат болып қатысқан. Кеудесіне талай орден-медальдар ілінді. Ал Х шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғаны оның өз еңбегімен қандай биіктерге көтерілгендігіне нақты дәлел бола алады. Тайпақ топырағында депутат ретінде Ғазекең қандай белгі қалдырды десек, ауыз толтырып айтатын істер жетерлік. Соның ішінде 120 орындық аурухана, 750 орындық селолық техникалық училище, Индерден Калмыковқа газ құбырын тарту сияқты жоталы істер бар.

Ғазекең бүгінде зейнеткер. Өмірлік серігі Жұбанышева Ақкенже апамыз өмір бойы ұстаздық еткен жан. Талай шәкірттер тәрбиелеп, қазіргі кезде Ғазиз ағамыздың төбесінен құс ұшырмай мәпелеп отыр. Ұлдары Руслан – жоғары білімді маман. Келіндері Гүлзира Сүлейменқызы – денсаулық саласының қызметкері. Немерелері – Айгерім мен Айжан жоғары білімді мамандар, Бекхан университетте оқып жүр. Ғазекең зейнетке шықса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұған дейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болды. Қоғамдық мемлекеттік емес, экологиялық ұйымдардың президенті. Облыс өміріне белсене атсалысып, талай жиындардың мінберінен өз ойларын ашық айтады. Жастармен де жиі кездесіп тұрады. Көргені де, түйгені де, тындырғаны да мол осындай ағалардың ортамызда жүргені қандай жақсы!

Есенжол Қыстаубаев, 

Қазақстанның құрметті журналисі

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале