25.07.2024, 10:15
Оқылды: 123

«Ақ Жайықтың аспаны» жарық көреді

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында батысқазақстандық жас ақындар бас қосты. Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин алдағы уақытта Ақ Жайықтың жас ақындарының ұжымдық жинағы жарық көретінін жеткізді.

FB769BCA-E5CC-49D3-A8A5-0742F6311597

– Бүгінде Бауыржан Ширмединұлы, Асылан Тілеген, Шерхан Талап бастаған 31 жас қаламгердің өлеңдері, олардың шығармашылық өмірбаяндары, сапалы фотосуреттері жинақталып, баспаға дайындалуда. Алдағы уақытта жинақтың тұсаукесер рәсімі өтіп, кітаптар ақындардың қолына тиеді. Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі бұл шығармашылық жобаны Қадыр орталығымен бірлесіп жүзеге асырады, - дей келе Бауыржан Файзоллаұлы ұжымдық жинаққа «Ақ Жайықтың аспаны» деген атауды жас ақын Мәрлен Ғилымханның ұсынғанын тілге тиек етті.

Оған қоса ол «Орал өңірі» газетіне жас ақындардың топтама өлеңдерін жариялауға ықпал ететінін айтты. Жиынға қатысқан жас шайырлар өз замандастары ұсынған атауды бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ олар мұндай ұжымдық жинақтың біраз жылдан бері шықпағанын, осындай жағымды жаңалықты асыға күтіп жүргендерін жасырмады.

Өз кезегінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов алдағы уақытта Ақ Жайықтағы жас қаламгерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, келелі кездесулер, әсерлі кештер ұйымдастырылатынын айтты.

5A610BEF-2EDC-4A50-9C99-11B2A824A331

Алтынбек Ермекқалиев, Дәурен Шамұратов, Бекболат Қаленов, Абылайхан Мақсұтов сынды жас ақындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ретті жерінде айта кетейік, Бауыржан Файзоллаұлы осыған дейін Ақ Жайықтағы жас ақындармен ақпан айында да кездесіп, олардың пікірлеріне ден қойып, барынша қолдау көрсететінін жеткізген еді.

Әлкеш Қалқаман

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале