Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, М. Өтемісов атындағы БҚУ доценті, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Жұмағаным Рахимова 1954 жылы 19 наурызда дүниеге келген. 1972 жылы Тасқала жалпы орта білім беретін мектебін бітірген. Содан соң бір жыл Ақтөбе музыкалық колледжінде оқыған. 1979 жылы Алматы қаласында орналасқан Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын «Жеке ән салу» бөлімі бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орындарында шамамен 30 жылдың үстінде ұстаздық қызмет атқарды. Ал сахна төрінде 40 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

Кейіпкеріміз 1980-1986 жылдар аралығында ұлттық консерваториядағы өзі білім алған бөлімде оқытушы болған. 1980 жылы Күләш Байсейітова атындағы республикалық байқаудың І орынын жеңіп алған. М. Глинка атындағы әншілер конкурсының дипломанты атанған. 1984 жылы КСРО жоғары кеңес президиумының грамотасымен марапатталған. 1979-1993 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде, Қазақ мемлекеттік филармониясында және «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде қызмет еткен.
– Балалық шақ естен кетпейді. Ата-анамның мен үшін орны бөлек. Үш ұл, үш қыз тәрбиеледі. Білім алдық, өстік, өркендедік. Өнер жолында шалқып жүргенім – ата-анамның арқасында. Біз – оларға қашанда қарызбыз. Олар – біздің әр кез жүргемізде. Әкем Әбілхалық Рахимов шойын жолда, бұрынғы Шипово стансасында инженер-электромеханик болып 40 жыл жұмыс істеді. Анам Мәриям Сүлейманова бала тәрбиесімен, үй шаруасымен шұғылданды. Әкем өнерді жақсы көрді. Жұмыстан шаршап келгенде ескі баянын қолына алып, әндетіп отыратын. Біз оның жанына жиналып, ән тыңдап, қосыла шырқайтынбыз. Сол баянмен тойларға, туған күндерге барып, ән шырқайтын қоңыр дауысымен. Соның бәрі маған әсер еткен шығар... Анамның да өнерге деген ықыласы ерекше болды. Концерттер ұйымдастырылса, қалдырмай баратын еді. Шыны керек, менің балалық шағым қызықты өтті. Тасқаланың табиғаты керемет-тұғын. Теректер көп болатын. Жазда көлге шомылып, балық аулайтынбыз. Алма ағаштары бар еді. Арасында сол алаңсыз шақтарды еске алып, ауылға барып тұрамын. Маған жол көрсеткен, тәлім-тәрбие берген мектептегі ұстаздарым да ешқашан ұмытылмайды. Оларға ризашылығым шексіз, – дейді кейіпкеріміз.
1993 жылы Жұмағаным Рахимова жұбайы, белгілі әнші, композитор Әшір Молдағайыновпен бірге Оралына оралды. Әшір Молдағайынов Ақ Жайыққа келген соң біраз туынды жазған. Осы өңірдің табиғатына тамсанған. Батыс Қазақстан облысында туған ақындардың жырларын оқып, ән-күй тыңдаған.
Ал Жұмағаным Рахимова өз өнерімен көрермен қауымды тәнті етіп, «Жайықтың бұлбұлы» атанды. 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына қол жеткізді. Қазіргі таңда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің, орыс халық аспаптары оркестрінің, Шамғон Қажғалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрінің, сондай-ақ «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен ән шырқап, тыңдарман жүрегіне жол тауып келеді. Оның репертуарында 200-ден астам қазақ, орыс және шетел композиторларының әндері, романстары бар. Жұмағаным Рахимованың орындауындағы әндер республикалық телерадионың «Алтын қорына» жазылған. Әншінің тағы бір қыры – оқытушылығы. Жұмағаным Әбілхалыққызының шәкірттері бүгінде үлкен-үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Оған қоса, халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, лауреат атанып келеді.
Өзі екі жыл бойы, яғни 2008-2009 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының шәкіртақысын иеленді. 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтті. 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», 2019 жылы «Қазақстан Республикасының ұстаздар қоғамының қайраткері» медальдарымен марапатталды.
– Өнер жолы – қиын жол. Халқымыздың өткені, бүгіні, болашағы өнермен тікелей байланысты. Біз қазақтың салт-дәстүрінен, фольклорынан ажырамауымыз керек. Бәрі бесік жырынан басталады. Әр адам өмірде өз миссиясын орындауға міндетті. Адамдар сол үшін өмірге келеді деген ойдамын. Мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде дәріс беремін. Талантты ұл-қыздарды тәрбиелеп, оларды әнге баулып жүрмін. Соларға бағыт-бағдар беру, пайдалы ақыл-кеңестер айту – мен үшін үлкен жұмыс. Жастарды ортасы тәрбиелейді. Соны естен шығармауға тиіспіз. Өнер адамдары үнемі ізденісте жүреді. Олар көп оқуы қажет. Өнерпаздардың әрбір сахнаға шыққаны – сабақ, тәжірибе. Жауапкершілікті сезініп, тыңдарманның сенімінен шығу ләзім. Шырқалған әндер концертке жиналғандарға рухани күш сыйлағаны абзал. Атақты опера әншісі Мария Каллас: «Өнер адамдары ізденісте жүреді. Себебі ізденіс оларға сенімділік сыйлайды» деген екен. Басқа да белгілі тұлғалар өнер адамы үшін ізденістің маңызды екенін айтып, жол көрсетіп кетті, – дейді Жұмағаным Әбілхалыққызы.
Кейіпкеріміз ауқымды жобалардың басы-қасынан табылып, көптеген мәнді-мағыналы, мәдени іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына себепші болды. 2017, 2019 жылдары Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Әшір Молдағайынов атындағы республикалық вокалистер конкурсын өткізді. Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, облыстық мәдениет басқармасы және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының қолдауымен І халықаралық вокалистер конкурсын ұйымдастырды. Сонымен қатар «Мәдениет, өнер және білім саласындағы педагогикалық тәжірибе мен инновациялар» тақырыбында І халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Әнші конкурстарды жастарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырады. Жастардың өз ісін жетік меңгеруіне септігін тигізуді парызы санады. Мұндай іс-шаралар жастардың бойындағы талантты ұштауға бағытталған. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды жастар қатысты.
Жұмағаным Рахимова ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізді. Оның осы уақытқа дейін «Уроки музыки и пения», «Алғашқы ұстазым», «Алғашқы қоңырау», «Сағындым сені, Ақ Жайық», «Краткий словарь-справочник для вокалиста», «Айша Бибі – Қарахан» операсының клавирі», «Реквием «Кленовая ветвь», «Вокальный цикл «Петербургские зори», «Учебно-методическая программа по дисциплине «Сольное пение» секілді ғылыми жұмыстары жарық көрді. Сонымен қатар «Айнамкөз», «Қимаймын өздеріңді қош деуге де», Батыс Қазақстан өңірінде туған атақты әнші, КСРО халық әртісі Роза Жаманованың 90 жылдығына арналған «Бақыт вальсі», Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абайға тағзым» ән жинақтарын және қазақ халық әндері жинағын басып шығарған.
– Ескі әндер – біздің байлығымыз. Жас өнерпаздар ізденісті тоқтатпауы тиіс. «Дауысым зор ғой» деп жүре беруге болмайды. Халық әндерінде қазақтың мұңы, тарихы бар. Қазақтың қандай нәубетті бастан кешкені – осы халық әндеріне арқау болған. Халық әндерін жан-дүниесімен сезініп шырқау үшін жастар тарихты білуі қажет. Мен көптеген өнер майталманымен жұмыс істедім, тәжірибе алмастым. Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шабал Бейсекова, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова секілді белгілі тұлғалардан көп нәрсе үйрендім. Бүгінде солардан үйренгенімді жастарға жеткізіп жүрмін, – дейді Жұмағаным Рахимова.
Айта кетейік, әнші жұбайы Әшір Молдағайыновпен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлы Аспандияр – газ саласының маманы. Қызы Ақбота – өнер адамы. Ол – опера әншісі. Астана қаласындағы Шабыт университетін тәмамдаған.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»