Осындай атаумен Орал қаласындағы Достық үйінде әкелер мектебін дамыту, отбасылық құндылықты нығайту, жалпы жанұялық тәрбие мәселесіне қоғам назарын аудару және облыстық «Әкелер одағын» құруға арналған жиын өтті. Облыстық білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның ұйымдастыруымен алғаш рет өткен жиынға аталған мекемеге қарасты әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Бекқали Бержанов төрағалық етті.
Сонымен, аталған алаңда халықтық тәрбиенің мектебінен өткен аға буын өкілдерімен қатар, орта жасқа аяқ басқандар, тіпті әке атанып үлгермеген жас толқынның өзі салиқалы да салмақты пікірлерін ортаға тастады. Шынында да, жақсылыққа жұмылдыратын жұғымды сөзді бозбала ерте құлағына құйып өссе, оның қайтарымы халқымызға олжа, жұртымызға жәдігер болары хақ. Осындайда дала дарабоздарының «Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Әрине, ол қатар да жас болған, жалынды болған. Жанар кезде жанған, озар кезде озған. Осылайша толғауы тоқсан тіршіліктің сүзгісі мен сынын көріп, мол тәжірибе жинап, «ақыл мектебінің» алғыр шәкірттеріне айналған. Сол көпті көргендердің ой-қазығы – ғұмыр-бақшасынан терген тағылым мен өмірлік тәжірибенің қосындысы. Кейбірінің бір өзі – бір мектеп. Мұны осы күнгі жиынның төрінен де көрдік. Күн тәртібіне қатысты сөз сабақтаған облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Сабыров, «Парасат» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» және Ы. Алтынсарин медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Дариға Мұштанова, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, ардагер-ұстаз Серік Қарабалин, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы Мерген Сүлейменов, тағы басқалар «Әке» деген үш әріптің қадір-қасиетін тамаша таразылап, оны жіті түсінбей жүрген кейбір «тентектердің» теріс қылықтарын да нақты дәйектермен алға тартты. Қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстап, қандай мәселені қаузаса да, ұшқыр ойы қамшы салдырмайтын Дариға Ғазезқызының ащы да болса ашық айтқан пайымдары көптің көңілін толқытқаны және айқын. Қоғамдағы осынау «дертті» дер уақытында емдемесе, көптеген шаңырақтың шайқалғаны былай тұрсын, шамы һәм жарығы мәңгі өшпесіне кім кепіл?! Әңгіме ауаны да сол баяғы ішкіш еркек, жүргіш әйел, бұзылған балалар тағдыры... Енді бұл қатарға бауырынан өрген ұл-қызын өз қолымен өлтіретін қанпезерлер қосылып жатыр. Қайтпек керек?!
Иә, жиын көтерген жүк ауыр. Бір күнде, бір демде бұл түйткілдердің тіні тарқатыла қоймас. Бастысы, сең қозғалды, сен де қозғал ендеше, ағайын! Айналаңа сергек қара: таяққа жығылған әйел мен жанары жасқа толған жасөспірім көрсең, айналып өтіп кетпе... Олардың сондай күйге түсуіне не түрткі, кінәлі кім?
Себеп-салдарын бірлесе іздейік, қол ұшын берейік! Алдымен, отбасының асыраушысы – отағасының тірлігі нешік, әкелік қамқорлығы қандай деңгейде? Жалпы сүйіп алған жар мен өмірге әкелген ұрпақ алдындағы оның беделі қандай болуы керек? Сосын, жақсы әкелердің көпке өнеге өмірін дұрыс насихаттай алып жүрміз бе? Мұның бәрі әлі құрыла қоймаған болашақ «Әкелер одағының» мойнына артылар аманат секілді көрінді бізге. Айтпақшы, жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері екшеле келе, облыстық «Әкелер одағын» аталған «Қоғамдық келісім» КММ-ның жанынан құруға және жұмысын осындағы Ақсақалдар мен Аналар кеңесімен бірлесе жүргізуге ұйғарым жасалды. Дұрыс та шығар, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме қазағым! Не болса да, әлгінде айтылған көп сауалға жауап іздейтін жанды одақ болғай-ды...
Жиын соңында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында қаладағы колледждердің студенттері арасында өткен «Әкеме хат» тақырыбында эссе жазу байқауының қорытындысы бойынша бір топ жеңімпаз марапатталды.
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz