23.08.2022, 9:45
Оқылды: 428

Әкеге деген сағыныш

Қаңтар айы келгенде қаланың өн бойын ақ қырау басып, кәрі қысқа еріксіз бастары иілген теректері, түтіндері будақтай ерсілі-қарсылы жөңкілген көліктері, Жер анаға ақ мамықтай төселген кіршіксіз аппақ қары, қолқаны қытықтайтын шымылтыр аязы әкеме деген жүрек түкпірінде жатқан сағынышты шымшып оятатын. Биыл әкемнің өмірден озғанына 30 жылдан асты.

1564754521_62xfmvixvjktu1kd-lg

Фотосурет: zhanaqorgan-tynysy.kz

Әкем Сәбитбек Бексариев – Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылына қарасты Жуалыой ауылының тумасы.

Қазақта: «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар, көзкөргендер әкемнің адамға қолұшын беруге әзір тұратын қайырымдылығы мен басынан сөз асырмаған өр мінезді, қайсар жан болғандығын айтып отыратын. Қаладан ауылға барғанда әкемнің құрдастары, жеңгелері, көз көргендер «Балам, кішкентай Сәбитжан келді» деп үйлеріне шақырып, бауырына тартқанына ішім жылып, бір марқайып қалатынмын. Бұл күнде ол кісілердің де қатарының сиреп бара жатқаны жаныма батады.

Бүгінде «Ағамның көзі» деп қорғаштап жүруге тырысатын, жандарына жақындасам әкем туралы ағыла жөнелетін ауылдас, рулас ағайынның барына, ортамызда аман жүргеніне шүкіршілік етемін. Ұрпағының әкесінің жанында арқасынан тау тіреп тұрғандай маңғаз көрініп, еркін сезініп, еркелейтіні анық. Кей уақытта әкесімен шөп шауып, қи шығарып жүрген балаларды көргенде қызғанбасаң да, белгісіз сезім тұла бойыңды шымырлатып, көзіңе жас үйіретіні анық.

Әке, Әке! Адам жанына жылылық ұялатып, намысыңды қайрайтын қандай киелі ұғым десеңізші! Әке – ұрпағын дүниеге әкеліп, аязға тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей қорған болатын, сүрінсе демеу беріп, қиналсаң қасыңнан табылатын ең жақын тірегің. Әке – сөйлеген сөзін, жасаған ісін үлгі тұтатын, жол нұсқап, ақыл айтатын, өмір мектебіндегі ең мықты ұстазың. Әке – ұрпағы өсіп-өніп, аяқтанғанша тыным көрмей, табан еті тіліне еңбек етіп, жанын беруге даяр қамқоршың.

Әке – басыңнан сипап, маңдайыңнан сүйіп, бірауыз ескертумен сабаңа түсіріп, бірауыз жылы сөзі қанат бітіретін, жүзінен мейірім лебі есіп тұратын тұлға.

Еуропаға еліктеп, озық технологияға елтиміз деп адами құндылықтар арзандап, ауылдың қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиесінен алшақтап бара жатқанымыз ащы да болса шындық. Теледидар, газет-журналдардан «Әкесін қарттар үйіне тастап кетіпті, әкесіне қол көтерген көрінеді», – деген жайттарды көзім шалғанда көкірегіме өксік тығылады. Оясыздардың қылығына, ардақты жандарын барында бағалай білмейтіндіктеріне қарным ашып, «Осылар кімнің арқасында дүниеге келгенін біле ме екен?» деген ой келеді.

Бұл күнде өзім әкемін. Екі ұлым есік алдынан күтіп, сағындық деп мойныма асылып, күні бойы өткерген қызықтарын жарыса айтқанда, жүрегім қарс айырылады.

Жұмыстан қайтқан әкемнің мойнына асылып, балашақтың қызықтарын тамсана әңгімелей алмағаным, жанымыздан мәңгілікке жыраққа кеткені жаныма батып, көкірегіме өксік тығылады. Демалыс күндері екі ұлыммен серуендеп, әңгімелеріне құлақ салып, бірге ойнап, уақыттарын қызықты өткізуге тырысамын. Екі ұлыммен алыса кететінім де бар. Олар да «Жеңілген күреске тоймайды» дегендей, терге малшынып, маңдай терлерін жеңіне шала-мала сүрте салып қайта ұмтылады.  Жаз шыға доп қуалап, футбол ойнайтынымыз бар. Сол кезде құдіреті күшті бір Алладан: «Бұларды мен секілді орта жолдан қалдыра көрме, ойындары қанып, буындары қатайсын» деп тілеймін!

Бірақ әкесіз өссем де, әкемдей болған анама ризашылығым шексіз! Ешкімге жаутаңдатпай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген анам жанымда, сүйікті немерелерінің ортасында. Анамның жүзін кірбің шалмай, немерелерінің қызығын көріп, ортамызда ұзақ жасауын Алладан тілеймін. Әкемнің бейітіне жылына бір барып, Құран бағыштап тұрамыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөзді берік ұстанамын. Немерелері атасын көрмесе де, танып-біліп өсуі тиіс... «Әке – асқар тау,  ана – ағып жатқан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген, асқар тауымызды бұлт шалмауын, бұлақ бастауының сарқылмауын, балаң құрақтардың сарғайып қурамауын тілеймін.

Нұрберген Бексариев

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале