2020 жыл ақпанның 2-сі. Италияның А сериясы. Милан-Верона матчы. 1-1 есебімен аяқталған ойын соңында «Милан» алаңға 18 жасар Даниель атты футболшыны шығарды. Бірнеше минут қана ойнаса да, жас бала тек Италияның ғана емес, бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Өйткені рассонери сапында алаңға Мальдини футболшылар отбасының үшінші ұрпағы шықты. Жас Даниель өзіне берілген бірнеше минут ішінде қатты көзге түсе қоймаса да, марқұм атасы Чезаре мен әкесі Паолоның, жалпы Милан жанкүйерлерінің арманын орындады. Даниельдің ағасы Кристиан да Милан сапында доп тепкенімен, негізгі құрам ойыншысы деңгейіне жете алмады. Енді футбол жанкүйерлері Мальдинилердің төртінші ұрпағы Милан сапында доп тебе ме екен деген ойда жүр.
Бір емес, үш ұрпақ бір командада доп тепкені жиі қайталана қоймайтын оқиға. Десе де, әлем футболында әкесінің жолын жалғаған футболшылар аз емес. Осы мақалада әлемге танылған әкелі-балалы футболшылар жайында жазып көрмекпіз.
Биылғы Еуропа чемпионатында Грузия құрамасы сапында жасындай жарқылдаған Хвича Кварацхелияны білмейтін жан аз болар. Бірақ оның әкесі Бадри Кварацхелияның футболшы болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Бадри Грузияда туған. «Скури», «Динамо» Тбилиси, «Мерани» сияқты гүржі елінің, «Капяз», «Шамкир» сынды Әзірбайжан командаларында доп тепкен. Тіпті Әзірбайжан құрамасына шақырту алып, үш ойынға қатысты. Грузия, Әзірбайжан елдерінің чемпионы. Әзірбайжан чемпионатының үздік сұрмергені атанғаны да бар. Бірақ ұлы әкесін басып озды.
Лилиан Тюрам кіші ұлы Хафренмен
Бір емес, екі баласын футболға берген әке де бар. Ол – Франция ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Лилиан Тюрам. Францияның көптеген командалары мен италиялық «Ювентус», испандық «Барселона» жейделерінде де ойнап көрген Лилианның әлем және Еуропа чемпионы деген атақтары бар. 1997 жылы дүние есігін ашқан ұлы Маркус әке жолын қуып футболшы атанды. Қазір италиялық «Интер» командасында ойнайды. Оған дейін Маркус Францияның «Генгам», «Булонь», «Олимпик», «Сошо» сынды футбол ұжымдарында өнер көрсетті. Тіпті немістің «Боруссиясында» да ойнап көрді.
«Интер» сапында ойнаған соң Маркус әкесі доп тепкен «Ювентус» клубын онша ұната бермейді. Тіпті әлеуметтік желілерге «Ювентусты» мазақ қылған посттар салып, Лилианның жынын қоздыратын. Бірақ 2001 жылы туған Хафрен Тюрам биыл «Ювентус» командасына ауысқан кезде Лилиан қуанышын жасыра алмады.
Екі бірдей ұлын футболға беріп, жоғары деңгейге жеткізген Лилиандай әке көп болсын. Бірақ оның екі ұлы да әкесінің жетістігін қайталай алмады. Маркус әлем чемпионатының финалында ойнағанымен, жеңіліс тапты. Ал Хафрен әлі жас. Франция ұлттық құрамасына шақырту ала қоймады.
Футбол династиялары көп шығатын ел – Италия секілді. Мальдинилерден бөлек осы күні итальян жанкүйерлері Кьеза отбасына да үмітпен қарайды. Бір кездері «Парма», «Фьерентина», «Лацио» секілді Италия клубтарында атойлаған, ұлттық құрамасы сапында да талай матчта өзін жақсы қырынан таныта білген Энрико Кьеза да ұлының футболға деген махаббатын оята білген әке. Оның Федерико атты перзенті кәсіби футболшы. Әкесі жете алмаған белесті бағындырды десе де болады. Өйткені Федерико 2020 жылы Еуропа чемпионы атанды. «Сеттиньянезе» командасында футбол әліпесін ашқан кішкентай Кьеза осы күні «Ювентус» секілді Италияның алып клубында ойнайды. Бір қызығы – жоғарыда аталған Хафрен Тюрам мен Федерико бір командаластар.
1992 жылғы Еуропа чемпионатында адам сенгісіз сенсация жасаған Дания құрамасының ерлігі әлі күнге дейін айтылады. Жарыс алдында демалыста жүрген футболшылардан құралған команданың қақпасын атақты Петр Шмейхель қорғады. Дания, Португалия, Англия елдерінің біріншіліктерінде жасындай жарқылдаған Петр ұлының жай ғана футболға емес, қақпаны қорғауға деген махаббатын оята білді. Десе де, оның ұлы Каспер көпке дейін әке үмітін ақтамаған перзент саналды. Тек 2015 жылы «Лестер» командасы сапында жүргенде жасындай жарқылдап, кішкентай клубтың Ағылшын премьер лигасын жеңіп алуына көп көмек тигізді. Содан кейін футбол жанкүйерлері Касперді әкесінің көлеңкесі емес, шеберлігі шыңдалған қақпашы деп мойындай бастады. Тіпті ұлттық құрамасымен бірге Еуропа чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Біздің Асхат Тағыберген тепкен сұмдық соққыны қайтара алмай, қазақ еліне ерекше эмоция сыйлағаны тағы бар.
Екі мыңыншы жалдардың басындағы АҚШ құрамасын Клаудио Рейна атты футболшысыз елестету мүмкін емес еді. Түбі аргентиналық болса да, АҚШ намысын жартқан жартылай қорғаушы 4 бірдей Әлем чемпионатына қатысты. Еуропада Германия, Шотландия, Англия клубтарында ойнағаны да жанкүйер есінде. 2002 жылы туған ұлы Джованидің футболшы болуына әсер еткен әке. Жас болса да, Германияның «Боруссия» командасында доп тепкен Джовани әкесінің ғана емес, күллі АҚШ арманын орындап, әлемдік доп додасында жеңіске жетуді қалайды.
Әкесінен озған футболшы ұлдардың тізімін норвегиялық Эрлинг Холланд бастап тұрғаны жасырын емес. Әлемді аяғына қаратқан шабуылшының жасы 24-те. Ұлттық құрамасын үшбаққа шығармаса да, өзі ойнайтын командаларын алға сүйреп жүр. Германияның «Боруссия» командасында жүрген кезде көзге түскен Эрлинг аталмыш ұжым сапында өткізген жылдары мергендігімен көзге түсті. Қазір Пеп Гвардиоланың қол астында ағылшындық «Манчестер Сити» командасында ойнайды. Оның әкесі Альф Инге Холланд футбол тарихындағы ең атышулы кек алудың құрбаны болды. «Лидс Юнайтед» сапында жүрген кезде «Манчестер Юнайтедтің» капитаны Рой Кинмен соқтығысқан Эрлингтің әкесі қарсыласы симуляция жасап жатыр деген оймен Ройдың жанына келіп, тезірек тұр деп айқайлайды. Бірақ Киннің жарақаты ауыр еді. Ол оқиға 1997 жылы орын алды. 2001 жылы «Манчестер сити» сапында жүрген кезде Альф Инге Холланд пен Рой Кин тағы да кездеседі. Өткен ғасырда болған оқиған ұмытпаған Рой ойын сәтінде Холландты әдейі жарақаттайды. Ол туралы өзінің автобиографиялық кітабында да жазып кеткен. Содан кейін Эрлингтің әкесі жасыл алаңға шықпады. Бірақ көпшілік ойлап жүрген Рой Кин жасаған жарақат салдарынан футболды қойып кетті деген сөзді Альф Инге жоққа шығарды.
Бұл әлем футболындағы әкелі-балалы футболшылар. Ал қазақ футболында ондай отбасылар бар ма? Әрине бар. Ең алдымен еске Михаил және Марк Гурмандар түседі. Әкесі Михаил КСРО кезінде жақсы футболшы болды. Ұлы Марк ұлттық құрама сапында ойнағанын білеміз. Десе де, жанкүйер қауым Марктің ойынын онша ұната бермейді.
Фомичев отбасынан да футболшылар шыққан. Кезінде тас қамал қорғаушы болған Владимир Фамичев бапкер ретінде де көзге түсті. Ұлы Илья да жаман өнер көрсеткен жоқ. Өзбекстан, Финляндия чемпионаттарында доп тепті. Бірақ жоғарыда аталған футболшылардай жетістікке жете қоймады.
Еліміздегі ең атақшы футболшылардың бірі болған – Самат Смақов. Оның атасы да, әкесі де футболшы болған деседі. Бірақ олар Самат жеткен жетістікке жете қоймады. Осы күні Смақовтар династиясын Саматтың 2008 жылы туған ұлы Аламгир жалғап келеді. Жастайынан алматылық «Қайрат» клубының академиясында жаттыққан кіші Смақов осы күні Түркияның «Бешикташ» клубының ойыншысы.
«Әке көрген оқ жонар» дейді мақал. Әке жолын жалғап, футболшы болған спортшылар қалыптасқанша көптің көз алдында болады. Өйткені жанкүйер оларды әкесімен салыстырады. Бүгінгі кейіпкерлер туралы айтқан кезде де алдымен әкелерін айтамыз. Ендеше, ұяда көргенін ұшқанда ілген жас қырандар көптің үмітін ақтай берсін.
Түгелбай Бисен,
"Орал өңірі"