15.07.2021, 18:10
Оқылды: 1257

Әкімді сайлау бұрынғысынан өзгерек

Елімізде шілде айының соңғы он күндігінде ауыл әкімдерін сайлау өтеді. Бұл сайлау бұрынғысынан өзгерек болмақ. Үміткерлерге енді мәслихат депутаттары емес, сайлау құқығына ие ауыл тұрғындары дауыс бере алады. Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов 93 кандидат «Әкім болам» деп құжат тапсырғанын айтты. Шілденің 14-і күні 9 аудан бойынша 82 кандидат сайлауалды науқанда тіркеліп үлгерді. Қапақов үш үміткердің мемлекеттік қызмет талабына сәйкес келмеуі, сегізінің сайлау жарнасын төлей алмағаны себепті додаға түсуден сырт қалғанын айтты.

EE645F7A-49E2-4731-8990-1977D8215F97

Сайлауға қызу дайындалып жатқан кандидаттардың бәрі куәлігін алған. Өздерінің сенімді өкілдерін бекітіп, үгіт-насихат жұмысына білек сыбана кіріскен. Кандидаттардың жалпы орташа жасы 41 деп есептелінеді. Олардың ішінде әйел затынан ауыл-аймақты басқара аламыз деп тәуекел етіп отырған алты адам ғана бар. Үміткерлердің 63 пайызы ауылдық жерде тұрады. Басқа өңірден келіп, саяси науқанға қатысам деушілер болмаған. Тіркеуге алынған 82 кандидаттың 39-ы саяси партиялар атынан қатысса, 43-і – өзін-өзі ұсынғандар.

– Ауыл әкімдерін сайлау шілденің 25-і күні басталады. Сайлау барысы ашық және жария түрде өтеді. Байқаушы ретінде қатысам дегендер әділет органдары арқылы тіркеледі. Тұрғындардың 70 пайызы шоғырланған 13 округ кандидаттары облыстық деңгейдегі телеарна және мерзімді баспасөз арқылы сайлауалды бағдарламарын таныстырады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезінде сайлау комиссияларына арыз-шағым түскен жоқ. Жалпы 31 сайлау округі бойынша 38 мыңдай сайлаушы кандидаттарға дауыс бере алады. Облыста 79 сайлау учаскесі дайындалады. 14 сайлау округінде – екі кандидаттан, 17 округте – бір саяси партиядан, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе аудандарының төрт ауылдық округінде өзін-өзі ұсынған кандидаттар тіркелді, – деді Ғайса Қапақов.

 Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале