Бүгін ертегі кейіпкерлері бар жаңа жылдық керуен Орал қаласында тұратын көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың үйіне барып, балаларға жаңа жылдық сыйлықтарды тарту етті. Мерекелік керуенді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков бастап барды.
Ең алдымен Зашаған кентінде тұратын көпбалалы Ғұмаровтардың шаңырағына ат басын бұрған қала әкімі А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы Бибарыс Құрманғалиға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы сыйлықтарды табыс етті.
- Жаңа жылдың қарсаңында көп баланы тәрбиелеуде, оларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ етіп өсіруге қосқан үлестеріңіз үшін сіздің отбасыңызға арнайы келдік. Жыл сайын Президенттік шырша ұйымдастырылып жүргенін білесіздер. Соған орай қалалық білім беру бөлімі көп оқушының арасынан Бибарысты оқуда үздік деп танып, Президент шыршасына қатысуға ұсыныс жасаған болатын. Өкінішке орай биыл шектік шараларына байланысты жаңа жылдық кештер өтпейді. Бірақ соған қарамастан сіздерді қуанту үшін арнайы құттықтап келдік. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, - деген қала әкімі Абат Абайұлы Президенттің құттықтауын оқып беріп, Bilimbook mini планшетін, 100 мың ақшалай сыйлық пен тәттілер салынған қобдишаларды тарту етті. Сыйлықтардың ішінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай дайындалған «Мәңгілік тұлға – ұлы Абай» туралы жинақ пен «Қазақ ертегілері» де бар.
Бибарыс Құрманғали жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, елордадан сәлемдеме жолдаған ел Президенті мен қала әкіміне алғысын білдіріп, әрдайым оқуда озат болуға уәдесін берді.
Одан әрі қала әкімі А.Шыныбеков бірнеше отбасыға арнайы барып, Орал қаласы әкімдігінің атынан сыйлықтар табыстап, мерекемен құттықтады.
- Құрметті оралдықтар! Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл меркесімен құттықтаймын! Жылдағы дәстүрімізге сай жаңа жыл қарсаңында көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арнайы барып, құттықтап келеміз. Биыл эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қала әкімдігінің ұйымдастырған сыйлықтарын Аяз-ата мен Ақшақар әр баланың үйіне барып табыстайтын болады. Бұлардың ішінде аз қамтылған отбасыдан шыққан 120, мүмкіндігі шектеулі 140 бала бар. Ал қаламыздағы 27 бала Президенттің сыйлығына қол жеткізбек. Балаларды қуанту үшін көліктер арнайы безендіріліп, ертегі кейіпкерлерімен бірге музыкалық сәлемдеме жолданатын болады, - деді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz