Ақсай қаласында толық жаңғыртылған «Қазақстан» теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды маңызды инфрақұрылымдық нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Аймақ басшысы жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асырған мердігер компания мен құрылысшыларға алғыс айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тәуелсіздік жылдары елімізде алғаш рет теміржол вокзалдарын кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен өңірдегі 4 теміржол нысанын жаңғырту басталды. Күні кеше жаңадан салынған Семиглавый Мар станциясын ашсақ, бүгін екінші бекетті пайдалануға беріп отырмыз. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік белсенділікті арттыруға және туристік әлеуетін нығайтуға оң әсер етеді, - деді Нариман Төреғалиев.

90 жылдық тарихы бар «Қазақстан» вокзалын жаңғырту жұмыстары аясында ғимарат толық жаңартылып, заманауи сәулеттік келбетке ие болды. Сонымен қатар 2 перрон мен вокзал маңындағы көпір қалпына келтіріліп, инженерлік инфрақұрылым желілері жаңартылды. Айнала абаттандырылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
