Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов Президент Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін екеуі аз-кем әңгімелесті. Америка басшысы биыл қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақ үйдегі кездесуден алған әсерімен бөлісті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

Құрама Штаттар көшбасшысы Қазақстан Президентіне жылы лебізін жолдап, оны құрметтейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты «халықаралық үдерістерді терең білетін әрі жан-жақты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам» деп сипаттады.

АҚШ Президенті Мемлекет басшысына сый-сыяпат жолдады. Олардың арасында Ақ үйдің символикалық кілті мен өзінің қолтаңбасы қойылған бейсболка да бар.
