Сурет: сайт архивіненАтап айтқанда, әрбір банкнота бірқатар сынақтан өтеді.
Кезеңдердің бірі – ластануға төзімділігін тексеру.
Тестілеу алдында мамандар қағаздың бастапқы сипаттамасын саралайды, кейін ақша айналымға түскенде кездесетін әсерлерді имитациялайтын арнайы құрылғыға салады. Сынақ аяқталған соң қайта өлшеу жүргізіп, алынған нәтижені сараптайды.
"Банкнотаны қалтаңызда ұмытып кетіп, кір жуғыш машинаға салып жіберсеңіз де, бұл біз үшін тосын жағдай емес – мұндай сценарий сынақ бағдарламасында алдын ала қарастырылған. Сынақ кезінде банкноталар суға, жуғыш заттарға, механикалық үйкеліске және күнделікті өмірде кездесетін әсерлерге сыналады", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Сынақтан кейін мамандар банкноталардың сапасын бағалап, қорғаныш элементтерінің бүлінбейтінін тексереді.
Заманауи банкноталар көптеген сынақтан өткеніне қарамастан, оларды ұқыпты ұстау қажет. Купюраларды қатты бүктемеуге, жыртпауға, жазу жазбауға немесе ылғал жерде сақтамауға кеңес беріледі. Ұқыпты қолдану банкноталардың қызмет ету мерзімін ұзартуға және олардың қорғаныш элементтерін сақтауға көмектеседі.