Ақ Жайық өңірінің дамуында өзіндік айшықты қолтаңбасы бар тұлға – Мәлік Құлшар Иманқұлұлы ұзақ жыл Батыс Қазақстан облысында басшылық қызметтерде болды. Ол кісінің уақытында атқарған жоғары лауазымдарын қазір жіпке тізудің қажеті бола қоймас.

Өңірімізге кеңінен танымал тұлғаның қоғамдық-саяси һәм мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесі ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттығына ұласып, осыдан екі жыл бұрын құрметті еңбек демалысына шыққан еді.
Ғибратты ғұмыр иесі атанған айтулы азаматтың 65 жасына орай, соңғы жылдары аға-інідей сыйлас болған абзал ағамыздың құрметіне інілік ізетпен төмендегі жазбаны жариялауды жөн санадым.
Мәлік Иманқұлұлы – ақсүйек. Бітім-болмысы, мінез-құлқы, қимыл-қарекеті осы анықтамаға саяды. Тұла бойы тұнған дипломатия. Бұл – менің жеке пайымым.
Саналы ғұмырын Батыс Қазақстан облысының өркендеуіне арнап, талай мектептен өткен тәжірибелі, кәнігі, бейнелі тілмен айтсақ, «саясатта сары тіс боп сақарған» сарабдал тұлға.
Дәстүрлі қазақ қоғамында ақсүйектер деп ел билеген төре руының өкілдері, яки, шыңғыстектілерді айтқан.
Олар – ғасырлар бойы қазақ қоғамын билеген текті әулет.
Тектілік деген жайдан-жай айтыла салған сөз немесе мол қаржыға супермаркеттен сатып алатын бағалы зат емес. Ол керек болса мыңғырған мал-дәулеті бар шылқыған байлар мен биліктің ұшар шыңдарында жүрген кейбір ірі лауазым иелеріне де бұйырмаған бақ. Оның қан арқылы беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тұқым қуалайтын ұлы қасиет екенін бабаларымыз бағзы замандарда-ақ терең білген.
Айталық, алты алашқа мәшһүр Бекасыл әулиенің (1822-1915):
«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды...», – деп айтқаны айна-қатесіз ақиқат.
Төрелердің ұстанымы: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дегенге саяды.
Патшалық Ресей хандық билік институтына қақырата соққы берсе, кеңестік-коммунистік режім төрелердің тұқымын тұздай құртқысы келді. Тағдырдың тәлкегін көріп, қудалауға түскен ақсүйек ру жан сақтау үшін ендігі жерде «төре-төлеңгітпіз» дегенге дейін барды.
Бір нәрсенің басы ашық. Төрелер – қазақтың ел басқарушы саяси элитасы. Әңгімені алыстан орағытып отыруымның негізгі сыры мынада. Мәлік ағамыздың руы – төре. Ата-бабасы – ел билігіне араласқан өңкей мықты: шыңғысзада, асылзада, бекзада жандар, ел ұстарлары.
Олардың есім-сойлары шежіре бойынша былайша жіктеледі: Әбілқайыр хан – Нұралы хан – Жан Әлі сұлтан – Сүйініш Әлі сұлтан – Мұса Әлі – Ахмет Әлі – Құлшар – Иманқұл. Даңқты Әбілқайыр ханнан тамырын тартатын, әйгілі әулеттен шыққан кесек тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін сараласақ, тым тереңге кетіп қалуымыз мүмкін.
Қысқасы, арамызда жүрген төрелерге қоғамның кейде сын көзбен қарап, олардың бойларынан кісілік, асылдық, ірілік іздейтіні жасырын емес. Бұ кісімен бірге жүрген күндерде байқағаным, ағамыз жастайынан саясатқа араласып, сарсүйек болғасын болар әр сөзіне, әр қимылына, әр эмоциясына аса сақтықпен қарап, өзінің ойын тамаша тізгіндеп отырады екен.
Ағамыздың қай жерде нені айтып, нені айтпау керек екенін қапысыз ұғып, дөп басатынына тәнті боласың. Қаншалықты қарапайым болса, соншалықты күрделі.
Шапшаң, ширақ қимылдап, сергек жүреді. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Әңгімелерінің қайырымы қысқа. Тіл табысқыш. Қайсыбір жандардың өрескел сауалдары мен сұрғылт сұхбаттарынан оп-оңай жол тауып, сыпайы түрде сытылып шығып кетеді.
Мемлекеттік қызметтің қазанында әбден қайнап шыққан һәм шыныққан азамат болғасын оның «кухнясын» бір адамдай жетік біледі.
Су асты ағыстарындай көзге көп көріне бермейтін саясаттың шытырман ойындары мен ережесіз белдесулерін алыстан аңғарып һәм шебер меңгерген.
Өзінің өмір жолында талай тісқаққан әккі саясаткерлердің алдын көргені әңгімелерінен ап-анық көрініп тұр. Мәлік Иманқұлұлының тағы бір тамаша қасиеті – соңғы буын жас саясаткерлерді аяқ алысынан жазбай танитындығы. Мүмкін, мұның бәрі жылдар бойғы жиналған бай тәжірибемен келген болар.
Мәлік Құлшар – билік иерархиясының әртүрлі инстанцияларында болған, саяси тәжірибесі орасан, екі жүйені, екі формацияны да көзімен көріп, екеуінің тұсында да ел билігіне араласқан жан. Тәуелсіздік алған тұста орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағында болса, қазір пайғамбар жасын артқа тастап, алпыстың жуан ортасына жетіп отыр.
Жеке қасиеттері мен өмірлік ұстанымы бір арнада тоғысқан тұлғаның қоғамдық ортада боқ дүниенің соңына түспей, арына қылау түсірмеген, жан-дүниесі кіршіксіз таза, өте ұстамды, байсалды, сырбаз, нағыз мемлекетшіл тұлғалар сапынан екендігі баса айтылады.
2020 жылы желтоқсан айында ағамыздың жанында жүріп, облысымыздың 12 ауданы мен 36 ауылын аралағанымызда аңғарғаным, Мәлік Иманқұлұлының ел-жұрт алдында асқар таудай абырой жинаған азамат екені.
Бір данышпанның айтқаны бар: «Бұл өмірде адам екі нәрсені сатып ала алмайды. Біріншісі – денсаулық. Екіншісі – абырой». Бұл – ел басқару ісіне араласқан азаматтардың бәрінің бірдей маңдайына жазылмаған бақ десе де болады.
Жаңабек Жақсығалиев,
тарихшы-ғалым
P.S. Ақиқатын айтсақ, бұл шағын мақаланың негізгі бөлігі осыдан төрт жыл бұрын жазылған-ды. Алайда ағамыз осы жазбаның қалың оқырманмен қауышуына аса бір ықылас таныта қойған жоқ.
Бәлкім, ақсүйек әулеттен шыққан асыл ұл қазақтың «Мақтанғаннан сақтан» деген қағидасын қаршадайынан құлағына құйып өскен болар. Алайда не нәрсенің де орайы мен уақыты, жөні мен келісі бар. Ендігі жерде оны сары майдай сақтап, сүр еттей сүрлей берудің мәні жоқ сияқты.
Тумысынан адалдықты ту еткен азамат туралы ойымызды дана халқымыздың: «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген нақылымен түйгіміз келеді.