21.11.2025, 12:15
Оқылды: 77

Ақтайсайдан ұшқан ақ сұңқар

Биыл елімізге танымал қайраткер ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айсұлу Қадырбаева жетпістің бесеуіне толып отыр. Оның шығармашылығы да, қайраткерлігі де халықтың көз алдында.

Ал біз бұл жолы ақын апамыздың Қаратөбедей киелі елде, Ақтайсайдың қасиетті топырағында дүниеге келіп, сол топырақта есейгенін туған жердің қазіргі ұландарына сезіндіретіндей, олардың мақтаныш сезімін туғызатындай естеліктерге кезек бергіміз келді. Сөйтіп, өмірінің мерейлі белесі қарсаңында Айсұлу Ерекешқызымен Орал қаласында арнайы кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Айсұлу апа, көз алдыңызда сақталған туған жер суреттері, ес біле бастаған шақтың есіңізде қалған оқиғалары қандай еді? Балалық шағыңызға саяхаттап қайтсақ?

– Мен біреудің асыраған жалғыз қызымын. Асыраған әке-шешемнен бастайын. Әкемнің аты – Ерекеш Аязбайұлы. Руы – Ысықтың Жылқыайдары. Төрт түлік малдың бәрін бақты. Шаруаның адамы. Асыраған шешем – Дәмелі Баймұқанқызы. Ол кісілер – бірі зайыбынан айырылып, екіншісі күйеуінен айырылып, сондай жағдайда қосылған адамдар. Екеуінің де сағалаған жері менің туған әке-шешем болыпты. Туған әкемнің аты – Ашыққали Жақсығалиұлы. Руы – Ысықтың Тоғызбайы. Өзім қазір Тоғызбай болып жазыламын. Бірақ көкем Ерекештің шежіресінде тұр-мын. Өйткені өз әкем Ашыққалида ұл бар ғой. 1947 жылы дүниеге келген туған ағам бар еді. Қазіргі таңда ол кісі де қайтыс болды. Оның Алтынбек деген жалғыз ұлы Орынборда тұрады. Екі әкем де соғысқа қатысқан. Екеуі де жарақат алып келген. Асыраған көкем оқымаған адам. Бірақ өте зерделі кісі еді. Керемет ән салатын. Мұхиттың әндерін айтады. Аса бір зор дауысы болмағанымен, шыңылдап шығатын үні әуезді еді.

Ол кезде озып шыққанда көретініміз Ақтай ғой. Ақтайдың Төбеқұдық деген же­рі бар. Төбеқұдықтың арғы жағы жайлау, мал қыстақтары. Мен жалғыз бала болғандықтан ермегім қошақан, бұзау, қалаберді үйдегі қара ала күшік пен қара ала мысық еді. Баладай ойнайтынмын соларменен. Көкем мені ілестіріп жүреді. Ақша-таудың етегі, қия-қия жерлерде жуа өседі. Көкем екеуміз жуа тереміз. Қыстың күні мал жайса да, қора тазаласа да мені алып жүретін. Өзі әдемілеп, орнықты, аумайтын етіп шана жасап берген. Мүйізі қарағайдай қошқар бар, соған шананы байлап береді. Әлгі қошқарды мен айдаймын ба, әлде өзінің есі бар ма, әйтеуір, мен отырған шананы сүйреп жүреді. Осылай өткен балалықтың қызықты  сәттері  есімде.

Судың жағасына, әдемі бір көгалды жерге жайлауға шығатынбыз. Көкем жайлауға келісімен су жағасындағы жас талдардан шарбақ тоқып, күрке жасайды. Бірі үлкен, бірі кішілеу қос күркенің алдында қазан тұрады. Көк шөптің иісі бұрқырап, керемет болатын. Жазымыз жайлауда өтеді. Сулысай, Шыңғыс деген жерлерді жайладық. Шыңғыс сайда жарқабақ бар, кішкентай су ағып жатады. Сол жарқабаққа үкі қонады. Үкіні ұстамайды, үркітпейді, түсіп қалған қауырсындарын ғана алып, көкем мамама әкеліп береді. Мамам маған үкілі сәукеле тігеді.

4a642c60-01cf-4da6-b416-c5ace469e1c5

Қай жерді жайласақ та, керемет тұщы, тіс сындырардай салқын, қайнардан, тереңнен шыққан құдықтар болатын. Төбеқұдық деген жерде отырғанымызда жас балалар жаңбыр суынан жиналған тайыз суларға шомылатынбыз. Төрт жастың төңірегіндегі кезім болса керек. Ылғи көкемнің жетегінде жүремін. Сулысайға көшіп барғанымызда құдықтан басқа су жоқ. Алыстан бұлдырап көзіме көл көрінеді. «Көке, ана суға алып баршы» деймін. «Су емес қой ол, сағым» дейді көкем. Мен үшін сағым деген түсініксіз бір жұмбақ. «Көкем көрініп тұрған суға неге апармайды?» деп ойлаймын.

Сулысайда отырғанымызда патефон болды. Жұрттың бәрі соны тыңдауға жиналады. Мамам керемет қонақжай, ұқсатымды кісі еді. Ферма меңгерушісі келсе де, басқа қонақтар болса да біздің үйге түседі. Содан айтайын дегенім, патефон ойнайды. Роза Бағланова ән салады. «Алматы» деген сөздер айтылады. Сонда мамам: «Менің қызым оқуға Алматыға барады. Мен қызымның артынан барам. Аянжан қайда болса, мен сонда болам» дейтін. Сол сөздердің санама сіңіп қалғаны сонша, ақыры Алматыға кеттім ғой...

– Айсұлу апа, белсенділік, ширақтық секілді қасиеттер жас күніңізден байқалды ма? Әлде бұл қасиет  есейе келе қалыптасты ма?

– Әлі мектепке бармаған кезім. Бес жасқа толған-толмағанымды білмеймін. Ақтайсайдан Егіндікөл бетіне қарай қоныстанып, сиыр бағып отырған кезіміз болу керек. Бірде көкем мен мамам мал тапсыруға Орынборға кетеді. Өздері баққан малды өздері тапсыратын. Үйде көкемнің жақын інісі Зейнолла деген кісінің шешесі – әжей бар. Мен сол әжеммен қалдым. Әке-шешемнің алысқа сапарлап кеткенін естіп алғаннан кейін, әлгі әжей ұйықтап жатқан кезде мен ала таңмен тұрып, күркеден шығып кеткенмін. Жылауменен жүре-жүре бір көпірден өтіп, ит-құсқа жолықпай, Жігерленге жеткенмін. Өзімше ата-анамның артынан кетіп бара жа-тырмын ғой. Бейтаныс баланы көргесін біреу қамқорлап, айналдыра ат шаптырып хабарлайды. Сөйтіп, аман-есен үйіме алып келеді. Малдарын тапсырып, қайтып келгенде мамамды алдынан шығып қарсыламадым. Маған айтпай, тастап кеткендері үшін ренжулімін. Келесі бір жолы Орскіге мал айдады. Онда мені қалдырмай ала кетті. Ол сапар мен үшін той болды ғой.

Бірде көкем ферманың орталығы Төбеқұдыққа кеткен. Ол келгенде алдынан шұрқырап, қуанып шығатын әдетіміз ғой. «Айналайын!» деп керемет еркелететін. «Оқисың ба?» деді маған сол жолы. Ол кезде оқу, тоқу деген ойда жоқ. Мектеп деген екі бастан қаперге кірмейтін нәрсе. «Оқимын» деппін. «Ой, айналайын!» деп атқа көтеріп алып, алдына отырғызып, өз­ге ойын балалары да шуылдап бірге үйге кірдік. Мамам шай қойып жатыр. Сөйтіп, Төбеқұдыққа бірінші сыныпқа бардым. Бұл 1957 жыл болатын. Жасым жетіге тола қойған жоқ. Ол кезде мектепке жеті жастан алатын.

Сабақты жақсы оқыдым. Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін сабақ берген Аяпберген деген мұғаліміміз болды. Ол кісі анда-санда сабақты тастайды да, Ақтайға кетіп қалады. «Ей, Аяпберген, балаларыңның оқуы бар емес пе?» деп сұрағандарға «Айекен оқытады ғой» дейді екен. Сөйтіп, сыныптастарымды өзім оқытып отыратынмын (Айсұлу апа күліп алды). Және балалар сондай тәртіпті. Аяпберген ағай көбейту кестесін жат-тағандарды сабақтан босатқанда жаттап алғанымды айтып, жалғыз өзім шығып кететінмін. Сыныптан шыға алмай отырған кластастарымды терезеден көріп, аяймын.

Белсенділік демекші, Ақтайда сегізінші сынып оқып жүргенде комсорг болдым. Негізі ол уақытта комсомол болуға жасым жетпей жатқан. Мектепте комсомол ұйымын басқарған Исатай Сердалин ағамыз менің аты-жөнімді көрсетіп, ауданға хат жазады. Комсоргтыққа осындай бала лайық еді, бірақ жасы жетпей тұр. Сондықтан бұл баланы уақытынан бұрын комсомолдыққа қабылдау керек дейді. Содан рұқсат беріліп, мені комсомолға алады. Сөйтіп, сол бойда комсорг қылады. Оған дейін октябряттардың бастығы, дружина советінің бастығы болған едім.

– Әрі қарайғы есею жылдары, арман қуып, Алматыға баруыңыз туралы кеңірек әңгімелесеңіз?

– Ақтайдағы оқу сегізінші сыныппен аяқталады. Тоғызыншы класты оқу үшін балалардың барлығы Қаратөбеге кетеді. Сонда интернатта жатып оқитын. Мен де жиналып жатырмын. Бірақ көкем: «Көкем-ау, мен жалғызбын ғой. Шәйімді кім қайнатып береді? Сен оқымай-ақ қойсайшы. Жақсы оқыдың ғой. Осы оқығаның жетеді ғой» дейді. Ол кезде мамам жоқ.

 Мамамның дүниеден өтуі де оқыстан болды. Ақтайға көшіп келгенде тиген қыстау шет жақта, сайдың қабағына жақын, еңісте болатын. Содан бір күні ауылдың орталығындағы Бесқыстау деген жерге көшетін болдық. Көкем көшкенде ырдуан арбасына тезек тиейді. Ат жүріп кеткенде соғыстан жараланып келген адам қозғалып үлгермей, атарбаның астында қалған. Көз алдында болған әлгі көрініс жанына ауыр тиіп, мамамның ауруы кенеттен асқынып, жатып қалады. Көкем дәрігерге барған адам емес. Ауылдық совет хатшысы Ислам ағаның әкесі, сынықшы Құтқожа қартпен араласып тұрған. Сол кісінің арнайы оқып берген беторамалы болатын. Соны жайып қойып, білгенін оқып, көп жатпай тәуір болып кетеді. Мамам болса, жаңа көшіп келген үйде төрт айдай ғана тұрып, ақыры меңдеген ауруы бой бермей, қайтыс болды. Содан көкем екеуміз қалаға бардық. Енді оқуға барғым келеді, көкем жібергісі келмейді. Көкем ауылдың кеңсесіне барғыштап кетіп еді. Бір күні «Айналайын, отыршы, бір әңгіме бар еді» деді. Сөйтіп, мені сұрап алғандарын, негізі Ашыққали мен Ақжан деген кісілердің баласы екенімді жеткізді. Өйткені, маған куәлік «Ерекешова» деп жазылмай, «Ашыққалиева» деп берілген екен. Көкем әрі барып, бері барып, түзете алмаған. Ол үшін асырап алған кезін-де бір жасқа толмай тұрып, куәлік алуы керек екен. Мен үшін мұндай жағдайды есту, ол кісілерден емес, басқа адамдардан туғанымды білу мамам қайтқаннан кейінгі ең үлкен трагедия болды. Көкемнің алдына құлай кеттім. Екбеттеп жылап жатып, «Көке-ау, өтірік деп айтшы» деймін сенгім келмей...

Қазақ деген халықтың тә­биесі қандай?.. Менің асырап алған бала екендігім ешкімнің аузынан шықпаған.

Сонымен не керек, тоғызыншы сыныпты интернатта жатып, Қаратөбеден оқыдым.

Сабақ үлгерімім де, тәртібім де жақсы болды. Келер жылы Ақтайдағы мектеп он сыныптық болып ашылды. Сөйтіп, мектепті Ақтайдан бітірдім. Мектеп бітіру кешіне бармаймын деп шештім. Өйткені, аттестат бергенде тегімді «Ашыққалиева» деп атаса, көкем де естиді, көңіліне тиеді деп қамығып жылаймын. «Ол жерде фами-лияңды Ерекешова қылып оқиды» деп түсіндіріп, директордың атынан апайлар келді. Әйтеуір, көкем екеуміз бардық. Мені «Ерекешова» деп атағанына көкем қуанып келді. Оқу білмейтін кісі ғой. Аттестатта «Ашыққали-ева» деген фамилия жазылып тұр еді. Әрине, мұндай жағдайлар жас адам үшін күйзеліс қой.

Оқуға Алматыға түстім. Оның өзі қызық болды. Мектепті жақсы оқығаным бар. Өзімше жазған өлеңдерім бар. Сонымен журналист болам деп ҚазМУ-ға бардым ғой. Сөйтсем, журналистикаға өлең емес, мақала керек екен. «Тіліңіз жақсы екен, ҚазПИ-ге барсаңыз қайтеді?» деп кеңес берді құжат қабылдаушылар. ҚазПИ-ге келіп, екі үштік, екі төрттік деген баға алып, іріктеуден өтпей қалдым. Даярлық кезінде жатақханада Роза деген апаймен бірге жатқанмын. Ол кісі де оқуға түсе алмады. Құжаттарымды алуға қиналып жүр едім, Роза апай ақылын айтты. «Мен жиырма үштемін. Осы алтыншы рет келуім. Енді тұрмысқа шығамын. Ал сен оқуың керек. Ректор өте жақсы адам. Серғали Толыбеков деген кісі. Сен соған кіріп шық. «Келер жылы қайтадан ке-лемін, аға! Мен құжаттарымды алып бара жатырмын» деп айт. Сен оқуға түсуің керек», – деді ол. Мен ол уақытта он жеті жастамын. Бірақ сөздерім тастай. Өзімді өте салмақты ұстаймын. Сонымен, ғалым, экономика ғылымдарының докторы Серғали Еспенбетұлының алдына кірдім. Жағдайымды баяндап, жазғандарымды, «Еңбек туына» шыққан өлеңдерімді көрсеттім. Ректор бала келді екен деп немқұрайлылық танытқан жоқ. Асықпай жазған дүниелерімді қарап шықты. Сосын «Айналайын, сен осы құжаттарыңды алмай-ақ қойшы» деді. «Біз министрлікке хат жазып отырмыз. Қазір алып отырғанымыз жиырма бес бала. Қосымша тағы жиырма бес баланы қабылдауға рұқсат сұрап отырмыз. Егер рұқсат берер болса, сен оқуға өтіп тұрсың. Әзірге жатақханада жата бер» деді. Күтуменен тағы он бес күн өтті. Оқуға қабылданған тағы жиырма бес баланың тізімі ілінгендігі хабарланды. Ол тізімнің ішінде болмай қалсам, тағы қандай жағдайда болам деп барып қарауға бата алмаймын. Ақыры, өзім секілді күтіп жатқан бір қызды қасыма ілестіріп барсам, тізімнің ішінде «Ашыққалиева» деген фамилиям тұр. Сол күнгі қуанышым сұмдық болды. Институтты да жақсы оқып, абыройлы аяқтадым.

–  Еңбек жолыңызды әп дегеннен жазушылыққа жақын саладан бастаған екенсіз?

–  Иә. «Жазушы» баспасындағы корректорлық бөлімнің басшысы Балайым деген апай мені сауаттылығыма қарап, ешқандай тамыр-таныссыз жұмысқа қабылдады. Мен жыл жарым корректор болғаннан кейін, Мұқағали Мақатаев Мәскеуге әдебиет бағытындағы оқуға кетіп, сол кісінің орнына редакторлыққа ауыстым. «Жазушы» баспасында бас-аяғы он екі жыл еңбек еткен екенмін. Ілияс Есенберлин, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев секілді қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің шығармаларына корректорлық жасадым. Авторлар жұмысыма ризашылықтарын білдіретін. Одан кейін Қазақ радиосының әдебиет редакциясында жұмыс істедім.

– Көпшілік сізді жай ғана шығармашылық адамы емес, қайраткер тұлға  ретінде таниды. Жеріміздің тұтастығы мен қазақтың тілі үшін атқа қонған ерлігіңіз ел есінде. Сол бір жылдарға тоқталып өтсеңіз?

–  Қос қолымды жылы суға малғандай зейнет жасына дейін жайлы жерде отыра беруіме болар еді. Қайбір жылдары Шона Смаханұлы, Ислам Жарылғапов деген ұлтшыл ағалардың «Қазақтың тілі» деген көшінің легіне іліктім. Ол «Жалын» баспасының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан қозғалыс болатын. Бір күні Шона Смаханұлы: «Әй, Айсұлу, мен Баянғали Әлімжановпен сөйлестім. Еліне баратын болды. Әрқайсың өз туған өңірлеріңде ұлт мәселесін көтергендерің дұрыс болар еді», – деді. Сөйтіп, сондай кісілердің батасымен ұлттық мүдде жолында деп осы Оралға келдім. Маңдайымыз тасқа соғылғандай талай қарсылықтарға да тап болдық. Қайткенде де алған бетімізден таймауға тырыстық. Қазақ радиосының Оралдағы меншікті тілшісі болып келгеннен кейін өткір хабарлар жасап, тіл мәселесін радиодан көтерумен қатар, осы бағыттағы қоғамдық жұмыстарға да батыл да белсенді араласып кеттім. Орал қаласында байқалған ахуал – қазақ балабақшасы атымен жоқ. Орыс тілді балабақшаларға қазақ балаларын, әйтеуір, бір сылтау тауып қабылдамайды. Сол кездегі қалалық оқу бөлімінің басшысы бұл мәселені шешуге мүлде ықылас танытпайтын болып шықты. Радиодан жасалған бағдарламамды тыңдаған Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соғып, жағдайды анықтауды тапсырады. Нәтижесінде төтенше бюро шақырылып, жағдайды шиеленіске дейін алып келген қалалық оқу бөлімінің басшысы бір демде орнынан алынды. Одан кейін тағы табанды әрекеттеріміздің арқасында Сәкен мектебінен бір қазақ сыныбы ашылып еді-ау. Сөйтіп, сол мектептегі қазақ сыныптарының қатары жылдан жылға көбейіп, ахуал жақсара түсті. Кейін жер мәселесімен айналысуымызға да тура келді. Бұл бағыттағы қызметімізге де халық куә. Нақты хатталған құжаттар да бар.

– Айсұлу апа, осы тұста ақындық өнермен қатар тура жүріп-тұратын бірбеткейлік, табандылық, мінездің қайсарлығы секілді қасиеттердің бойыңызға қалай дарығандығын білгіміз келеді?

– Жалпы, көптеген ерекшелік адам бойына қанмен келеді ғой. Қалаберді көрген тәрбиенің де әсері болады. Өзім тәрбиелерін көріп өскен көкем мен мамам өте мейірлі, еш уақытта ұрсып, дауыс көтеріп сөйлемейтін жұмсақ жандар еді. Сонымен қатар мамамның ұқсатымды болғанын жоғарыда баяндадым, өте таза адам еді. Ал туған әкем Ашыққали мен анам Ақжан көздері ашық, сауатты адамдар болған. Әкем зоотехник, басқарма болып жауапты қызметтер атқарған. Бойында бір отты мінездің болғандығын шамалаймын. Дүниеден қайтар шағында жасым әлі үшке де тола қоймаған мені қасына алдырып, маңдайымнан сипап, қоштасқан екен. Әкемнің де, анамның да ақындық өнері болған. Әкем соғыста жүргенде екеуінің өлеңмен жазысқан хаттары болған. Әкей домбыра тартқан, анам ән салған. Ауылда кісі қайтқан кездерде шешейге жоқтау айтқызатын. Жанынан шығарып, жоқтау айтатын қабілеті болды. Оқырманға енді жол тартқалы тұрған жинағымның ішінде менің де шығарған жоқтау өлеңдерім бар.

–   Өзіңізден кейінгі буын шығармашылық адамдарына не айтар едіңіз?

– Өзімнің бойыма Құдайдың берген қасиетін, күшін толық пайдаланбадым. Және бағасына да жеткенім жоқ.  Әр саққа алаңдадым. Тек қана шығармашылықпен жүрсем, жазатын мәселелер де, айтылар ой да мүмкін қомақтырақ болар ма еді?.. Том-том кітап жазбағаныммен, талай нәрселерді дүниеге әкелуім мүмкін еді. Осы жағынан менің өкінішім бар. Сондықтан өз бойында шығармашылық дарын, күш барын байқаған адам сол тізгіннен айырылмау керек. Бұл бағытта менің жолымды байлаған саяси мәселелерге араласуым болды. Бірақ ол жақтан да бөлінген уақыттың, жасалған еңбектің нәтижесін көрдім ғой, көп нәрсе жоғалттым демеймін.

– Жас ұрпаққа аналық өсиетіңіз қандай?

- Тарт, құлыным, алды-артқа алаңдама!

Үйкүшік боп күйбеңдер жаман ғана!

Үмітім – сен! Әулеттің келешегін

Тапсырамын сеніп мен саған ғана!

Мейірлі бол бауыр мен ауылыңа!

Бейілді бол халқың мен қауымыңа!

Әсіреқызыл не керек?!

Сұм дүниенің

Жеткізбейді түбіне дауы мына!...

Қалдыратын және сол сорға, балам! –

Қу құлқынның құлдығы болма, балам!

Бір тиын да құны жоқ көтермекке,

Алқалы да қалталы талайлардың

Басы жатыр домалап орда, балам!

Баба дала жетеді – барасыға!

Баба дала жетеді – аласыға!

«Ұлық болу – ұлылық екен» деме! –

Ырылдасқан сүйек пен саяқ үшін,

Араласпа иттердің таласына!

Саналы сөз танытар парықыңды!

Топ ішінде жоғалтпа нарықыңды,

Бойда жігер, қайнасын қанда қуат!

Аналық ақ сүтімді бұлдап тұрып,

Мен өзіңе тапсырдым халқымды!

«Қос көрінед, – дейді жұрт қорыққанда»,

Қиындыққа тарықпа, жолыққанда!

Нар тәуекел! Тапсырдым бір Құдайға!

Жолың болсын, құлыным, жорытқанда!

– Айтқаныңыз келсін! Үмітіңіз ақталсын! Емен-жарқын әңгімеңіз үшін көп-көп рақмет!

 

Нұртас Набиоллаұлы,

Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале