Маңғыстау облысында тұтынушы құқығы табысты ұқорғалды. Ақтау қаласының тұрғыны ерніне жасаған сәтсіз отасы үшін сұлулық салоны үстінен шағымданып, өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сурет: pixabay
Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленуші сауда және тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі департаментке E-өтініш платформасы арқылы ресми түрде шағым түсірген.
Ақтау қаласының тұрғыны ерін үлкейту процедурасын жасау үшін сұлулық салонына жүгінгенін, процедура алдында ол маманға бала емізу кезеңінде екенін, яғни бұл қызметті алуға медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілімі барын ескерткенін айтады. Алайда косметолог бұл ескертуді елемей, инъекция жасаған. Салдарынан тұтынушыда ауырсыну, көпіршіктер және жалпы жайсыздық сипатында теріс әсерлер пайда болған.
Департаменттің араласуымен оған 80 мың теңге көлемінде төленген сома толық қайтарылды.