Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мектепте ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» сыйлығының иегері, Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші өтті.
Ақынның 80 жылдық мерейтойына арналған шараның өтуіне «Батыс – Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және Қадыр ақынның есімі берілген білім ошағының ұжымы мұрындық болған.
«Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым» деп аталған бұл басқосудың мақсаты – ақын шығармашылығымен кеңірек танысу, жас ұрпақтың бойына туған жерге, ата-анаға, қоғамға деген құрмет пен сүйіспеншілік қасиеттерін сіңіру.
Мектеп ұжымы ақынын ән-күймен, ұлттық тағамға толы дастарқанмен қарсы алып, құрметтеді.
Әдеби шара барысында қадірлі қонақтар Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қанат Оразовтың шығармашылығынан «Қылқалам өрнектері» атты көрме залын тамашалады.
Көрмеге суретшінің майлы бояумен салған «Бұлыңғыр», «Ақ найзаның ұшымен», «Күміс күйме», «Қонақ бала» картиналары қойылған.
«Сөз зергерінің жанына жақын тақырып болғандықтан, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүріне негізделген жұмыстарымды таныстыруды жөн санадым. Ақұштап Бақтыгереева көрмені тамашалау барысында жылы естеліктерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын да жеткізді», – дейді Қанат Орынтайұлы.
Әрмен қарай іс-шара мектептің акт залында жалғасты.
Оқушылар көрнекті жазушы Бердібек Соқбақпаевтың «Менің атым Қожа» повесінен үзінді сахналады. Мектеп жанындағы «Ақшағала жыр мектебінің» шәкірттері Қадыр ақын мен Жайықтың ақ шағаласының өлеңдерін жатқа оқыды.
Аружан Болатбек,
Фото: Мәди Салық
zhaikpress.kz