Балалар шығармашылығы байқауын «Орал өңірі» газетінің редакциясы 2002 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Өткен аптаның жұмасында кезекті байқау қорытындыланды. «Айналайын» балалар бетінде тақпақ-әңгімелері мен суреттері жарияланған тоғыз балғын аутор редакцияға шақырылды. Аудан-ауылдарда тұратын балдырғандар ата-аналарымен келді. Ал қалалық ұл-қыздарды мұғалімдері ертіп келді.
– Біз бүгін 2021 жылы жарияланған байқаудың жүлдегерлерін марапаттау үшін жиналып отырмыз. Екі жыл бойы дүние жүзін жайлаған індеттің кесірінен уақтылы жинала алмадық. «Ештен кеш жақсы» дегендей, балдырғандар байқауында тең құрбысының алды болған жеткіншектерді жинаудың бүгін сәті түсті, - деді жиынды ашқан «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин. Жүлдегер өрендерді құттықтауға ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Отан, Құрмет ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева арнайы келді. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Құрмет ордені мен Шапағат медалінің иегері, профессор, байқаудың тұрақты демеушісі Мақсот Берген де өнерлі өрендерге игі тілегін арнады.
– Біз де жасөспірім-көкөрім кезімізде газетке жазғандарымызды жолдайтынбыз. Сосын «Қашан шығады екен?» деп тағатсыздана күтіп жүретінбіз. «Орал өңірі» – менің де алғашқы өлең, алғашқы мақаламды жариялаған басылым. Содан басталған сара жол бүгінгі биігіме көтерді. Тек мені ғана емес, «Орал өңірі» – басқа да біраз ақын-жазушыны әдебиет әлеміне қанаттандырған киелі басылым.
Қалам ұстау – кез келгенге берілмейтін қасиет. Сурет салу, өлең жазу дегеніміз, өнерге, өмірге құштарлықтан басталады. Мен «Орал өңірінің» балауса тілшілерінің жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Сендердің үлкен азамат болып, Ұлы даланың көгінде көк Тудың желбіреуіне үлес қосатындарыңа сенемін. Бүгін сендерге ана, әжелерің ретінде ақ батамды беруге келдім. «Жолдарың ақ болсын, ғұмырларың ұзақ болсын! Жырлайтын тақырыптарың туған жер болсын, туған елдің аспанын бұлт торламасын! Ақ Жайықтың атырабы сендерді арманның асқарына аттандырар тұғыр болсын!» – деп ақ батасын берді ақын.
Тәрбиелік мәні зор тағылымды іс-шарада алыс-жақын аудан-ауылдардан және Орал қаласындағы мектептерден келген тоғыз өрен марапатталды. Теректі ауданының Шағатай ауылында тұратын Кәусар Наурызғали байқауға «Тәуелсіздік күні!» деп аталатын суретін жолдаған екен. Осы еңбегі үшін ол «Туған ел» аталымына лайық деп танылды. Ал аталмыш ауданның Жаңаөмір ауылында тұратын Сабина Жылқышы «Қыс маған ұнайды!» суреттемесімен «Бақытты балалық шақ» аталымын иеленді. Сабинаның ауылдасы Айназ Жанестің,
Қоян келіп шай қойды,
Аю баппен қой сойды.
Әзірлеген астарын,
Торғай тартып жеп қойды, - деп келетін өтірік өлеңіне жиналған үлкен-кіші түгел риза болды. Сол себепті ол «Ұшқыр қиял» аталымының жүлдесіне қол жеткізді. Теректі ауданының Ақсоғым ауылында тұратын сүйкімді балақай Нұрқанат Сырым «Азамат» аталымының жүлдесін иеленді.
...Әлқисса, жазғы каникулда Нұрқанат анасымен бірге Алматыға қыдырып барады. Айтпақшы, бұл оның ұшақпен алғаш рет ұшуы еді! Әрине, ауыл баласына Алатаудың баурайындағы ақ шаңқан әсем қала ерекше ұнайды. Ағайын-туысты аралап, біраз үйде қонақ болады. Медеу мен Шымбұлаққа барады, хайуанаттар бағын тамашалап, неше түрлі аң-құстарды көреді. Бірақ бірнеше күннен кейін Нұрқанат туған ауылы Ақсоғымды, бауырлары мен күн сайын ойнайтын достарын сағынады...
«...Ұшақтан түскенде бізді әкем қарсы алды. Мен әкемді де сағыныппын. Ол да бізді сағынған шығар. Бірақ ер-азамат сағынышын сездіре бермейді ғой...» деп әсерлі аяқтайды ол өз шығармасын.
Бәйтерек ауданындағы Өркен ауылынан келген Асыл Сәлімжанқызы мен Іңкәр Ғазиз «Мейірім» және «Балғын бояу» аталымдары бойынша марапатталды. Жаңақалалық жас ұлан Әзиз Аңсабеков өзі салған суретте Отанымыздың азаттығын асқақ бейнелеген екен. Сондықтан ол «Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік» аталымын еншіледі. Орал қаласындағы №45 мектептің оқушылары Арсен Махамбет «Табиғат жанашыры», ал Әмір Сапарәлиев «Таным терезесі» аталымы бойынша үздік деп танылды. «Айналайынның» айналайындарына ақшалай сыйлыққа қоса, кітап, спорт құралдары және тәттілер сый-сияпат ретінде ұсынылды.
– Біз балалардың жазғансызғандарын бірінші орын, екінші орын деп жіктемей-міз. Әуелі олардың еңбектерін іріктейміз. Сосын үздік шығармалардың мазмұнына қарай арнайы аталым белгілейміз. Демек, «Айналайынның» аталымын иеленген балалар жүлдегер емес, олардың бәрі шеттерінен жеңімпаз! Ақшалай сыйлыққа қоса, әдеби кітап беретін себебіміз, балаларды көркем әдебиетке, кітап оқуға жетелеу. Қаршадайынан әдеби уызға жарыған жеткіншектің дүниетанымы кең, өзі зерек, құймақұлақ болады. Ал енді шахмат, доп, бадминтон сықылды спорттық бұйымдар ұсыну арқылы спортпен шұғылдануға құлшындырсақ дейміз. Осылайша біз оларды күні бойы телефонға телміруден арашалағымыз келеді, – дейді идея авторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Әсерлі шараның соңын ала балдырғандар танымал тұлғалармен естелік суретке түсіп, кәмпит-күлшемен шай ішті.
Редакциядан: «Айналайын» балалар шығармашылығы байқауының тұрақты демеушісі Мақсот Берген мырзаға, Қаймен Есендияров және биылғы байқауға демеушілік танытқан Ғарифолла Жампозов, Ерік Есенғалиев, Серік Тоқмамбетов сынды азаматтарға «Орал өңірінің» редакция ұжымы мен мың-сан оқырмандарымыздың атынан алғыс айтамыз!
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz