15.09.2022, 13:23
Оқылды: 199

Ақынның құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Бүгін Оралда ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевке арналып, ескерткіш тақта ашылды. Оның «Тұңғыш», «Жанар», «Перзент үні», «Жеңісбай», «Айнамкөз», «Сахара», «Шапағат», «Парасат», «Құбажон», «Ақмарал», «Кім көріпті мұндайды» өлеңдер жинақтарымен поэзия сүйіп оқитын қауым жақсы таныс. Биыл ағамыздың туғанына 85 жыл толып отыр.

3
Айта кетейік, Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданында Жиекқұм ауылдық кеңесінің (қазіргі Бейсен ауылы) Бесқұдық деген жерінде дүниеге келген.
Шараға қала әкімі Миржан Сатқанов арнайы қатысып, ақын туралы бірер сөз айтты.

10
- Ақ Жайықтың толқынын жырмен тербеген ақыннан Орал өңірі кенде емес. «Мен қазақпын» деп әлемге қазақ атын танытқан Жұбан Молдағалиев, біртуар ақын Қадыр Мырза Әлі, бұл тізімді Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Жанғали Нәбиуллин және өзге де өңіріміздің танымал ақын-жазушылары жалғайды.
Біз бүгін күллі қазаққа «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деп ән салдырған ақынның туғанына 85 жыл толуына орай оның есімі берілген көшедегі ғимаратқа орнатылған ескерткіш тақтаны ашпақпыз.
Ақынның ұрпаққа қалдырған өлеңдері мен аудармаларын бүгінде әрбір мектеп оқулығынан көреміз. Әсіресе, балалар тақырыбында жазған шығармалары мен мысал өлеңдерін ерекше айтып өтуге болады.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын Қайрат Жұмағалиев өмірінің соңғы кезеңін Орал қаласында өткізген еді. Өңір жастары, студенттер, оқушылармен үнемі кездесіп, тағылымды әңгімелерімен жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты. Ақынның «Жарық дүние», «Кие» атты соңғы кітаптары да осы Орал қаласында дүниеге келді, - деді қала әкімі.

9
Ақынның құрметіне қойылған ескерткіш тақтаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева және ақынның қызы Жанар Қайратқызы ашты.

7
Бір қызығы, тақтаның қойылғанына табиғат ана да риза болғандай. Таң атқалы қара бұлтпен түнеріп тұрған аспан, ескерткіш тақта ашылған сәттен ақ жарқырап, күн шуағы молынан төгілді. Мұны да бір жақсылыққа баладық.

8
Жиында Ақұштап Бақтыгереева ақынның шығармашылығы, азаматтық тұлғасы, адами болмысы туралы сөз қозғады.

11
Ақынның қызы қала әкімдігі мен жиналғандарға алғысын айтып, жылы лебізін жеткізді.

Динара Насыр,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале