Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында биылғы жылы аудан әлеуетін арттыру мақсатында атқарылған қоғамдық-саяси, мәдени тыныс-тіршілігінде оң өзгерістерге тоқталды. Әкімнің айтуынша, аудан көлемінде бірқатар жобалар жүзеге асырылған.
-Аудан бюджеті биылға 11 млрд. теңге көлемінде бекітілді, соның ішінде жергілікті бюджетке 8 айда 839,4млн. теңге түсті. Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 1 млрд 897,2млн. теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ке артық,-деді Қалияр Шадиярұлы.
Ақжайық ауданының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі10 млрд. 537,2 млн. теңгені құрады. Бұл 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек деңгейінен 1,4%-ке артық.
Аудан бойынша 1 қыркүйек күнгі дерек бойынша мал саны мынадай: ірі қара 92,8 мың (+5,6%), ұсақ мал 258,0 мың бас (-0,2%), жылқы 36,0 мың (+0,5%), түйе – 191 бас (-7,3%).
-Асылдандыру шаралары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша асыл тұқымды мал өсіретін, соның ішінде ірі қара өсіретін 46, жылқы өсіретін 8, қой өсіретін 4 шаруашылық бар,-деді аудан әкімі.
Сыбаға бағдарламасы бойынша 2019 жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 191,1 млн. теңге несие беріліп, күні бүгінге шет елден асыл тұқымды 470 бас ірі қара алынған.
zhaikpress.kz