24.09.2019, 11:55
Оқылды: 31

Ақжайық ауданында жобалар іске қосылғанша арнайы жұмыс тобы көмек көрсетеді

Бұл жайлы бүгін Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

images

-Жыл басында аудан көлемінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға талдау жасадық. Осыған байланысты, қажетті жобаларды басынан бастап іске қосылғанға дейін сүйемелдеп отыратын жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобына тиісті сала мамандары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы өкілі енгізілді. Жыл басынан қызметін бастаған топтың жұмысы нәтижесіз емес.

Ауданымыздан супермаркет, жылыжай,бөтелкеленген су шығаратын цех, «SinOil» жанар-жағар май құю бекетін салатын инвесторға жер телімі аукцион арқылы беріліп, қазіргі таңда жанар-жағар май бекетінің құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар қоғамдық монша мен тағы да бір жылыжай салатын азаматтарға жер теліміне аукцион өтіп, қазір тиісті рәсімдер жүруде. Чапаев ауылы аумағынан жеміс ағаштарын өсіру үшін 10 гектар жер алуға және сүт өнімдерін дайындайтын цех салуға, сонымен қатар бие саууға ниетті инвестор үшін қажетті жер теліміне қазіргі таңда конкурсқа хабарландыру берілді. Биыл аудан орталығында жүн қабылдау цехы жұмысын бастады, сонымен қатар қыс мезгілінде тұрғындарды жеммен қамтуды жоспарлап отыр.

Жоғарыда аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда ауданымызға 1 млрд.астам инвестиция тартылады деп күтілуде. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз,- дейді Қалияр Шадиярұлы.

Әкімнің айтуынша, аталмыш жұмыс тобын жобалық кеңсеге айналдыру жоспарланған. Яғни, ауданның әрбір тұрғыны мен ауданға өз капиталын алып келетін инвесторлар осы жобалық кеңсеге келіп, өз жобаларымен бөлісуге мүмкіндігі болады. Әрі қарай, жобаны іске асыруға аудан басшылығы жан-жақты қолдау көрсететін болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале