Бірінші Лига клубтары арасындағы ел біріншілігі аяқталар күн жақын. Аталмыш футбол додасының 24-ыншы турын өз алаңында қабылдаған «Ақжайық» қарсылас «Байқоңыр» командасын тас-талқан етті.
Матчты толығымен бақылауында ұстаған Авакянц шәкірттері алдымен ойынның тоғызыншы минутында Наурызбек Жагоровтың көмегімен есеп ашса, араға жеті минут салып, Руслан Хаиров есеп айырмасын ұлғайтты. Мұнымен тоқтамаған оралдық оғландар бірінші тайм ортасында Сергей Басовтың көмегімен есепті 3 те 0-ге жеткізді.
Күздің салқынына қарамай матч тамашалауға келген жанкүйер қауым сүйікті ойыншыларын одан сайын желпіндірді. Қиқулай қолдаған көрермен шуынан күш алған «Ақжайық» ойыншылары тайм аяқталар тұста Роман Павиничтің күшімен тағы бір гол соқты. Бірінші таймның өзінде матч тағдырын шешіп қойған оралдық оғландар екінші таймда қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға ден қойды. Ол да өз жемісін беріп, ойынның 86 минутында Руслан Хаиров екінші голын соғып, ойынның қорытынды есебін тіркеді.
Осы матчтан кейін үздік үштіктегі қарсыластарына жақындай түскен «Ақжайық» турнир кестесіндегі орнын нықтай түсті. Ал, Премьер-Лигаға берілер жолдама үшін шайқас тіптен қыза түсті.
Енді «Ақжайық» өз алаңындағы кезекті ойынын 3 қараша күні ойнайды. Біріншіліктің соңғы турын өз алаңында қабылдайтын «Ақжайықты» қолдауға шақырамыз.
Түгелбай Бисен
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы