2.12.2025, 12:15
Оқылды: 30

«Ақжайық» – елдегі ерекше орталық

...Орал қаласындағы «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына бірден кіру мүмкін болмады. Әуелі өткізу постына тіркеліп, ондағы кезекші азамат құжат тексеріп, басшылыққа хабарласып барып өткізді. Байқағанымыздай, өткізу пунктіне әдеттегідей тік емес, қолайлы пандус жасалған. Бас ғимараттың өзінде де арбамен жүретін адамдарға кедергі болатын табалдырықтар атымен жоқ, дәліздердің қабырғалары ұстайтын темір тұтқалармен жабдықталған. Әлсіз науқастардың корпус ішінде жүріп-тұруына қолайлы, әр 500 метр сайын дивандар қойылған. Бірінші қабаттағы әкімші қарсы алып, бағыт-бағдар сілтеді.

акжайык оналту орталыгы1

– Оңалту (реабилитация) дегеніміз – жоғалған функциялар мен дағдыларды (физикалық, психологиялық және интеллектуалдық) қалпына келтіру болса, ал абилитация деп әлі толық дамымаған функциялар мен дағдыларды игеру және дамыту процесін айтамыз. Екеуінің айтылуы, мағынасы әртүрлі болғанымен, көздейтіні – бір мақсат, яғни адамды мүмкіндігінше толыққанды өмірге қайтару десек болады, – деді аталған орталық директоры Альберт Талпахов.

Жаңа жабдықтардың  игілігін көріп отыр

Былтыр желтоқсанда ашылған орталықтың сыйымдылығы – 150 орындық.  Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған психоневрологиялық потологиясы, мүгедектігі бар балаларға, І және ІІ топтағы мүгедек жандарға әлеуметтік оңалту қызметтері көрсетіледі. Бұрын өңір тұрғындары оңалту үрдістерін басқа жақтардан іздейтін. Ауыл-аудандардан келушілерге стационарлық төсектер қарастырылған.  Орталық корпусы үш қабатты, жалпы бес блоктан тұрады.

Онда оңалту корпустары орналасқан. Бассейн, тренажер, емдеу, дене шынықтыру залдары, массаж, физиотерапия бөлмелері және басқа да денсаулықты қалпына келтіруге арналған түрлі бағыттағы орындар бар. Педагогикалық және психологиялық қызметтер бойынша бөлмелер, балаларға ойын және спорт залдары, емдеу бассейні жабдықталған.  Емдік еңбек, әлеуметтік еңбек қызмет түрлері бойынша тігін цехы, лазер станогы, ою-өрнек, қолөнер бөлмелері қызмет алушылардың ұсақ моторикасын дамытуға, ойлау қабілеттерін қалпына келтіруге көмектеседі. Бейнелеу өнері, музыка бөлмелері, акт залы да бос тұрмайды. Барша

қызмет алушыларға арналған үлкен асхананың есігі әрдайым ашық. Күніне алты мезгіл тамақ беріледі. Әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтікмәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

акжайык оналту орталыгы6

– Биыл мәдени іс-шаралар өткізу үшін акт залына лед экран алынды. Ғимарат маңдайшасына жарық диодты тақта, жүгіртпе жол орнатылды. Тұз шахтасы бөлмесі ашылды. Еңбек нұсқаушысы бөлмесіне лазерлік станок алынды. Одан басқа төрт камералық ванна және қызметкерлердің жайлы, сапалы қызмет етуі үшін бөлмелеріне кондиционерлер қондырылды. Аула неон жарықтарымен жарықтандырылды. Церебральды сал ауруы бар балаларға арналған мүгедек арбалары сатып алынды. Емдеу бассейніне су асты тренажерлары алынып, игілігін көруде.  Бұрын ем алушылар жүзу не жаттығу жасайтын болса, енді су астындағы жабдықтармен жаттығады, – деді Альберт Талпахов.

Облыс әкімдігінің қолдауымен мекеме шаруашылығына қажетті техникалар да алынған. Ерекше жандар «ГАЗельмен» қалаға серуендеуге, мәдени орындарға, кітапханаларға баруға, Оралдың көрнекі жерлерді аралауға мүмкіндік береді. Жеңіл аутокөлік, трактор тіркемесімен алынды. Аталған орталықтың аумағы атшаптырым, трактордың қыста қар тазалауға, көктемгі және күзгі абаттандыру жұмыстарына, сенбіліктерді өткізуге көмегі көп.

Еңбек  терапиясы сауықтырады

Ғимараттың кіреберісіне, ғимараттың әр қабатына безендіру жұмыстары орталық мамандарының қолымен жүргізілген. Түрлі спорттық ісшаралар, тақырыптық, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылғанын, ата-аналар мен балалардың, тәрбиешілердің арасында түрлі сайыстар өткізілгенін фотосүгіреттерден көрдік. Қызмет алуға келушілер оңалту шараларынан өту үшін дәрігерлік-консультативтік комиссияның нұсқамасымен әлеуметтік портал арқылы келеді.

акжайык оналту орталыгы5

Қызмет алушыларға физиотерапия, электротерапия, фототерапия, гидротерапия, парафинмен емдеу, ингаляция және емдік дене шынықтыру бөлмелері қарастырылған. Емдік дене шынықтыру бөлмесінің өзі үшеу. Емдік бассейні, монтесорри бөлмесі, сенсорлық бөлме ашылған. Психологтердің жеке және топпен жұмыстанатын  бөлмелері жабдықталған. Дефектолог, логопед мамандары қызмет етуде.  Еңбек терапиясы бойынша күзден көктемге дейін жылыжайда, жазда аулада қияр, қызанақ өсіріледі. Аулаға жеміс ағаштары, шырша отырғызылған. Жалпы 700-ге тарта тал-терек өсірілуде. Тұрмыстық бөлмеде қызмет алушыларды тамақ дайындауға үйретеді. Ғимараттың бірінші және екінші қабатында 1-2 орындық жатын бөлмелерінде белгі беретін түймелер бар. Оны басқанда бірінші қабаттағы кезекшіге сигнал түседі.

Мұнда инсульт алған адамдар көбірек келеді. Өйткені олар өздерінің бұрынғы қалпын жоғалтып алады. Сондықтан мұндай науқастардың қол-аяғын, саусақтарын қалпына келтіріп, ойлау қабілеттерін дамытып, қоғамға қосу жұмысы жүргізіледі. Әлеуметтік оңалту болғандықтан осындай жұмыстарға көбірек мән беріледі. Сұрап-білгеніміздей, қызмет алушылар арасында аутизм диагнозы бар балалар көп. Мұнда ерекше ұл-қызды қажетіне қарай санауға, түстерді айыруға, оқуға үйретеді. Балалар үш жастан бастап келеді. Жиырма күннен бастап үш айға дейін осы орында қызмет алушыларға   информатика, компьютерлік сауат ашу, музыка бөлмелері, шаштараз, кітапхана, кір жуатын орын  қызмет көрсетеді. Қысқы бақ та адамдардың сауығуына көмектеседі.

350 адамға қызмет көрсетілді

– Биылғы сәуір айынан бастап келушілерді қабылдадық. Күні бүгінге 350 адам (оның 70-і әлі 18 жасқа толмағандар) оңалту шараларымен тегін қамтылды. Ем-дом, сауықтыру үрдісі оң әсер еткен балалар да, ересектер де бар. Аяғын баса алмай келіп, нық басып кеткен жандарды көріп, еңбегіміздің еш кетпегеніне қуанудамыз. Аурудың кесірінен дауыстары шықпай қалып, логопедтің жұмыстануымен анық сөйлей бастағандарды көріп жүрміз. Жүре алмай келіп, дене шынықтырудың арқасында сүйенген таяғын тастап кеткендер де болды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, орталықтың елге пайдасы тиюде, – деді Альберт Асқарұлы.

акжайык оналту орталыгы4

 «Ақжайық» коммуналдық мемлекеттік мекеме ұжымында 187 адам қызмет етеді. Оның ішінде психологтер, дефектологтар, музыка және дене шынықтыру мұғалімдері, логопед мамандар еңбек етуде. Жалақысын азсынып (орташа жалақы 205 мың теңге) басқа жерге қызметке кеткендер, басшы болып жоғарылап немесе отбасы жағдайымен басқа қалаға көшіп кеткендер де бар. Бірақ мұнда тұрақтап еңбек етіп қалғандар арасында өз ісін сүйетін, мамандығына адал мамандар да аз емес. Жұмысқа қабылдау арнайы конкурс негізінде заңгердің, психологтердің, кадр маманының қатысуымен әңгімелесуден өткізіп, үш ай сынақ мерзіміне қабылданады. Өйткені ерекше балалармен, бірнеше диагноз қойылған дімкәс адамдармен, ата-аналармен жұмыстануда төзімділік, еңбекқорлық қасиеттер керек.  Медициналық емдеу жүргізілмейді, тек әлеуметтік шаралар жүргізіледі. Бірақ ортопед-травматолог, невропатолог, реаниматолог, терапевт, медбике қызмет етеді.

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Ділдә Жұмағалиева, әдіскер Айдана Жаманбаева, шаштараз Эльмира Қалиева, еңбек терапиясы нұсқаушысы Эльвира Мұқанбетова, жүзу нұсқаушысы Дарын Жақсылықов, әлеуметтік  жұмыс жөніндегі маман Думан Қаделбаев, бейнелеу өнері  мұғалімі Бибінұр Ғабдешова, психолог Айзада Биялиева, музыка жетекшісі Гүлнара Рамазан аталған орталыққа келушілердің алғысына бөленген жандар. Ал Алтынбек Нәбиев – еңбек дене шынықтыру нұсқаушысы қаладағы таңдаулы мамандардың бірі.

Роботталған локомат жүйесі бар

Орталықтың емдеу бөлмелерінде Германия мен Швейцарияда жасалған заманауи тренажерлер орнатылған. Құны 500 млн теңге тұратын роботталған реабилитациялық  локомат (Lokomat) жүйесі осы орталық жобасына енгізіліп  соның арқасында алынған.

– Ақтөбеде жеке емханада 20 минутына 10 мың теңге төлейтінбіз. Ал мында келушілер тегін пайдаланады, – деді зайыбын орталыққа әкеп жүрген оралдық Асқар Саматов.

Аяғын баса алатын адамдарға механотерапия, балалар бөлімі, екінші қабатта локомат жаттығу орындары қызмет етеді. «Әуелі науқастарды жаттықтырып, дайындап, содан соң локоматқа әкелеміз. Одан кейін судағы жаттығулар басталады. Әр науқастың жағдайын саралай отырып, 15-20 күнге жеке сауықтыру бағдарламасын жасақтаймыз. Мына локомат жабдығы дерттің кесірінен адамның жоғалтқан дағдыларын қалпына келтіруге көмектеседі. Түрлі жағдайларда омыртқа жарақатын алып, жүре алмай қалған жандарды жүруге үйретеді. Оған қоса компьютерлік бағдарлама адамның барлық бұлшық етіне диагностика жасап береді. Мұны компьютерден көріп отырамыз. Соны қарап, мысалға, оң жақ үлкен бұлшық еті жұмыс жасамай тұрса, соған қарай арнайы аппараттар көмегімен жаттықтырамыз. Жұмыс жасамай тұрған бұлшық етті роботтың қолдауымен жұмыс істеуге үйретеміз», – деді еңбек дене шынықтыру нұсқаушысы Алтынбек Нәбиев (суретте).

Алтынбек Нәбиев еңбек дене шынықтыру нұсқаушысы

– 2007 жылы омыртқа жарақатын алдым. Ол кездерде мынадай орталық, қажетті жаттығу жабдықтары болмады. Локамат тренажері жақсы көмектесуде, – деді жабдықтың көмегімен жаттығу жасап тұрған Ақылбек Молдахметов.

Мұндай локамат аппараты Қазақстан бойынша жалғыз осы орталықта бар. Астанадағы Ұлттық балалар оңалту орталығында 18 жасқа дейінгі ұл-қызға арналғаны орнатылған. Оралдағы жабдық әмбебап, ересектер де, балалар да жаттығады.  Талай елде болып, бірақ нәтижеге жетпеген қыз бала осы орталықта аяғын басатын қалге жеткен.  Арбамен келіп жүріп кеткен жандар да баршылық. «Ең алдымен, нәтижеге жету науқастың ниетіне байланысты. Жүремін деген сенім болу керек», – дейді осы салада 15 жылдан бері еңбек етіп жүрген Алтынбек Нәбиев. Оның бірінші мамандығы – дене шынықтыру пәні мұғалімі, екінші мамандығы реабилитолог-нұсқаушы. Басшылық оны үнемі білім жетілдіру курстарына жіберіп, жаңа әдістерді меңгеруге жағдай туғызып отырады.

Осы тренажерлердің көмегімен инсульт алған немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар  қайта жүруді үйренеді, омыртқаның қозғалғыштығын дамытады. Шагун, вертикализатор және екі ат тренажер қызмет алушылардың сауығуына септігін тигізері сөзсіз. Мұнда 275 келі салмақты көтеретін жабдық бар, ол мүгедектер арбасына таңылған адамдарды қажетті тренажерге ауысуына көмектеседі. Емдік бассейн де тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған көтергішпен жабдықталған. Бассейн ішінде су асты тренажерлері орнатылған. Арнайы душ бөлмесі де жабдықталған.

Орталықта әр қабат, әр дәлізде, холлдарда және сыртта 180 бақылау камерасы қойылған. Қызмет алушылардың ата-аналары, туысқандары мамандардың қызметтерін бақылау үшін әр бөлмеге бейнебақылау камералары орнатылды. 18 жедел саты жұмыс істейді. Оңалту үрдісін алып жатқан науқастарға келушілер бөлмесіне 30 бейнекамера орнатылған. «Мұнда отырып мамандардың қызметін, тренажерлердегі процестерді, тігін цехындағы, бұйымдар жасау және басқа да бөлмелердегі жұмыстарды  көріп  отырасыз», – деді орталық басшысы.

Орталықтың дәлізіндегі демалыс аймағындағы аквариумда жүзіп жүрген алтын түсті балықтарды қызықтап екі-үш бала отыр. Директордың осындай аквариумның тағы екі-үшеуін әкеп қоямыз дегені есіме түсті. Психологтер аквариумдегі балықтарды бақылау қорқыныш пен мазасыздықты жеңуге көмектесетінін, эмоционалды фонды жақсартып, агрессияны азайтатынын айтады.  Жалпы «Ақжайық» орталығында болғанымызда, мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлы, барлығы стандарт бойынша жасалғанына көз жеткізіп қайттық.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале