Футболдан Қазақстан Республикасы кубогінің жартылай финалында өз алаңында «Тараз» футболшыларын қабылдаған «Ақжайық» 5:3 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Осы жарыстың ширек финалында алматылық «Қайратты» жеңіп, алғаш рет жартылай финалға өткен «Ақжайық» командасының жеңісін көп жанкүйер сенсацияға балағаны рас. Биыл өз тарихының жаңа парағын жазғандай.
Шыны керек, чемпионаттағы сәтсіз ойындар сериясынан соң кубок жолындағы жартылайдың өзін үлкен жетістікке балаған жандар да болды. Тілеуін тілеп, әр ойыннан қалмай келетін футболсүйер қауымның өкпесі барын сезсе керек, финалға берілер жолдама үшін болатын ойында «Ақжайық» ойыншылары матч тізгінін бірден қолға алып, Жамбыл облысының командасын састырды. Қарсыластың мықты тұсы саналатын доп ұстау мүмкіндігінен айырған Игорь Пикущак жігіттері ойын басталысымен алаң ортасында ойқастады. Әсіресе Рафаель Сабино мен Петрос Аветисянның қимылдары ширақ болды.
Сонымен қатар сол қапталдағы Бауыржан Омаров пен Лука Имнандзе де өз міндетін мінсіз атқарса, қорғанысқа жауапты Виталий Прендета қарсылас шабуылшысы Абылайхан Жұмабекті мықтап тұсады. Негізінен шабуылға ден қойған оралдық команда ойынның 19-ыншы минутында Тома Табатадзенің көмегімен есеп ашты. Мұнымен тоқтаса, қарқыны мықты «Тараз» кешірмейтінін түсінген «Ақжайық» ойыншылары қонақ командаға доп бермеуге тырысты. Ондай ойын ақыры нәтижесін беріп, 37-минутта Петрос Аветисян есепті 2:0 етсе, тайм соңында Рафаель Сабино бұрыштамадан шиыра теуіп, есеп айырмасын асыра түсті. Осылайша, матчтың бірінші кезеңі 3:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда алаң иелері негізсіз қателіктерге бой алдырып, ойынның 74-інші минутында Марат Шахметов есеп айырмасын қысқартты. Осы сәтте ойынға өзгеріс енгізген Игорь Пикущак алаңға Оралхан Өміртаевты қосты. Ол алдымен 77-минутта Артур Газдановтың есепті 4:1 етуіне өз септігін тигізсе, артынша қарсы шабуылда Тома Табатадземен тамаша тіл табысып, «Ақжайықтың» бесінші голын соқты. Осы сәтте алаң иелері финал мәселесін шештік деп ойласа керек. Арқаны кеңге сала бастады. Қарсыластың мұндай қателігін кешірмеген тараздық жігіттер 86-ншы минутта Дәурен Жұматтың көмегімен есепті 5:2, одан соң Мақсат Әмірхановтың арқасында 5:3 етті. Десе де, қажет сәтте қайта жинақылық таныта білген «Ақжайық» ойыншылары қалған уақытта жеңісті есепті уысынан жібермеді. Осылайша, өз тарихының жаңа парағын ашқан «Ақжайық» ел кубогінің финалына жолдама иеленді. Финалдағы қарсылас «Астана» мен «Ордабасы» командаларының арасындағы ойыннан соң анықталады.
Матчтан соңғы баспасөз мәслихатында «Тараз» футбол клубының бас бапкері Нұркен Мазбаев оралдық клубты финалға шығуымен құттықтады.
- Жақсы ойын болды. Бірінші таймдағы қателіктер матч тағдырын шешті десек болады. Үзілісте ойыншылардың жігерін қайрап, соңына дейін таласуды тапсырдым. Ешбір ойыншым аянып қалған жоқ. Бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмадық. Ал қарсылас қарсы шабуылда мықтылық танытты. Жеңіс үшін келіп едік. «Ақжайық» айласын асыра білді. Енді күшімізді чемпионаттағы ойынға салатын боламыз, - деді «Тараз» футбол клубының бас бапкері Нұркен Мазбаев.
Әріптесінен соң баспасөз мәслихатына келген «Ақжайық» бапкері Игорь Пикущак ойын қиын болғанын айтты.
- Тарихи жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Жергілікті жанкүйерге тамаша көңіл күй, ерекше мереке сыйлай алдық деген ойдамын. Ойынның маңыздылығы зор еді. Сондықтан барымызды салуға тырыстық. Осы кезге дейін чемпионатта болған сәтсіздіктерді жуып-шайғымыз келді. Ойыншылар берген нұсқаудың барлығын ойдағыдай атқарып шықты. Кей сәтте, әсіресе ойын соңында сылбырлық танытып, керек емес голдар өткізіп алдық. Бұл «Тараз» командасының мықты екенін көрсетеді. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Енді чемпионатта қалған үш ойынды осы қарқында өткізуге тырысатын боламыз, - деді Игорь Пикущак.
Чемпионаттағы жағдайымыз мәз емес болса да, кубоктың финалы біраз жанкүйердің өкпесін басқандай. Енді қалған үш матчта намысты қолдан бермей, жоғары топта қалу мәселесін де бір жақты ету керек. Оян, «Ақжайық»!
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
Бауыржан Омаров «Ақжайық» ФК капитаны:
- Орал тарихында болмаған оқиғаның куәгері ғана емес, қатысушысы болғаныма мақтанамын. Үлкен жеңіске жеттік. Күннің салқынына қарамай, команданы қолдай келген әр жанкүйерге ризамыз. Енді жоғары топта қалу мәселесін шешуіміз керек. Қиын болады. Бірақ «Ақжайықты» қолдайтын әр жанкүйер үшін барымызды саламыз.