Футболдан бірінші лига командалары жарысты бастайды. Келер маусымды премьер лигада өткізуді мақсат еткен командалар сәуірдің бесі күні жарыс жолына шығады.
Бірінші тур ойынын өз алаңында өткізетін оралдық «Ақжайық» Павлодар облысының «Екібастұз» командасын қабылдайды. Кезекті маусымның шымылдық ашар матчы сәуірдің бесі күні сағат 14:00-де басталады.
Айта кетейік «Ақжайық» пен «Екібастұз» осыған дейін 16 мәрте кездескен. Он ойында «Ақжайық» жеңсе, төрт матч «Екібастұз» командасының пайдасына шешілген. Екі ойында тең есеп тіркеліпті. 16 ойында оралдық ұжым екібастұздық команда қақпасына 36 гол соққан. Ал «Екібастұз» «Ақжайық» қақпасын 19 мәрте дәл көздеген. Былтырғы маусымда екі рет күш сынасқан ұжымдардың теке-тіресі 4:1 және 3:1 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына аяқталды.
Ендеше сәуірдің бесі, сағат 14:00 «Ақжайық» стадионы.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz