Ел кубогінің топтық кезеңін сәтті аяқтаған "Ақжайық" футбол клубы жарыстың плэй-офф кезеңінде шымкенттік "Академия Оңтүстік" командасымен кездесті.
Матч басында шымкенттік клуб ойыншылары шабуылға ден қойып, "Ақжайықты" тықсырғандай еді, бірақ қарымта шабуылда сәтті ойнаған Игорь Прохницкий шәкірттері Евгений Кобзарьдың көмегімен алғаш болып есеп ашты. Артынша Микола Агапов пен команда сұрмергені Арман Смаилов бір-бірден гол соғып, алаң иелерін сабасына түсірді. Тайм бел ортасынан асқанда "Академия Оңтүстік" бір гол соғып серпілгенімен, артынша Завен Бадоян есепті 4:1-ге жеткізді.
Ойынның екінші бөлігі толықтай оралдық клубтың бақылауымен өрбіді. Қарсыласының әр шабуылын оңай тоқтатып, өздері де шабуылды әдемі ұйымдастыра білген "Ақжайық" қорытынды есепті 7:1 етті. Арман Смаилов екінші таймда екі, Микола Агапов бір гол соқты.
Енді "Ақжайық" 1/8 финалда алматылық "Қайратпен" күш сынасады. Қос ойыннан тұратын "Қайрат"-"Ақжайық" теке тіресінің алғашқы ойыны сәуірдің 19-ы күні Алматыда, жауапты кездесу Оралда сәуірдің 30-да Оралда өтеді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
Фото: Айбатыр Нұраш