Бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің екінші турын "Екібастұз" футбол клубына қарсы сырт алаңда өткізген "Ақжайық" жеңіске жетті.
Ойынды екібастұздық команда ширақ бастады. Десе де есепті алғаш болып "Ақжайық" ашты. Гол авторы – Мирам Сапанов. Көп ұзамай екібастұздық Стенли Нкоби есепті теңестірді. Матчтың бірінші бөлігі 1-1 есебімен аяқталды.
Екінші тайм да алма кезек шабуылмен басталды. Бірақ "Ақжайық" ойыншылары гол соғуға жақын болды. Әсіресе Арман Смаиловтың соққылары қақпаға дарымай-ақ қойды. Бірде қарсылас қорғаушысы қайтарса, енді бірде қақпа бағанасы екібастұздық ұжымға көмекке келіп жатты. Осындай ойын сәттерінің бірінде Завен Бадоянды айып алаңында құлатқаны үшін Екібастұз қақпасына пенальти белгіленді. Оны Евгений Кобзарь сәтті орындап, "Ақжайықты" алға шығарды. Ойын соңына қарай сол Евгений Кобзарь айып добын әдемі теуіп, қорытынды есепті белгіледі. Осылайша, 1-3 есебімен қарсыласын қапы қалдырған "Ақжайық" биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Енді оралдық команда ел кубогінің 1/8 финал ойынын өткізу үшін Алматыға аттанады. Сәуірдің 19-ына белгіленген матчтағы қарсылас – "Қайрат".
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz