1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікке 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл» ұранымен Республикалық «Бірлік жүгірісі - 2025» марафоны оздырылды.


«Жарыстың мақсаты – Қазақстанның барлық этностарын салауатты және біртұтас ұлт ретінде біріктіру», - деді ұйымдастырушылар.
Бұл жүгіру марафоны бір уақытта еліміздің 20 өңірін қамтыды.

Жүгіру жарысы қалалық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды.
Марафонға кәсіби спортшылардан бастап белсенді өмір салтын ұстанатын әуесқойларға дейін әртүрлі жастағы және әртүрлі этнос өкілдері қатысты.

Жүгіру бірнеше қашықтықта өтті, бұл әрбір қатысушыға өзіне ыңғайлы қашықтықты таңдауға мүмкіндік берді. Ең жас қатысушылар үшін 500 м балалар жарысы ұйымдастырылды, ал жаппай жүгіру 3 км қашықтықта өтті.

Қатысушылар мұндай іс-шаралар бірлікті нығайтып, жаңа жетістіктерге шабыт беретінін және бұл бастама өңірімізде жақсы дәстүрге айналатынын атап өтті.
БҚО ҚХА баспасөз қызметі