Ақжайық ауданы дамуының ұзақ мерзімді жоспарында өсімдік шаруашылығында картоп, көкөніс, бақша өнімдерін өндіруге басымдық берілген. Биыл мұнда 890 га. танапқа картоп, көкөніс, бау-бақша салыныпты. Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов айтты.
– Бұл ретте аудан брендіне айналған «Тайпақ қарбызын» мақтанышпен атап өткен жөн. Бұл өнім Орал, Атырау қалаларының базарларында, облысымыздың аудандарында үлкен сұранысқа ие. Қарбыз-қауын өсірумен Алмалы, Тайпақ ауылдық округтерінен 40-қа жуық шаруашылықтары айналысады. Жыл өткен сайын бағбандар ғылым жетістіктерін, жаңа технологияларды пайдалануға бет бұруда. Ауданда 6 шаруашылық 68 га. егістікті тамшылатып суартса, соның нәтижесінде соңғы жылдары аз келген су көлемін үнемдеп, мол өнім алуда, – деді аудан басшысы.
Аудан тұрғындарын жыл он екі ай бағасы арзан және сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салу да қолға алынған. Ауыл шаруашылық құрылымдары тек бау-бақша ғана емес, сонымен қатар алма және өзге де жеміс-жидектер бақтарын отырғызуға бет алды. Ауданда осыдан 4 жыл бұрын 3 шаруашылықта 17,2 га. жерде ғана алма бақтары болса, биыл Ақсуат ауылдық округінде «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 50 га. жер алып, соның 15 гектарына алма, алмұрт, өрік т.б. жеміс ағаштарының бағын отырғызған.
Әсия Шырай,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz