Ресейдің Самара, Саратов, Астархан, Орынбор, Волгоград сынды бес облысымен шектесетін Ақ Жайық атырабы – Қазақстанның батыс қақпасы. Ресей Федерациясы президенті В.Путиннің ішінара мобилизация жариялауына байланысты өңкей жас ресейліктер соғыстан қашып, Отанын тастап, өңірімізге ағылуда. Бірер күн бұрын кешке таман Самара мен Батыс Қазақстан облыстарының шекарасындағы Маштаков (Ресей жағындағы) – Сырым (Қазақстан) шекара бекетіне жағдайды көзімізбен көруге барғанбыз. Дүрбелең саябырсыған. Өткізу бекетіндегі бір қызметкер қыркүйектің 21, 22-сі күндері ресейліктердің бергі бетке көп өткенін айтты. Шетелдіктер арғы жақтан ресейлік көліктердің жүргізушілерімен келісіп, мәшинелерге мініп өтуде. Жемтік аңдыған құзғындардай анталай ұмтылған таксишілер алдымызды орап, шекарадан өткен тепсе темір үзетін жастағы бір топ ресейлік ер-азаматты «қағып» әкетті. Сөйлесуге мүмкіндік бермеді. Одан кейін өңкей жас жігіттерді тиеген бірнеше ресейлік жеңіл көлік ызғытып өте шықты. Бойжеткен мен жігіт мінген мотоцикл де Оралға бағыт алды.
Өткізу бекетінің қасында 20-25 шақты жеңіл көлік қаңтарулы тұр. Арғы беттен келетін шетелдіктерді күтуде. Таксишілердің дені – қазақ жігіттері. Бұрын біздің медиахолдингте аз уақыт қызмет еткен таныс азамат кездесті. «Өзім араласатын таксишілердің айтуымен келдім, кеше ресейліктерді тасып, ақшаға қарық болыпты», - деді. «Оларды қалаға жеткізу қанша тұрады?» – деймін журналистік қызығушылықпен. «2000-3000 рубль, симкарта алатын, үй жалдайтын агенттіктерге апаруды сұрайды. Кейбірі қайдан тамақ ішуге болады деп сұрайды», – деді. Таксишілердің не бары 50 шақырым жерге сонша қымбат алатындықтарына тіксініп қалғаным рас.
...Келесі күні түс ауа Абай даңғылындағы «Әлем плаза» сауда үйінің ішінен славян нәсілді екі жігітпен тілдестім. Симкарта алып жатыр. Осы маңайдан 250 000 теңгеге пәтер жалдапты. «Осында тұрып көреміз, қолайсыз болса, басқа жаққа кететін шығармыз», – деді жасы отыздар шамасындағы ұзынтұрасы. Бұл жігіт дилерлік компанияда қызмет етеді. Екіншісінің жасы жиырмада екен, ол сауда орнында кеңесші-сатушы болып жұмыс істеген. Екеуі де кісінің көзіне тура қарамайды. «Мобилизациядан» қашып келді деп сөгіп жатқан жұрттың әңгімесін құлақтары шалған шығар-ау... Тамақты дүңгіршектен алып ішіпті. Қолдарындағы пакеттері толық, шамасы сауда жасап, қажет заттарын алған сыңайлы. Сол маңда рюкзак асынған «бөтен» жігіттер топ-топ болып жүрді. Қаланың Құрманғазы көшесіндегі «Орал» сауда үйінің маңында топтасқан ресейліктер де көзге шалынды.
Әлеумет не дейді?
Жуықта Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскер қатарына 300 000 адам шақырылатынын мәлім етті. Ең әуелі, әскери борышын өтеген запастағы әскери қызметкерлер шақырту алып, майданға аттанар алдында қосымша әскери дайындықтан өтетінін В.Путиннің өзі айтқан болатын. Тек БҚО аумағына емес, еліміздің шекарлас өңірлеріне де соғыстан қашқан шетелдіктер көптеп келіп жатыр. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың басым көпшілігінің мемлекеттің қауіпсіздігі үшін шекараны жабуды талап еткен дауыстары қатты естіле бастады. Қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне, реформаларға жол ашатын, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін заңдарды қабылдайтын Сенат екені белгілі. Алайда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, мемлекетіміздегі басты саяси тұлғалардың бірі Мәулен Әшімбаевтың «Қазақстан ресейліктердің елге келуіне шектеу қоюды жоспарлап отырған жоқ» деген жайбарақат жауабы қалың көпшіліктің көңілінен шықпады. Дамыған Еуропа елдері ресейлік азаматтарға жеңілдетілген тәртіппен виза беруді тоқтатты. Олар осылай сақтанып жатқанда, бізге не жорық?..
Расында, әлеуметтік желілердегі ой-пікірлерімен бөліскен азаматтар елдің ертеңіне алаңдаулы. Оған себеп те жоқ емес. Сырттан келушілердің бас тірейтін баспанасы әрі тұрақты жұмысы жоқ. Олардың бәрі бірінің аузына бірі түкіргендей, Путин жарлығы шыққан соң іргедегі елге бас сауғалап келгендерін жасырып, «Туристерміз, қыдырып келдік» деседі. Бірақ олар еліміздегі жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырары сөзсіз. Қалтасы қалың, бизнесі барлар қаржыдан қысыла қоймас. Ал қалтасы жұқалары азын-аулақ ақшасы таусылған соң, не істейді? Криминогендік жағдайды ушықтырулары әбден мүмкін. Өйткені келушілердің баршасы бағдарламашы, ІТ-мамандары емес қой. Қылмыс әлемінің өкілдері де жүруі ықтимал. Ондай адамдардың мына жақта бөтен жер екен деп тыныш жүруі неғайбыл. Кейбіреулері ертең орналасып алған соң, әсіре ұлтшылдардың жетегімен славян ұлты өкілдері тұратын жерімізді мынау Ресейдің жері деп шықпасына кім кепілдік бере алады?! Ондайлардың ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтып, ұлтаралық шиеленісті күшейтіп, іштен ірітпесіне сенім селкеу. Онсыз да Қазақстан жеріне көзін алартатындар аз болмаса керек. Күні кеше ғана көшедегі көк атты емес, РФ Мемлекеттік думасының депутаты, ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы даулы мәлімдеме жасады. Онда ол Қазақстанда да Украинадағы жағдай болуы мүмкін екенін ашық айтты. Осының өзі-ақ көңілге көп күдік ұялатады... Көптің көкейіндегі «Сайқал саясатпен елімізді үнсіз басып алу операциясы жүріп жатқан жоқ па?..» деген күдіктің қоюлана түсуі бекер емес. Сырттан ағылған эмигранттардың арасында жоғары білімді, білікті мамандардың, жұмысшы кадрлардың бары анық. Жұмыс күші тасқынының нәтижесінде жұмыс орындарында бәсекелестік қыза түсіп, өз еліміздің азаматтары нәпақасыз қалып жүрмей ме? Бұл да – батысқазақстандық қалың бұқараны толғандыратын басты мәселенің бірі де бірегейі. Шаңырақ иесі қазақ болғанымен ұлт болып ұйыса алмай, ана тіліміз жетім баладай босағадан сығалап жүргенде, орыстілділер қатары толығып, мемлекет тілінің қолданыс аясы тарыла берсе ше?! Табалдырықтан аттап, орнығып алғандардың мекеме-кәсіпорындарда, сауда және басқа да қоғамдық-көпшілік орындарда ресми тілді талап етулері қазақ тілді азаматтардың ашу-ызасын тудыратыны анық. Осыдан кейін онсыз да өз елінде өгейдің күнін кешкен қазақ тілі үшін қоғамда алауыздық күшейеді. Осы жәйттің өзі-ақ қазақы әлеуметтің билік құрылымдарына орынды ренішін туғызары әбден мүмкін. Қазіргі кезде нарықтағы азық-түліктің, пәтер жалдау ақысының бағалары ұшынып тұр. Қай тесікке тығыларын білмейтін сырттан келгендер пәтер жалдау бағасын қымбаттатып жіберді. Қаладағы «Этажи» риэлторлық кеңсесінің басшысы Сайлаубек Есқалиев жалға берілетін пәтерлердің бағасының 15-20 пайызға күрт қымбаттағанын айтты. Оның айтуынша, бағаның көтерілуінен жылжымайтын мүлік агенттіктерінің қатысы жоқ. Бұған баспанаға сұраныстың өсуіне байланысты бағаны аспандатып жіберген пәтер қожайындары себепкер екен. Әсілі, көпшіліктің ой-пікірі өз елінің заңына пысқырмай, елінен безгендердің күні ертең біздің заңымызды белінен басып жүруі де ықтимал дегенге саяды. Сондықтан барлық мемлекеттік заңдар мен заңдылықтарды қарап, іске қосып, жосыған шетелдік жастардың жолына тосқауыл қойған ләзім. Мұны қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттілігіміздің ертеңіне алаңдағандықтан айтып отырмыз.
Шекарадан өткендер
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің хабарлауынша, еліміздің 30 өткізу бекеті штаттық режімде жұмыс істеуде. Шекарашылар мемлекеттік құзыретті құрылымдармен бірге өту орындарындағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Батыс Қазақстан облысының шекара аумағында 6 аутомобиль өткізу бекеті жұмыс істейді. Облыстық полиция департаментінің ұсынған мәліметке сүйенсек, Ресейде ішінара мобилизация жариялағалы бергі үш күнде өңір аумағына 400-ге жуық адам өткен. Кеденнен қыркүйектің 21-інде 64, 22-сі күні – 128, 23-інде 197 ресейлік келді. Облыстық көші-қон полициясы және жергілікті әкімдік жағдайдың қалыпты, толық бақылауда екенін айтып отыр. Облыс әкімдігі шекара қызметінің және басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен шекара мәселелері бойынша үйлестіру кеңесін өткізді. Облыс әкімі қоғамдық тәртіпті сақтауды, патрульдеуді күшейтуді халық арасында көші-қон заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Шекара маңындағы аудандардың әкімдеріне тұрғындар арасында шекараны заңсыз кесіп өту фактілері туралы, кезекші нөмірлерге күдікті адамдар туралы хабарлау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Полиция департаментінің көші-қон басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дулат Малаевтың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында Ресей Федерациясының 12 265 азаматы тіркелді. Олардың 1047-сі – халықаралық жүк тасымалымен, 1 108-і жұмыс істеуге келіпті. Жеке шаруаларымен келген 10 057 ресейліктің 2 417-сі Қазақстанда уақытша тұруға шешім қабылдаған. Сондай-ақ 22 адам оқуға, 18-і қызмет бабымен, 13 азамат туристік сапармен келгенін көрсеткен.
«Ресей Федерациясы азаматтарының біздің елде болу тәртібі 2005 жылғы 23 мамырда бекітілген «ҚР мен Ресей Федерациясы азаматтарының өзара визасыз сапарлары туралы» ҚР Үкіметінің №494 қаулысымен реттеледі. Облыстық көші-қон бөлімшелерінде биылғы жылдың басынан 22 қыркүйекке дейін барлығы 20 840 шетелдік тіркелді. Оның ішіндегі 18 548-і – ТМД елдерінен, 2 292 азамат алыс шетелдерден келді. Қазіргі кезде облыс аумағында Ресей Федерациясының 3 961 азаматы тұрақты тұрады. Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру туралы 427 адам өтініш білдірсе, оның 278-іне рұқсат берілді. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алуға 29 азамат өтініш білдірсе, олардың 11-і Қазақ-стан Республикасының азаматтығын алған.
Елімізге келген шетелдік азаматтарды қабылдайтын тұлғалар, шетелдіктердің ел аумағында болуы туралы полицияның уәкілетті құрылымдарын үш жұмыс күні ішінде «egov.kz, e-konak» электронды үкімет порталы арқылы келген күннен бастап 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде хабардар етеді. Ал одан (90 күннен) ұзақ мерзімге келген РФ азаматтары ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысымен бекітілген «Иммигранттардың келу және болу, олардың шығуы туралы ережесіне» сәйкес мемлекеттік корпорация арқылы немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ҚР аумағында уақытша тұру рұқсатын алуға және оны ұзартуға өтініш беруі тиіс.
Жалпы, қарапайым адам, әйел, ана ретінде соғыстан қашқандардың жай-күйін түсінуге болады. Бірақ оларға кеңпейілдік танытып, адамгершілікті ту еткенімізбен, Отанымыздың амандығы, ел-жұрттың тыныштығы бәрінен де биік тұруы тиіс. Ел ішіндегі қалыпты өмір қымбат. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ең басты құндылығымыз – Отанымыздың тәуелсіздігі, Қазақ елінің мемлекеттілігі. Шалыс басып, от басқан, мемлекеттілік тұтастығынан айырылып жатқан елдер де баршылық. Түбі бір туысқан мемлекеттер соғыс батпағына батып, бір-біріне қарсы қару қолданып, бейкүнә халықты қырып-жоюда. Қоғамға араздық уын сеуіп, мемлекеттің қабырғасын қақырата сөгу тұрақсыздықтан, араздықтан басталады. Күні кеше Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі ресейліктерге елден кетуге тыйым сала бастағаны туралы хабарлама тарады. Осындай шараны мобилизация қарсаңында немесе мобилизация жарияланысымен неге дереу қолға алмаған деген сұрақ туады. Сөйте тұра, дүрбелеңге салынбай, ел-жұрттың бірлігін нығайтуымыз қажет. Сүлеймен патшаның жүзігіндегі «Бәрі де өтпелі. Бұл да өтеді» деген тәмсілді естен шығармайық.
Жұмабек Жапбарқұлов, кәсіпкер, Орал қалалық мәслихатының депутаты:
– Тарихы тамырлас, Құдай қосқан көршіміз Ресейді шуақты күндер күтіп тұр деп айта алмаймын. Бізге басты қауіп қытайлықтардан емес, солтүстік жақтан болуы кәдік. Халқы күнкөрістің қамымен қашып-пысып далада жүр. Біздің өңірлерге ағылып келіп жатқандардың көбі – қалталылар, олар жайлы жер іздеп әрі асады. Ресейдегі ішінара мобилизация жария етілгеннен бері Қазақстанға солтүстіктегі, шығыстағы, батыстағы шекара бекеттерінен күні-түні кіріп жатқандардың шамасы біз естіп жүрген цифрдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оның бәрі көші-қон қызметі статистикасында ашық айтыла бермейді ғой. Ресейден көп жаққа ұшақтар ұшпайды, сол себептен біздің елге келіп, визасыз қатынайтын елдерге кетіп жатыр. Әрине, сырттан ағылған ресейліктердің жолына тосқауыл қойылу керек. Мемлекет өзінің шекарасына ие бола алмаса, соңы неге ұласатынын болжау қиын. Путиннің мобилизация жарияламастан бұрын шекараны жауып тастамағаны да көңілге күдік ұялатады. Мысалы, Өзбекстанды Еуразиялық экономикалық одаққа неге мүшелікке алмады? Өйткені халқының саны 40 млн, одаққа мүше болса, оның жартысы Ресейге жөңкілер еді. Қарап отырсаңыз, халқы аз елдерді мүшелікке алды. Қазақ-стан бірінші кезекте мүше болды, өйткені жері кең, қазба байлығы да баршылық. Еуропа елдері Ресейге қарсы сегізінші санкция қоржынын (пакетін) қолданғалы жатыр. Әлем үлкен өзгерістің алдында тұр. Ресейден келушілер телеграм-чат құрып, оған бір мезетте 31 000 адам тіркелген деседі, мұны кім құрғызды, кімдерді кіргізді деген күдік көлбеңдейді...
Абзал Құспан, заңгер, құқық қорғаушы:
– Шекараны не істеу керек деген тақырыпта БАҚ өкілдеріне сұхбат бердім. Қысқа-нұсқа айтсам, әрине, жабу керек. Ватсап-телеграм чаттарды мониторинг жасайтын, күштік құрылым қызметтерін үйлестіруші ұйым құрылғаны жөн. Еліміздегі қолданыстағы заңдарды шұғыл түрде қалыптасып отырған жағдайға сәйкес өзгертіп, мысалға, заңсыз құжат жасауға қатысқан адамдарға ауыр жаза қарастыру керек. Шекарадан заңсыз кірген, қос азаматтық алған азаматтарды анықтап, оларды елден депортация жасау – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Азаматтық беруге уақытша мораторий жариялау (заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін), азаматтық алуға қатысты заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу маңызды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz