Ерікті зейнетақы жарналары ыңғайлы ақша жинау құралы болып табылады, өйткені азаматтар өзіне немесе отбасы бюджетіне қолайлы соманы өздігінше анықтайды және осы «бос қаражатты» ерікті шотқа салады. Бұл жерде аударымдардың мөлшері емес, жүйелілігі маңызды. Сіз өзіңіздің зейнетақы шотыңызды ғана емес, сонымен бірге болашақта маңызды болып табылатын: жұмыс істемейтін жұбайыңыздың немесе зейнетке шығатын ата-анаңыздың шоттарын да толықтыра алатыныңыз өте ыңғайлы.
Ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да аудара алады. Айырмашылығы – жеке тұлғалар өздері үшін және жақындары үшін, ал заңды тұлғалар өз қызметкерлерінің пайдасына ақша сала алады. Осылайша, ЕЗЖ жұмыс берушілер тарапынан ынталандырудың заманауи және әлеуметтік жауапты құралы болып табылады, сонымен қатар экономикалық жағынан да тиімді.
Қазақстанның зейнетақы заңнамасына 2021 жылы жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналарды аударуын ынталандыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Мәселен, қызметкердің пайдасына аударған жұмыс берушінің ЕЗЖ жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды, жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілуге тиіс. Яғни бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде артықшылықтарға ие болады.
Ерікті зейнетақы жарналары бойынша шоттар қалай ашылады?
2021 жылғы мамырдан бастап ЕЗЖ бойынша шоттар зейнетақы қорында бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Осылайша, салымшыға БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ, оның атына ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылады. Пайдасына зейнетақы жарналары жүргізілетін жеке тұлғаны идентификаттау ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады.
Барлық қажетті мәліметтерді: жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрғылықты тұратын жері туралы және басқа да мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.
ЕЗЖ-ны түрлі тәсілдермен аударуға болады:
- екінші деңгейдегі банктер арқылы;
- «Қазпочта» АҚ бөлімшесі арқылы.
Сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беруге болады, оның негізінде ол БЖЗҚ-ға өтініш берушінің не өтініште көрсетілген үшінші адамның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрады.
Қазақстанда ЕЗЖ бойынша қанша шот ашылған?
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да ЕЗЖ бойынша 356 мыңнан астам шот ашылған (өткен жылмен салыстырғанда өсім шамамен 500%-ды құрайды), бұл шоттарда 3,3 млрд теңгеден астам қаржы жинақталған (өсім 2022 жылдың басынан 94%-дан астам құрады).
Жарналардың осы түріне халық тарапынан қызығушылық күннен күнге артуда. Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКҚ) БЖЗҚ-ға депозиттерді кепілді өтеудің талап етілмеген сомаларын аудару рәсімі іске қосылды. Бірнеше жылдар көлемінде таратылған банктердің депозиторларының талап етілмеген сомалары ҚДКҚ-да болған. Олардың басым бөлігі бойынша айналыс мерзімі аяқталған, сол себепті заңнамалық деңгейде оларды қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы шоттарына аудару туралы шешім қабылданды.
Салымшылар үшін ең маңыздысы – олардың жеке зейнетақы шотына ҚДКҚ-дан талап етілмеген сома түскен сәттен бастап олар зейнетақы активтері сияқты тәртіпте инвестицияланады. Яғни, олар «жұмыс істейді» және инвестициялық кіріс әкеледі.
Таратылатын банктердің салымшылары не істеулері қажет?
БЖЗҚ-ға ЕЗТ бойынша жеке зейнетақы шоттарына депозиторлардың, яғни лицензиясынан айырылған тоғыз банктің: Валют-Транзит Банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Qazaq Banki, Tengri Bank, Астана Банкі және AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan салымшыларының сомалары аударылған.
Лицензиясынан айырылған банктердің депозиторларына инвестициялық зейнетақы шоттарын ашу үшін зейнетақы қорына арнайы жүгінудің қажеті жоқ, себебі аударылған сома ЕЗЖ-ны (олар болған кезде) есепке алу үшін осы шоттарға автоматты түрде аударылған, олар болмаған кезде – ЖЗШ зейнетақы қорында өтініш берусіз тәртіппен ашылады. ЕЗЖ-ны есепке алу үшін ЖЗШ-ға аударылған кепілдік өтемнің талап етілмейтін сомасының басқа зейнетақы активтері сияқты тәртіппен инвестицияланатынын атап өту керек.
ҚДКҚ-дан қаражаттың түсуін БЖЗҚ-ның және электрондық үкімет сайттарындағы және БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасындағы ЖЗШ-дан алынған үзінді-көшірме арқылы тексеруге болады.
Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімін жіберіп алған және қаражаты БЖЗҚ-ға аударылғандар үшін Қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату (қатысушы банкті түпкілікті тарату) туралы мәліметтер бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген күнге дейін немесе ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін ол төлем жасау туралы өтінішпен ҚДКҚ-ға жүгінуге құқылы болады. Өтінішпен бірге өтінішті уақтылы беруге кедергі келтірген мән-жайларды растайтын құжаттарды қоса беру керек.
Орынды себептерге мынадай жағдайлар кіреді: депозитордың әскери қызметке кетуі, депозитордың Қазақстанның аумағынан тыс жерде не бас бостандығынан айыру орындарында болуы, депозитордың мұраны қабылдауы және мұраны алумен не ашумен байланысты өзге де себептер, сондай-ақ сот белгілеген өзге де жағдайлар. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша ҚДКҚ хабарламаны БЖЗҚ-ға береді, ол өз кезегінде кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасын ҚДКҚ-ға қайтарады.
Ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлемдерді жүзеге асырудың тәртібі мен мерзімдері қандай?
Ерікті шарт бойынша жинақтардан төлемдерді төмендегілер ала алады:
1. 50 жасқа толған азаматтар;
2. мүгедектігі бар адамдар;
3. БЖЗҚ-да кемінде 5 жыл сақталған, оларға есептелген инвестициялық кірісті ескере отырып, ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары бар адамдар;
4. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететіндер немесе кетіп қалған адамдар.
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібін БЖЗҚ-ға төлемге өтініш беру арқылы алушы дербес айқындайды.
Зейнетақы төлемдері:
1) алушы өтініште айқындаған кезеңділікпен,
2) біржолғы толық көлемде не тіркелген сома түрінде не ай сайын немесе жыл сайын жүзеге асырылады.
Алушы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің кезеңділігі мен мөлшерін өзгертуге құқылы. Зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін не қоса алғанда қайтыс болған айда жүзеге асырылады.
Назар аударыңыз! ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдерді ресімдеу тәртібі туралы толық ақпаратпен БЖЗҚ сайтында «Қызметтер»/ «ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібі» бөлімінде танысуға болады.
Дереккөз: Fingramota.kz