23.11.2022, 9:31
Оқылды: 21

Алаш арыстарының көздері жоқ суреттері бейнеленген киімдер сату дұрыс емес – діни басқарма

Алаш арыстарының көздері жоқ суреттері басылған киімдерді шығарып, сату дұрыс емес. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы фейсбук парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8

Әлеуметтік желіде Алаш арыстарының бейнелері салынған киімдер туралы жазбалар жарияланды. Киімдердегі Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді тұлғаларымыздың суреттерінде көздері жасырылған. Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайтынын жазды.

«Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді. Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік», - деп жазды мүфтияттың баспасөз хатшысы.

Ол, сондай-ақ қазіргі уақытта адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдер шығып жатқанын, Ислам діні мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейтінін жазды.

«Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкруһ. Ал осы мәселеге қатысты сұхбат берген ҚМДБ төраға орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының сөзін кесіп, тек бір жақты бағытта пікір таратып, қоғамда екіұдай көзқарас тудыру дұрыс емес»,- деп хабарлады Ағабек Қонарбайұлы.

Айта кетейік, биыл қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары аясында Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан болатын.

Фото: facebook.com/Ағабек Қонарбайұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале