ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде интернет-алаяқтық фактілерінің саны 7%-ға төмендеген.

Фото: istockphoto.com
Департамент бастығының орынбасары Әлібек Оразалының айтуынша, заманауи технологиялар мен психологиялық қысымды пайдаланатын кибералаяқтарға қарсы күрес күшейтілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылды, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп, тағы 2,6 миллиард теңгенің заңсыз жымқырылуына жол берілмеді. Байланыс операторларымен бірлескен іс-қимылдың арқасында 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды.
Шетелдік әріптестермен бірлесіп, бірнеше халықаралық алаяқтық call-орталықтардың қызметі тоқтатылып, қазақстандықтардың ақшасын ұрлаған ондаған күдікті ұсталды. Сонымен қатар азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратқан қылмыстық интернет-ресурс әшкереленді. ІІМ өкілі қандай да бір технология жеке қырағылықты алмастыра алмайтынын ескертіп, азаматтарды бөгде адамдарға SMS кодтары мен банк карталарының деректерін бермеуге, белгісіз бағдарламаларды жүктемеуге шақырды. Күмән туған жағдайда әңгімені бірден үзіп, полицияға хабарласқан жөн.