24.02.2026, 12:15
Оқылды: 14

Әлеуметтік әріптестік форумы

«Атамекен» өнер ордасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әлеуметтік әріптестік саласындағы ынтымақтастық форумы ұйымдастырылды.  Іс-шара өңірдегі  еңбек  қатынастарын тұрақтандыру  және еңбек дауларының алдын алу  мәселелеріне  арналды.

cf223472-afaa-420d-a5dd-79d2cc4c9ad2

Форумға облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Марко Марсили, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов және бизнес-қоғамдастық  өкілдері  қатысты.

Форумда еңбек қатынастары саласындағы ахуал кеңінен талқыланып, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, жұмысшылардың құқығын қорғау және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытындағы нақты іс-шаралар туралы баяндалды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев өңірде еңбек қауіпсіздігін қамтуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде аймақтағы 183 кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізіп, «Vision Zero» тұжырымдамасы мен «Халықтық бақылау» жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Еңбек нарығын цифрландыру бойынша электрондық еңбек шарттарын есепке алу жоспары 94%-ға орындалған. Былтыр облыс бойынша еңбек заңнамасына қатысты 203 өтініш тіркеліп, тиісті тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар  берілді.

– Біз үшін жалақы берешегін болдырмау – басты басымдық. Қазіргі таңда бірқатар кәсіпорындағы берешекті өтеу үшін заң аясында шаралар қабылдануда. Бұл мәселелер облыс әкімдігі жанындағы үшжақты комиссияның тікелей бақылауында, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

Облыстық еңбек инспекциясы мамандары берген мәлімет бойынша өткен жылы 1656 өтініш келіп түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға көп. Өтініштердің басым бөлігі жалақыны уақытылы төлемеу, жұмыстан босату және еңбек демалысына қатысты. Өтініштердің артуына байланысты 186 кәсіпорында тексеру жүргізіліп, 225 заңбұзушылық анықталған. Арнайы нұсқамалар беріліп, айыппұлдар салынды. Алдын алу шараларының нәтижесінде өндірістік жарақаттану 48%-ға төмендеп, 29 жазатайым оқиға тіркелген. 2025 жылы еңбек жанжалдарына жол берілмей, тәуекел туындаған кәсіпорындармен мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілген. «Кәсіпорындардың цифрлық картасы» жүйесі арқылы еңбек тәуекелдері бақылауға алынып, жоғары тәуекел аймағында 36 жұмыс беруші анықталған. Бірлескен шаралардың нәтижесінде 33 мекемеде 974,2 млн теңге жалақы берешегі өтеліп, 7689 жұмысшының құқығы  қорғалған.

Форум қорытындысында әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек дауларының алдын алу және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету бағытында төртжақты келісімге қол қойылды.

Құжат еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара жауапкер-шілік пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале