Қазір Орал қаласындағы әлеуметтік дүкендерде, дүңгіршектерде І сортты нан арзан бағамен сатылады. Алайда ертерек барып алмаса, нан тез өтіп кетеді. Осындайда «Дүңгіршектерге күніне қанша нан әкелінеді екен?» деген сауал туындайды. Сондай-ақ мұндай арнайы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер жоқтың қасы. Неліктен бұлай? Осы орайда «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорымен жұмыс жөніндегі департамент директоры Жандос Нығыметовқа хабарласқан едік.
Сурет: baq.kz
Жандос Берікұлының айтуынша, биыл «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ жеке кәсіпкер О. Талецкийге «Желаев Нан» дүңгіршік желілерінде нанның І сортын 90 теңгеден сату үшін 30 млн теңге несие берген. Күн сайын наубайханадан 2000 нан шығарылады. Осы кәсіпкердің 35 дүңгіршегінің әрқайсысына 57 наннан жеткізіледі. Ал «Орал нан», «№1 Нан зауыты» секілді кәсіпорындарға несие берілмеген. Сондықтан олардағы нан бағасына қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жауапты екен. Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Руслан» шаруа қожалығымен келісімшартқа отырған. Соған сәйкес қожалық биылғы 1 қарашадан бастап келер жылдың сәуіріне дейін ай сайын 100 тонна картопты саттыққа шығарып, келісін 145 теңгеден өткізеді. Ал «Губашева» жеке кәсіпкерлігіне 490 тонна қант пен 60 тонна қарақұмықты арзан бағада сату үшін несие берілмекші. Кәсіпкер несиеге қол жеткізген соң, аталмыш өнімдерді өзінің «Светлана», «Дастархан», «Янтарь», «Сахар» дүкендерінде 490 теңгеден саттыққа шығарады. Бұл өнімдердің бағасы әлеуметтік дүкендерде 510-515 теңге шамасында болады.
2021 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде жергілікті бюджеттен ӘКК-ге 1 млрд 212 млн 111 мың теңге бөлінген. Биыл аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін қаражат бөлініп жатыр. Ай жарым уақыттан бері әлеуметтік дүкендерді арзан азық-түлікпен қамту тоқтап қалған. Себебі ӘКК шемекі май, ұн, макарон өнімдерін жеткізу үшін тауар өндірушілермен қайтадан келісімшартқа отырып жатыр. Күріштің биылғы өнімін саттыққа шығару жоспарда тұр. Тамыз айының басына қарай дүңгіршектерге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер шығарылады. Бүгінде облыс орталығында «Ел-Ырысы» шағын маркеттері» бағдарламасын жүзеге асыратын 15 әлеуметтік дүкен бар.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz