ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуімен осы жылдың 1 шілдесінде елімізде құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Бір ай ішінде әлеуметтік инспекторлар 53 тексеру жүргізді. Оның 40-ы жоспардан тыс және 13-і профилактикалық бақылау шеңберінде болды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мемлекеттік бақылаумен: 12 мектеп, жергілікті атқарушы органдардың алты аудандық бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың облыстық басқармалары, алты әкімдік, бес дүкен, үш сауда орталығы, үш медициналық-әлеуметтік мекеме, екі аурухана, екі банк бөлімшесі, екі Қазпошта бөлімшесі, бір фитнес-клуб, бір санаторий, бір университет және тағы басқа қамтылды.
Мәселен, Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметіне профилактикалық бақылау жүргізді, оның нәтижелері бойынша мүгедектігі бар жеті баланы протездік-ортопедиялық көмекпен уақтылы қамтамасыз етпеу фактілері анықталды.
Аталған фактілер бойынша бөлім басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Профилактикалық бақылау шараларының нәтижесінде мүгедектігі бар жеті баланың құқығы қорғалды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті шағым негізінде Шығыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасы орналасқан ғимаратқа жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде пандустың, тактильді бағыттағыштардың және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы көрсеткіштердің болмауы секілді бұзушылықтар анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша ШҚО Адвокаттар алқасының басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілгенге дейін ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2023 жылдың І жартыжылдығында 750 тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы 533 ұйғарым берілді. Қырық төрт миллион теңгеден астам қаражатқа 233 айыппұл салынды.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік инспекторларды енгізу халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын уақтылы қорғап қана қоймай, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етпек.