23.06.2017, 13:53
Оқылды: 35

Алимент борышкерлерінің берешегі 500 млн теңгені құрайды

alimentБұл жайында брифингте БҚО прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан мәлімдеді. Оның айтуынша, былтырғы қазан айынан бастап Бас прокуратура «Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» атты жобаны іске қосқан.


Жоба аясында прокуратура органы өкілдерінің араласуымен 786 өндіріске қатысты атқарушылық іс аяқталып, нәтижесінде 126 млн. теңге астам сома төленді. 264 борышкердің берешегі жалақысынан өндірілді. Алимент төлеуден жалтарған 80 борышкер әкімшілік, 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Барлық атқарушылық өндірісті тексеру барысында 550 борышкердің тұрақты табысы, 487-сінің меншігінде ресми тіркеуге алынған мүліктері бар екені анықталды. Алимент төлемей жүргендердің 70 пайызы – облыс орталығынан.

Былтыр өндірісте 11677 атқарушылық құжат болса, биыл  құжаттар саны 8418-ге дейін қысқарған. Берешек көлемі 800 миллионнан 500 миллион теңгеге дейін азайды. Алимент қарызын тұрақты төлеушілердің саны 2294-тен 2892-ге артты. Қазіргі уақытта борышкерлерге аймақ шекарасынан шығуға тыйым салу, көлік жүргізу, меншігіндегі мүлікті пайдалану құқығын шектеу арқылы жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде. Борышкерлердің бір пайызын әйелдер құрайды. Сауалнама нәтижесінде ерлер бірқатары алимент төлемеу себебін қаржысы нақты бала мұқтажына жұмсалмайтынына күдіктенетінін жеткізген. Көбі – жұмыссыз жүргенін айтады. Бұл бағытта мәселені шешу мақсатында қадағалау органдары мен мемлекеттік мекеме-ұйымдар бірлесіп  борышкерлер үшін  бос орындар жәрмеңкесі өткізген. Нәтижесінде 6 адам жұмысқа орналасып, 13-і жұмыссыз ретінде есепке алынған.

Бауыржан Ахметжан Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы, Бөрлі аудандарында тұратын борышкерлердің тұрақты кірісі болмаса да, меншігінде ірі қара бар екені анықталып, жоба ауқымында мал басын есептеу арқылы алимент өндіру ісі тұңғыш тәжірибеде қолданылып жатқанын мәлімдеді.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале