27.06.2024, 10:15
Оқылды: 104

Алименттен жалтаруға жол жоқ

Балалар құқын жан-жақты қорғау – қала прокуратура жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Ал енді ерлі-зайыптылар жолы екіге айырылған жағдайда алимент төлеу де қоғамдағы маңызды аспект. Қай кезде де, балаларды күту және тәрбиелеу – ата-ана құқығы және міндеті.

ЖП АҚША

Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар істердің әлеуметтік маңызы бар санатына жатады. Тек биылғы жылдың басында Орал қаласы бойынша сот орындаушыларының өндірісінде берешегі 1,6 млрд теңгені құрайтын 7 мың атқарушылық іс болған.

Облыс прокуратурасының «Алимент бойынша 10 қадам» атты жобасы аясында біраз нәтижелі жұмыстар тындырылды. Яғни алимент бойынша атқарушылық өндірістерге ревизия жасалып, оларды зерделеу барысында борышкердің қайтыс болғаны, мекенжайы басқа өңірде тіркелгені және кәмелетке жасы толуы себепті берешек тоқтатылғаны анықталып, сол арқылы оның көлемі 500 млн теңгеге азайды.

Бұдан бөлек полиция басқармасы, әділет департаменті және қоғам белсенділері бірлескен рейд ұйымдастырып, 62 борышкер сот актілерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір борышкерлердің жасырын табыс көздерін анықтау мақсатында букмекерлік кеңселерге олардың тізімі жолданып, мәліметтер сұратылды. Нәтижесінде әлгі адам «Fonbet», «Olimpbet» атты букмекерлік кеңселерде ойыншы ретінде тіркеліп, миллиондаған сомаларды өз шоттарына шығарғаны анықталды. Қазір аталған дерек бойынша қала прокуратурасы үш борышкерге қатысты материал жинастырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін оны полиция басқармасына жолдады.

Иә, алименттен жалтару жауаптылығы тек әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамамен шектелмейді. ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес балаларын бағып-күтуге арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау алты жүз сағатқа дейінгі мер-зімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге ұрындырады. Әрі сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Осы бағытта қала прокуратурасымен аталған санаттағы қылмысты сапалы жүргізу мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру құрылымымен тиісті алгоритм жасақталып, ол облыс деңгейінде бекітілді.

Мәселен, биылғы 17 маусымда БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен үш жылғы берешегі һәм алименті 800 мың теңгеге жеткен А. есімді азаматтың бостандығы 1 жыл 6 ай мерзімге шектелді. Өндірісте қаралып жатқан осыған ұқсас істер көп, жұмыс жалғаса  бермек.

Әділбек Байғалиев

Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале