14.03.2023, 12:31
Оқылды: 22

Әлихан Смайылов: «Шаблонмен» жұмыс істеуге болмайды

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі басымдықтарды белгіледі, деп жазады primeminister.kz. 

1-11_3

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, атап айтқанда, кәсіпкерлік және біліктілік беру арқылы олардың әлеуетін іске асыру екенін баяндады. Оның аясында 2029 жылға дейін миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ ауылдардағы жастарды цифрлық сауаттылықты арттыру курстарымен және әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар қалалардағы жұмыссыз жастармен (NEET санаты) жұмыс жалғасады. Олардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты негізде мониторинг жүргізілетін болады. Жастардың осы санаты үшін жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту, кәсіптік бағдар беру жұмысы, бизнес-бастамаларды қаржылық тұрғыда қолдау және басқа да шаралар арқылы нәтижелі жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Бұдан басқа биліктің өкілді органдары мен мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесін ұлғайту, сондай-ақ оларды волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту процесі жалғасатын болады. Сонымен қатар патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында креативті кластерлерді дамыту, отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, жастарға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және т.б. салаларда шараларды іске асыру жоспарлануда.

Өз сөзінде Премьер-Министр жас қазақстандықтарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты Тұжырымдаманы қабылдау осы бағыттың дамуына жаңа серпін беруі тиіс.

«Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 млн-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл өте маңызды аспект, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мемлекеттің бөліп отырған ресурстары қомақты, сол себепті жастардың мұндай бағдарламаларға қатысуын кеңейту NEET санатындағы жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындар санын азайтуға ықпал етеді.

Ә. Смайыловтың сөзінше, елдегі мұндай жастардың үлесі 6%-дан асады. Ұлытау (12,6%), Шығыс Қазақстан (10,8%) және Қарағанды (9,2%) облыстарында NEET көрсеткіштері ең жоғары.

«Тұжырымдамада республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ бұл үшін “шаблонмен” жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет. Сонымен қатар жастарды қолдау шараларын жақсарту үшін үзбей жұмыс істеу керек», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейту және «жастардың әрқайсысына, әсіресе ауылдардағы және NEET санатындағы жастарға» көңіл бөлу қажет екенін айтты.

«Әркім табысқа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіптік деңгейін көтеру мүмкіндігін сезіне білуі керек», — деді Үкімет басшысы.

Одан бөлек Премьер-Министр жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету және орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажеттігін айтты. Үкімет басшысының айтуынша, орталықтар жастармен жұмыс істеудің аса маңызды буындарының біріне айналуы тиіс – жергілікті жерлердегі жастардың барлық проблемаларын біліп, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет.

Сөз соңында Ә. Смайылов волонтерлер қозғалысын одан әрі қолдаудың, оның ішінде волонтерлерді тарту аясын кеңейту, жаңа жобалар мен акцияларды іске қосудың маңызын атап өтті.

«Жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеуге, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аудару қажет», — деді Үкімет басшысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале