ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат отырысынан кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында отбасы мен тұрмыстағы қатынастар саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту шаралары туралы айтты, деп жазады zhaikpress.kz primeminister.kz-ке cілтеме жасап.
Еске сала кетсек, 2009 жылы елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданған.
Қазақстан ТМД-да осындай заң қабылданған алғашқы ел болды.
Кейінгі жылдары заңнамаға жауапкершілікті күшейту жағына қарай бірнеше рет өзгеріс енгізілген.
«Биыл соңғы өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін ұзартылды. Сонымен қатар қайтадан татуласу мүмкіндігі алынып тасталды және тұрмыстық жанжал барысында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтірілсе, ол адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол бұрын қабылданған нормалар өз нәтижесін беріп жатқанын айтты.
Соңғы төрт айда жауапқа тартылған отбасының шырқын бұзушылардың саны өскен. Егер осы жылдың ІІ тоқсанында жеті мың адам жауапкершілікке тартылса, ІІІ тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен.
«Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді жәбірленуші тараптың міндетті мәлімдемесі талап етілмейді. Куәгерлердің айғақтары немесе бейнекамералардан алынған жазбалар жеткілікті. Көбінесе жәбірленуші тарап арыз жазбайды, не оны қайтарып алады. Енді бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Біз құқық қорғау органдарының статистикасынан оң динамика көріп отырмыз», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Қазан айының ортасында Үкіметке әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы ұсынылды. тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулердің саны 90-нан асып түседі. Олардың басым бөлігі қолдау тауып, жақын арада заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілмек.
«Өз басым әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын. Мен де қыз тәрбиелеп отырмын, олардың елімізде өздерін қауіпсіз сезінгенін қалаймын», — деді Премьер-Министр.